ҰСЫНЫСТАРЫМЫЗ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫНЫНА ҚУАНДЫҚ

img 20220316 wa0134 Жаңалықтар

Ел мен халық алдында тарихи жауапкершілік алған Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, елімізді саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда реформалауды тереңдетуге бағытталған ауқымды реформалар жоспарын ұсынды. 

  Саяси реформалар ел ішінде тек саяси бағыттағы жұмыстарға емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға өз серпінін береді. Президенттің Жолдаудағы бастамалары ол бір күнде әзірленген жұмыс емес, барлық талдау сараптаулардан өтіп, қоғам талабына сай жасалып отыр және алдағы уақытта өз нәтижесін беруі тиіс деген үміттеміз.

Біз ең алдымен, құрылғанына биыл 20 жыл толып жатқан «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасындағы ұсыныстарымыздың басым бөлігі орындалып жатқанына қуандық. Мысалы, Парламенттің өкілеттігін кеңейту, Президенттің партияда болмауы, әкімдердің партия филиалдарын басқармауы және Семейді қайта облыс етіп ашу немесе жеке статус беру туралы партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев парламентте талай көтерген болатын.

Биылғы Президент Жолдауында жаңалық көп. Соның бірі – енді Мемлекет басшысы ешқандай партия мүшесі болмайды.

Парламентке енді ешқандай партияда жоқ  халық өкілдері де келе алады. Әр аймақтан Мәжіліске бір-бір өкілдің сайлануы да – бұрын-соңды болмаған өзгеріс. Парламент сайлауы 70 пайыз пропорционалдық, 30 пайыз мажоритарлық жүйемен өтпек. Парламенттің өкілеттігі де күшейеді деген сөз. Партия құру үшін бұрынғы межеден 4 есе аз 5 мың мүше жеткілікті болады. Бұл Парламенттегі партиялар санын көбейтпек.

Конституциялық сот та қайта құрылады.

Жолдауда ерекше тоқталып кететін негізгі ерекшелік – жергілікті өзін-өзі басқару институтының күшейтілуі, депутаттардың жұмысына тиісті бағыт-бағдар беру. Депутаттар сайлауалды бағдарламаларды орындамаған жағдайда депутаттық мандаттан шығару туралы Жолдауда көтерілген бастама өте орынды. Себебі депутат болу абырой емес, ел қамы үшін атқарылатын жұмыс. Жалынды сөздерден гөрі нақты іспен көрсететін заманда біз халық үніне құлақ асып, мәселелерін тиісті органға жеткізіп, оның шешілу кезеңіне дейін жұмыс істеуіміз өте маңызды және осы арқылы жұмысымыздың нәтижесін көреміз.

Жолдаудағы бастамалар Жаңа Қазақстанды құру жолындағы батыл шешім деп айтуға толық негіз бар және бұл игі жұмыстарды бірге атқаруға шақырамын.

Ендеше, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек!

Ермекқали ЮСУПОВ,

«Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз