Атырауда дәмханалардың жұмыс уақыты ұзартылуы мүмкін…

200319214957045e Жаңалықтар

Атырау облысында 700-ге жуық қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Олардың 400-ден астамы облыс орталығында, 300-ге жуығы ауылдарда орналасқан.

Бұған дейін мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақыты кешкі 20:00-ге дейін қысқарған еді. «Қазақпараттың» хабарлауынша, Атырау облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеу уақытына қатысты мәселе қаралды. Жиынға мейрамханалар мен дәмханалардың иелері, сондай-ақ Атырау қаласы мен облысының бас санитарлық дәрігерлері қатысты. Кәсіпкерлер жұмыс уақытын сағат 20.00-ден 00.00-ге дейін ұзарту туралы мәселені көтерді.

«Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысына сағат 20:00-ге дейін ғана рұқсат етілген. Алайда, клиенттер кешкі сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін. Бұл – қызметкерлер штатын ұстау, коммуналдық төлемдерді мен несиелерді төлеу, басқа да операциялық шығыстарды жабу үшін ақша таба алатын уақыт» дейді кәсіпкер Нұрлан Мұқышев.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жұмыс уақытын шектеу шығынға ұшыратып отыр. Өйткені табыстың 90%-ға жуығы жұма күні кешке және демалыс күндері түседі.

«Демалыс күндері мейрамханалар мен дәмханалар бір сағатта айлық тауар айналымының 20%-ын табады. Сол себептен, жеке тұрған мейрамханалар мен дәмханаларға бір адамға 5 шаршы метр жағдайда сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраймыз» дейді ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Мәдениет Танауов бұл мәселені екі тәулік ішінде қарауға уәде берді.

«Егер бір аптада аймақтағы эпидемиологиялық жағдай нашарламаса, аймақ «сары» аймақта қалуды жалғастырса, біз мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақытын сағат 00:00-ге дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз» дейді Мәдениет Танауов.

Еске салсақ, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың карантин шараларын жеңілдету туралы жаңа қаулысы жарияланған болатын. Қаулы ережелеріне сәйкес, «жасыл» аймақтағы өңірлерде мешіттерге жұрттың жиналуына, сонымен қатар мектеп асханаларының жұмысына рұқсат берілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз