
Атакәсіпті жандандыруға жол ашты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл кәсіпкерлігін жаңа деңгейге көтеруге ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы бұл салаға реформа жүргізіліп жатқанын, шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінгенін атап өтті. Сонымен бірге қаржылай қолдау көрсету, жерді тиімді пайдалану, аграрлық ғылымды дамыту, экспортты арттыру және цифрлық технологияларды енгізу – негізгі басымдықтар ретінде айқындалды.

Жылқы шаруашылығы — қазақтың ата кәсібі. “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы осы істі қолға алдық. Аудандық кәсіпкерлер палатасы арқылы бағдарлама жайлы толық мәлімет алып, құжаттарымызды әзірледік. 2,5 пайызбен несие алып, 18 бас жылқы сатып алдық. Оның ішінде бір айғыр, қалғаны бие мен байталдар. Қымыз өндіруді де, төлін көбейтуді де ойлап отырмыз. Бағдарламада нақты критерийлер бар, бірақ ниеттенген адамға бәрін үйлестіруге мүмкіндік бар. Өзім бухгалтер болғандықтан құжат рәсімдеу жағы қиын болмады.
Президент Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән берілгені қуантады. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға реформа жүргізіп, шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлді, қажетті несиелер уақытылы беріліп отыр. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне үлкен демеу. Жолдауда көрсетілгендей, ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету, жерді тиімді пайдалану, аграрлық ғылымды дамыту, экспортты арттыру және цифрлық технологияларды енгізу – біз сияқты жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін нақты бағдар.

Жалпы алғанда, Жолдау ауыл кәсіпкерлігін жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр. Мемлекет қолдауы арқылы біз де ата кәсібімізді жандандырып, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосуды мақсат еттік.
Батырлан ІЗМАҒАНБЕТОВ,
кәсіпкер
Қызылқоға ауданы



