20190330135729

Атырау облысының әкімі қызметшілерін мүмкіндігінше ашық жұмыс істеуге шақырды

Жаңалықтар Саясат Қоғам

Atr.kz/31 наурыз, 2019 жыл. Ноғаевтың  төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Атырау облыстық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтты.

«Өткен жылы облыста 132 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелді. Олар негізінен тұрғын үй-коммуналдық, жер қатынастары салаларында жасалған. Бұл факторларға ықпал ететін бірнеше  себептер бар, солардың басталары  мемлекеттік қызметшілердің білім-біліктіліктері мен дайындық деңгейімен байланысты», – деп атап өтті Т.Жұмағұлов.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қарамағындағыларды өз міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

20190330135744

«Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары. Әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Қазақстан Президенті жақында облыс әкімдерімен кездесуінде осыған жете мән берді. Президент әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіндіруді,  халықпен кері байланыс орнатуды  бақылауда ұстауды тапсырды», – деді Нұрлан Ноғаев.

Қазақстан Президенті әкімдерге  тұрғындармен байланыстың жаңа кезеңіне өтуде жедел әрекет етуді тапсырды. Аймақ басшыларының азаматтармен жеке байланыс орнатуы  маңызды.  

«Биліктің бұл әрекеттерінің бәрі сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталады. Көп мәселені онлайн режимде шешуге болады. Барлық басқарма басшыларына,  аудан әкімдеріне ашық болуды, жиналыста айтылған мәселелерге назар аударуды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

20190330135737

Бүгінде халықтың 80% мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алады. Бұл атқарушылармен тікелей байланыс тәуекелдерін төмендетеді. Жер телімін алу кезегіне тұру, балабақша кезегі секілді қызметтер Атырау облысының геопорталы арқылы жүзеге асады. Аймақ басшысы басқа бағыттар бойынша да жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.  Облыстың әр тұрғыны өз мәселелері бойынша жедел, нақты жауап алулары тиіс.

«Қазір әлеуметтік желілер арқылы мәселелер шешіліп жатыр. Telegram  желісіндегі «Атырау облыстық әкімдігі» қосымшасына тұрғындардан сауалдар көп түседі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,  жер телімдерін,  баспана бөлу саларында. Тұрғындардың сауалдарына  жедел жауап беру арқылы көп мәселелерді шешеміз. Барлық басшыларға өз қызметтеріне ішкі талдау жүргізу керектігін ескертемін.  Telegram-да әр ауданның чат-каналы ашылды. Қазір азаматтармен қалай жұмыс істеп жатқандарыңызға қарап отырмыз, кейбір аудандарда тек қолайлы сауалдарға жауап беру жағдайлары кездесуде. Бұлай болмайды. Ескертуді қаперге алмаған басшыларға шара қолданылады», – дейді Нұрлан Ноғаев. 

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық аудан әкімдерінің чат-каналдары бойынша талдау жүргізіледі, соның негізінде әр ауданның ашықтық рейтингі жасалады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған