Жаңа құндылықтар – билік өзегі
Президент құзыреттілігін бір мерзімге жеті жылға сайлау немесе шектеу саяси бәсекелестікті күшейтеді. Өйткені бір мерзімге ғана сайланатын тұлға биліктің монополиялануына немесе бір қолға шоғырлануына кедергі болады. Барлық саяси күште осы жеті жылдық мерзімде өздерінің мемлекет дамуына қосар үлесін айқындап алуларына мүмкіндік бар.
Мәселен, барлық партия жаңа сайланушыдан соң жеті жыл мерзімде кандидаттарын ұсына алатынын біліп отырады және елдің саяси дамуын қадағалап, олқы тұстарын анықтап, келесі сайлауға кандидат ұсынарда маңызды мәселелерді басымдық етіп қоюлары әбден мүмкін. Осылайша, елде саяси бәсекелестік қалыптаспақ. Бұл шешім бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Әлемде орнаған геосаяси тұрақсыздық кезінде 7 жыл – жаңа сайланған кез келген кандидаттың халыққа берген уәдесін орындауға жеткілікті мерзім. Әлем елдерінің осы тұрғыдағы тәжірибесін алар болсақ, мысалы Оңтүстік Кореяда 1987 жылы, Израильде 1998 жылы бір реттік президенттік институт енгізілді. Арменияда да дәл осындай институт жұмыс істейді. Әрине, әр мемлекеттің өз даму жолы бар. Соған сәйкес әр мемлекет өзіне тиімді модельді таңдайды. Біздің елдің өркендеуіне осы жеті жылдық сайлау мерзімі сай келеді. Оның тиімділігін тәжірибе жүзінде көреміз, өйткені кез келген бастама тәжірибе жүзінде ғана нәтижесін көрсете алады. Ең бастысы елімізде Президент сайланғанда ол 7 жылға ғана «билік жүргізе алатынын» алдын ала біліп отырады. Бұл норма заңмен белгіленді, Конституциямыздың 91-бабының 2-тармағында шегеленіп көрсетілді. Заңға сәйкес қайтадан сайлану мүмкіндігі қарастырылмайды.
Қазір әлемде қақтығыстар жиі болып жатыр. Тіпті бір одаққа кіретін мемлекеттер арасында араздық оты тұтанып, халықтың қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр. Ядролық қаруды қолдану туралы сөз болып, оның зиянын біле тұра іс жүзінде пайдаланғысы келіп отырған елдер бар екені белгілі. Әлемді түрлі санкция, экономикалық құлдырау, инфляция жайлаған заманда сын-қатерлерден мықты мемлекет ретінде өту үшін саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлік қажет. Осы тұрғыда кезектен тыс президент сайлауы қажет әрі орынды деп есептеймін. Біздегі реформалардың негізгі формасы «мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үштігі дедік. Бұл бастаманың негізгі мақсатына сай болуы үшін де жаңа президенттік институт қалыптастыру қажет.
Алдағы уақытқа жоспарланған Мәжіліс сайлауы да пропорционалды жүйеден аралас жүйеге көшудің басты белгілерінің бірі болып саналады. Мәселен, аудандық деңгейді алатын болсақ, мажоритарлық жүйе арқылы партия мүшесі де, партия құрамына енбеген адам да өз кандидатурасын депутаттыққа ұсына алады. Облыстық деңгейде де, республикалық деңгейде де мәслихат, мәжіліске партиялардан 50, 70 пайыздан сайланатын болса, қалғаны қарапайым тұрғындардың үлесінде.
Халық билікке қазір үлкен сенім артып отыр. Әділетті Қазақстан болады, жаңа саяси құндылықтар, жаңа саяси қатынастар орын алады деп үміт білдіріп отырғандықтан, бұл тек заң нормасы ретінде ғана емес, нақты іс жүзінде көрінуі қажет. Сондықтан да дәл қазір кезектен тыс сайлау өткізудің маңызы зор. Қазір әлемнің өмір сүру, даму динамикасы өте қарқынды. Сондықтан біз ескі құрамнан арылып, жаңа жүйе құруымыз қажет. Саяси аренаға белсенді, Үкіметке сөзі өтетін, саналы, сауатты жаңа тұлғалардың келетініне сенім мол. Президент сайлауы осындай тұлғалардың жарқырап шығуына мүмкіндік береді. Осындай жүйеде қалыптасқан Парламент ықпалды болуға тиіс. Есеп беруге келген Үкіметтен олар міндетті түрде ашықтықты талап етері сөзсіз. Бұл жерде жаңа заң шығарушы орган, жаңа атқарушы билік қалыптаспақ. Осының барлығы Әділетті Қазақстанда орнығар жаңа құндылықтармен тікелей байланысты.
Думан ЖАМПЕЙІСОВ,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Электоралдық оқытуорталығы басшысының орынбасары, PhD