
Әлеуметтік әділет пе, әлде әділетсіз қысым ба?
Қазақстанда әлеуметтік саясат қайта қаралып жатыр. Ел Үкіметі бұрынғыдан өзгеше сөйлеп, нақты қадамдарға көшуде. Премьер-Министр Олжас Бектенов жақында «Күмәнді және тиімсіз жәрдемақылар тоқтатылады. Әлеуметтік әділеттілік орнап, масылдық азаюы керек», — деді. Сөз жүзінде – дұрыс шешім!..
Шынында да, кім көрінген мемлекеттен көмек алып, еңбек етпей өмір сүріп жүрсе, ол – әділетсіздік. Бірақ шынайы өмір басқаша сөйлейтіні тағы бар. Дәл қазір миллионнан аса қазақстандық күнін ең төменгі жалақымен көріп отыр екен.
Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаевтың өз парақшасындағы дабылы қоғамды дүр сілкіндірді. Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек: 85 000 теңге алатындар – 790 000 адам, одан да аз жалақы алатындар – 329 000 адам. Жалпы саны – 1 109 000 адам.
Ал «AMANAT» партиясы бұл көрсеткіштің 1,8 миллионға дейін жететінін айтады. Бұл сандар – тек статистика емес, тірі адамдардың тағдыры. Бұл – үш баласы бар жалғызбасты ана!.. Бұл – ауылдағы мұғалім!.. Бұл – жарты ставкамен жұмыс істейтін жастар!..
Салықтан жалтару ма, әлде жұмыс жоқ па?
Министрлік өкілдері мәселенің бір ұшы көлеңкелі еңбек нарығында екенін айтып отыр. Яғни, қызметкер толық жұмыс істейді, бірақ құжатта небәрі екі сағат деп көрсетілген. Нәтижесінде зейнетақы да, әлеуметтік төлем де азаяды. Бұл қарапайым жұмысшыны заңсыз әдіспен «арзан күшке» айналдыру. Қоғамда еңбекке ынталандыру керек десек, ең алдымен, еңбекке лайықты жалақы беру керек емес пе?!
Ал, Президент не деді?..
Күні кеше жариялаған, әлі сиясы кеуіп те үлгермеген Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлеуметтік әділет – тұрақты қоғамның тірегі. Шын мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа ынталандыру қажет», — деп атап өтті. Осыған орай, Үкіметтің бағыты да сонымен үндесіп тұр. Бірақ бұл бағыт қоғамда шын мұқтажды «масыл» деп шатастырмауға тиіс.
Күмәнді жәрдемақы деген не? Нақты кімге тоқтайды? Премьер-Министрдің «күмәнді жәрдемақылар тоқтатылады» деген сөзіне көпшілік әлі күнге дейін нақты түсінік таппай отыр. Бұл көп балалы аналарға берілетін көмек пе? Мүгедек жандарға тағайындалған жәрдемақы ма? Әлде, атаулы әлеуметтік көмек пе?
Егер бақылау мен реформаның салмағы шын мұқтаж жандарға түссе, онда бұл әділеттік емес, әлеуметтік қысым болады.
Цифрлық жүйе не береді?
1 қарашаға дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан әлеуметтік сала бойынша бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Бұл жүйе әр азаматтың әлеуметтік жағдайын нақты анықтайды екен. Оған қоса, бір отбасының бірнеше мүшесіне қайталама көмек берілуін болдырмайды. Қаражатты тек қажет еткендерге бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл – заман талабы. Бірақ бұл жүйенің әділетті жұмыс істеуі де адам қолында екенін ұмытуға әсте болмас…
Масылдық жүйенің жемісі ме, адамның таңдауы ма? Қалай ойлайсыз? Байқасақ, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді құп көретіндер көбейді. Масылдық дейміз бе, әлде жалқаулық па? Жалпы, масылдық көктен түскен нәрсе емес.
– Ол – адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан, масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуге тырысуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана бұл қылығынан арылады, — дейді біз пікірін сұраған психолог Мәрзия Ермұханова.
Мемлекеттік қызметтің қызмет ардагері, облыстық мәслихат депутаты Қадыржан Арыстан Мемлекет басшысының «масылдық азаюы керек» деген пікірімен келісетінін айтады.
– Бірақ мәселенің тек салдарымен емес, себептерімен күресуіміз керек. Қазіргі таңда көптеген отбасылар жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек алу үшін бірі саналы түрде, ал біреулері амалсыздан бір-бірінен «қағаз жүзінде» ажырасып жатыр. «Себебі елімізде 9 млн-дай адамның (яғни тұрғындардың 67 пайызының) екінші деңгейдегі банктерде, микроқаржылық ұйымдарда несиелері бар. Бұл қоғамда моральдық проблемалармен қатар, әлеуметтік жүйенің де кемшілігі бар екенін көрсетеді. Өйткені, адамдар өтірік айтуға мәжбүр болса, демек шынайы қажеттілік пен әділеттілік арасында алшақтық бар. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жылдай уақыт өтсе де, цифрландырудың біршама жоғары деңгейіне жетсек те, құзырлы мемлекеттік органдар әлі күнге дейін шын мұқтаждық пен масылдықтың жігін ажыратындай жүйе құра алмай келеді.
Мәселе жәрдемақы мөлшерін аз бекітіп, жаппай «мен мұқтажбын» деген адамдарға төлеу салуда емес, оның деңгейін көтере отырып шынайы мұқтаж адамдарды анықтап, оларды қалыпты өмір сүру деңгейіне жеткізетін жүйе құруда деп білемін.. Сондықтан, әлеуметтік салада келесі нақты шараларды қолға алу керек деп санаймын:
Ең төменгі жалақыны күнкөріс деңгейінен жоғары белгілеу қажет. Қазір елдегі ең төменгі жалақы — 85 мың теңге шамасында. Бұл қаражат коммуналдық төлем мен азық-түлікке де жетпейді. Бұл мөлшерді 2 еседен аса көтерсе де, артықтық етпейді. Себебі, соңғы жылдары Үкімет баға саясатын реттеуден мүлдем айырылып қалды, қазір, азық-түлік нарығын айтпағанның өзінде, халыққа қызмет көрсететін қай саланы, қай мекемені алмайық, олар өз тарифтерін тоқтаусыз көтеруде, адамдардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының лайықты өмір сүру жағдайы жылдан-жылға төмендеп барады. Сондықтан әлеуметтік көмекті шынайы мұқтаж жандарға бағыттау керек. Ол үшін формалды құжаттарға ғана емес, нақты тұрмыстық жағдайға қарайтын тәуелсіз, әділ бағалау жүйесі қажет. «Кім көрінген алып жатыр» деген риторика жүйенің өз қателігін жапқысы келгеніндегі сылтау. Жұмыс орындарын көбейтуге басымдық берген жөн, әсіресе ауылдық жерлерде. Ауылда адамның таңдайтын екі-ақ жолы қалды — не қалаға көшу, не жәрдемақыға қарап қалу. Мемлекет нақты салаларға (ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, экотуризм) инвестиция салып, ауыл жастарына нақты мүмкіндік ұсынуы керек. Және, көлеңкелі еңбек нарығын жою, заңсыз еңбекке қарсы күресті күшейту қажет. Қазір көп адам «қолма-қол» жалақы алады, бірақ ресми тіркелмеген. Осы себепті әлеуметтік қорғаудан тыс қалып жатыр. Жұмыс берушілер жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Жалпы, мемлекет қоғамдағы әрбір адамды «масыл» деп емес, «мүмкіндігі шектеулі азамат» деп қарауы керек. Өтірік ажырасу белең алып жатса – ол қулық емес, шарасыздық. Демек, азаматтар мен мемлекет арасындағы сенім қайта құрылуы тиіс. Ал бұл сенім – әділеттілік пен нақты нәтижеге негізделген саясаттан басталады, — деді Қадыржан Бақтығалиұлы.
Айтуынша, кеңес дәуірінде әскерден келген азамат міндетті түрде қысқа уақыт ішінде жұмысқа орналасуы тиіс болған. Жұмыссыз жүрген адам «арамтамақ» саналып, ескерту не айыппұл арқалаған екен. «Бұл әр азамат еңбек етуі керек деген идеологияға негізделген саясат еді. Мемлекет тарапынан жұмыс тауып беру, жатақхана ұсыну сияқты көмектер де қарастырылған. Жалпы, бұл тәртіп жастарды еңбекке баулуға және масылдыққа жол бермеуге бағытталған болатын», — деп ойын түйіндеді.
Бүгінде халық мемлекеттен әділ шешім күтеді. Билік бастамалары көп. Жолдаулар, платформалар, реформалар. Бірақ, ең бастысы – шын мұқтажды есту, көру, қолдау.
«Бәріне бірдей миллион…»
Осы мақаланы жазу барысында кәсіпкер танысымның айтқаны есіме түсті. Ол соңғы жылдары жұмысқа адам табу қиын болып кеткенін айтқан еді.
– Президент айтқандай, масылдыққа жол жоқ. Бұған толық келісемін. Күмәнді және тиімсіз жәрдемақыларды тоқтату керек. Оған шыққан қаржыны жұмыс орындарын ашуға, жастарды оқытуға, кәсіби білім беруге жұмсау керек. Көп адамдар «жұмыс жоқ» дейді, бірақ ұсынсаң келмейді. Неге? Себебі, олардың ай сайын бір жерден түсіп тұратын жәрдемақысы бар. Ол көп емес шығар, бірақ оларға жетеді. Мен бұл жерде шын мұқтаждарды айтып тұрған жоқпын. Әрине, көп балалы ана, мүгедек, жалғызбасты қарияларға көмек керек. Оған дауым жоқ. Бірақ еңбекке қабілетті, дені сау, жасы 20 мен 40-тың арасындағы азаматтар неге жұмыс істемейді? Неге мемлекеттен көмек күтіп отырады?! — деп ашынған болатын.
Шындығында, мемлекет әр адамға дайын ақша емес, мүмкіндік беруі тиіс. Мысалы, кәсіп бастауға ниет еткендерге жеңілдетілген несие, ауыл шаруашылығымен айналысамын дегенге техника мен жер, оқимын дегенге нақты гранттар болса қандай ғанибет. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген отандастарымыз «маған тегін бер», «ештеңе істемей-ақ көмектес» деген психологиямен өмір сүріп жүр. Бұл қай қисынға салсаңыз да дұрыс емес.
«Менің дүкеніме келетін кейбір жас жігіттер бар. «Айына 150 мың теңге төлеймін» десем де, келмейді. «Аға, мен әлеуметтік қордан көмек алып жатырмын, әзірге жұмыс істемей-ақ қояйын» дейді. Сонда бұл не? Мен мемлекетке салық төлеймін, сол салық біреудің «тегін табысы» болып кетіп жатыр. Бұл әділ ме?» деп, орынды наразылығын білдірді танысым. Мен не дейін…
Дегенмен… сөзінің жаны бар. Әр адамның табысын, шығысын, жағдайын ашық көріп, «көлеңкелі» жәрдемақы алушыларды анықтау қажет-ақ. Жәрдемақыны шын мұқтажға берейікші. Қоғам еңбекпен көгеретінін түсінетін кез келді ғой!..
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ



