Жарнама
Жаңалықтар

АЭС: Қазақстанда 5 мыңнан аса маман даярланды

Бүгінде әлемдік экономика тұрғысынан алғанда, энергияға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мәселе кез келген мемлекетті, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Электр энергиясының тапшылығы мәселесін шешу үшін экологиялық аспектілерді және электр энергиясының құнын ескеру маңызды. Сонымен қатар болашақ кадрларды даярлау мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Осы орайда бүгінде қандай жұмыстар қолға алынды? Біз бұл сауалға жауап іздеген едік.

Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда үлкен тәжірибеге ие. Бұл бағыттағы маңызды институттардың бірі — Алматы қаласындағы Ядролық физика институты. 57 жыл бойы институт негізінде Қазақстанның су-сулы реакторы табысты жұмыс істеп келеді.

Аталған институттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл стационарлық зерттеу реакторы елдегі жалғыз әрі көп мақсатты. Ол іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыруға, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіруге бағытталған. Сонымен қатар, бұл реактор АЭС салуда қарастырылып жатқан үлгілердің бірі ретінде негізге алынады.

Қазақстанның ядролық саласы үшін кадрлар даярлау мәселесіне де үлкен мән беріледі. Қазақстанда атом энергетикасы үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау негізінен Ядролық физика институты базасында жүзеге асырылады. Институт құрамында 23 ғылыми-зерттеу зертханасы, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген 3 ғылыми-техникалық орталық, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік пен АҚШ Энергетика министрлігінің қолдауымен радиациялық қауіпсіздік, бүлдірмейтін бақылау әдістері және ядролық қауіпсіздік бойынша үш оқу орталығы ашылған. Бұл орталықтар Қазақстанның атом саласы үшін болашақ мамандарды даярлауда маңызды роль атқарады. Бұл оқу орталықтары радиациялық қауіпсіздік, ядролық физикалық қауіпсіздік және бұзбайтын бақылау әдістері бойынша мамандарды оқытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде осы салада 5000-нан астам маман даярланып шықты.

Қазақстанның энергетика саласы алдағы жылдары атом электр станцияларын салу арқылы дамуды көздеп отыр. Бұл ел үшін тек энергетикалық қауіпсіздік емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің де маңызды қадамы. Алайда, мұндай ауқымды жобаны іске асыру үшін білікті кадрлардың болуы шешуші рөл атқарады.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС деректері бойынша, атом электр станцияларының екі блогына 2000 адам қажет. Оның ішінде 300 адам жоғары кәсіптік білімі бар мамандар болса, 1500 орта буын техникалық қызметкерлер, ал 200 адам көмекші персонал болады деп жоспарлануда. Осыған орай, еліміздегі атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлау мәселесі басты назарға алынды.

–Институттың болашақ жоспарлары да ауқымды. Атап айтқанда, ядролық криминалистика бойынша жаңа оқу орталығының ашылуы және шағын модульдік реакторлар бойынша симулятордың іске қосылуы жоспарланған. Отандық атом саласы үшін кадрларды даярлау мәселесі ғылыми және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты талап етеді. Биыл атом электр станциясы үшін мамандарды бірлесіп даярлау туралы маңызды құжат қолға алынды. Құжатқа Қазақстанның жетекші университеттерінің ректорлары мен Ядролық физика институтының басшылығы қол қойды. Бұл оқу орындары мен институттар арасындағы серіктестік ядролық физика, ядролық энергетикаға арналған материалдар, ядролық физика және атом энергетикасы салалары бойынша білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді, — деді Ядролық физика институты ССР-Қ зерттеу реакторы кешені бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев.

Оның айтуынша, институттың жетекші ғалымдары оқу процесіне белсенді қатысып, студенттерге 1-2 пәннен сабақ береді. Ғалымдардың негізгі міндеті – ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу, алайда олар өз білімдері мен тәжірибелерін болашақ мамандарға үйретуден тыс қалмайды.

Түйіндеп айтқанда, Қазақстанда АЭС салу мәселесі — тек энергетикалық қана емес, сондай-ақ экологиялық және экономикалық тұрғыдан маңызды мәселе. Ал аталған салада кадр даярлау жүйелі және кешенді түрде жүзеге асырылуда. Жоғары білім беру орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының тығыз ынтымақтастығы арқылы болашақта білікті және кәсіби кадрлар даярланады, бұл еліміздің атом энергетикасы саласын дамытуға зор үлес қосары сөзсіз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button