БЕРЕКЕЛІ ІСТІҢ БАСТАУЫ

Қазақстан  мен  Біріккен  Араб  Әмірліктері

 арасындағы  экономикалық-ынтымақтастық  форумы

Ағымдағы жылдың қараша айының басында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық-ынтымақтастық форумы өткізілген болатын. Халықаралық деңгейдегі шараға қазақстандық бизнес-делегация қатынасып, бірқатар маңызды келіссөздердің алғышарттарын талқылап қайтты. Нәтижесінде, келелі мәселелердің түйіні тарқатылып, тиімді істің берекелі бастауы болды. Атыраулық топты облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастап барды.

 

Жеті әмірліктің басын біріктірген елге жасалған іссапардың алғашқы күні делегация Аджман әмірлігіндегі арнайы экономикалық аймаққа атбасын тіреді. Әмірліктің арнайы экономикалық аймағында күні бүгінде 13 мың компания болса, оның 90 пайызы шетелдік инвестиция арқылы салыныпты. Инвесторлардың оған осыншама қаражат құйып кәсібін бастауы тектен-тек емес. Өйткені, экономикалық аймақта зауыт тұрғызған компания салықтан толықтай босатылады, шетелдік кәсіпкерлерге жүз пайыз жеке меншік иелік етуге, тіркеудің жеңілдетілген тәртібін қолдануға мүмкіндік береді. Рас, әрбір әмірлікте орналасқан еркін экономикалық аймақтардың тіркеу тәртіптерінде айырмашылықтар болғанымен, ұсынатын қызметі ұқсас болып келетін көрінеді. Бұдан басқа, кедендік баж салығынан босатылады, капиталдың шектеусіз айналымы мен табысты бөлу еркіндігі қамтамасыз етіледі. Соның арқасында бизнес-құрылым әмірліктің порты арқылы да емін-еркін кәсібін жүргізе алады.

Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктері аумағында орналасқан еркін экономикалық аймақтардың жалпы саны отыздан асады. Халықаралық мамандар әмірліктердің жақсы дамыған инфрақұрылымы, көлік желілері мен түрлі коммуникациялық технологиялары, сонымен қатар, бизнес жүргізудің жеңілдігі секілді факторлар шетелдік капиталдың көптеп келуіне оң ықпал жасап отырғанын атап өтуде. Сөйтіп, әмірліктер аумағындағы еркін экономикалық аймақтар ел экономикасын әртараптандыруға үлес қосуда, тұрақты дамуын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып отырған жайы бар.

Келесі күні ұйымдастырылған бизнес-форумға әмірліктердің кәсіпкерлік құрылымдары, тауар-өнеркәсіп палатасы өкілдері қатысты. Алғы сөзінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Республикасының елшісі Қ.Лама Шариф пен ҚР Индустрия және Даму министрлігінің Инвестициялар бойынша комитет төрағасы Е.Хаиров еліміздің экономикалық ахуалы мен бизнес мүмкіндіктері туралы толығырақ баяндап берді. Инвестициялық жобалар қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл ретте Атырау өңірінде инновациялық жобаларды қолдау және инвесторлар тарту бағытында құрылған «Атырау Innovations» ЖШС-ін айта кеткеніміз жөн.

Сонан соң, шара аясында Шарджа әмірлігі шейхының мұрагері Султан бен Мухаммед бен Султан аль-Касимимен кездесу болды. Онда Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мұнайлы өлкенің инвестициялық мүм-кіндіктеріне тоқталды. Осы орайда, әмірлік инвесторларының Атырау облысына қызығушылық танытқанын айта кету керек. Әсіресе, фармацевтика, алюминий салаларына бағытталған зауыттар аймақ туралы білуге ынта білдірді.

Бұл кездесуде Атырау мен Шарджа ынтымақтастық келісімінің алғышарттары талқыланды. Келесі жылы Атырауға Шарджа әмірлігінің шейхы шақырылды. Облыстық әкімдік сол шараға инвесторлардың да бірге келуін құптап отыр. Сондай-ақ, мұнайлы өңірдің ауылшаруашылығы жайы, әуе қатынасы, логистикалық мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысында Атырау облысы мен Шарджа әмірлігі арасында ынтымақтастық келісім-шарты дайындалуда. Соның шеңберінде кәсіпкерлер мен Тауар-өнеркәсіп Палатасы арасында байланыс орнатылатын болды. Оның алдында келісім-шарт жасалғанға дейін ортақ жобалар жүзеге асыруға мүдделі топтар алғашқы қадамдар бастамақ.

Облыс әкімі

аппаратының

баспасөз қызметі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз