Жөндеудің жыры біте ме?
Білім беру басқармасында кадр жетіспеушілігі байқалады. Күні бүгінге барлығы 132 педагогке, оның ішінде орыс сыныптарына 120 (информатика – 12, тарих – 24, математика –30, қазақ тілі – 4, бастауыш сынып – 38, орыс тілі орыс сыныптарына – 8, физика – 2, химия – 2 мұғалім), ал қазақ сыныптарындағы 12 орыс тілі пәнінің мұғаліміне қажеттілік бар. Бұл туралы облыстағы білім саласының өткен жылғы қорытындылары және оны жақсарту бағытындағы шаралар, жаңа 2024 -2025 оқу жылына дайындық барысы қозғалған қоғамдық кеңесте білдік.
Аталған басқарма басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігі бала құқығын қорғаумен айналысатын мамандар санын арттыруды қажетті деп тануда. Қазіргі уақытта облыстағы 0 мен 18 жас аралығындағы бала саны 278 742-ні құраса, олармен әрқайсысына 20 000 баладан келетін 15 маман жұмыс жасайды. 5 000 балаға шаққанда 1 маман деп есептесек, қосымша 41 маманға қажеттілік бар. Бұл бойынша қажетті есептеулер жүргізіліп, шешу жолдары анықталып жатыр екен. Сонымен қатар мектеп директорларының цифрландыру жұмыстары жөніндегі орынбасарлары мен қала, аудандардағы әдістемелік кабинет әдіскерлеріне жаңадан штат бірліктерін ашу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Тәрбие балабақшадан басталады
Облыста 34 680 баланы қамтитын 334 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 234 балабақша бар. Алайда, аймақ бойынша 21 431 бүлдіршін 0-6 жас аралығындағы балалар кезегінде тұр. Осы жылдың шілде айына дейін 2-6 жас аралығында кезектегі бала саны 17 130-ды құраған. Биыл пайдалануға берілген 9 мемлекеттік балабақша мен 16 жекеменшік балабақша 3 474 орынға қажеттілікті қамтыған.
Анықтама үшін айталық, Атырау қаласы бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестікпен салынған 9 балабақшаға 2610 орын, 2024 жылдың маусым айында 16 жекеменшік балабақшаға 864 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Атап айтқанда Атырау қаласы 12 жекеменшік балабақша – 591 орынға, Жылыой ауданы 3 жекеменшік балабақша – 193 орын, Мақат ауданы 1 балабақша – 80 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырды. Осылайша, кезектегі балалардың саны 5 680 балаға дейін азайып отыр.
Жыл соңына дейін жаңадан 610 орынды құрайтын 4 мемлекеттік балабақша ашу арқылы 4 200 орынға жеткізу жоспарлануда. Келер жылы бұл жұмыстар одан әрі жалғасып, орын тапшылығын шешу мақсатында 640 орындық 3 балабақшаның құрылысы аяқталады деп күтілуде.
«Алтын белгі» азайып, «үздік аттестат» көбейіпті
2023-2024 оқу жылында 224 орта білім беру мекемесін 149 187 оқушы аяқтады. Оның ішінде IX сыныпты – 12 276, XI сыныпты 5 964 оқушы бітірді. «Алтын белгіні» 123, «Үздік аттестатты» 333 оқушы иеленді. Өткен оқу жылымен салыстырғанда «Алтын белгіні» иеленушілер саны 36-ға азайып, «Үздік аттестатты» иеленушілер саны 63-ке көбейген.
Айтпақшы, өткен оқу жылының қорытындысымен білім сапасы 58 пайыз болып, 3 пайызға артыпты.
– Оқу жылының ішінде оқушыларды кітап оқуға баулу, инженерлік білімді дамыту, функционалдық сауаттылық, шалғайдағы ауыл мектептерінде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізу, математикалық сауаттылықты арттыру тәрізді цифрлық жобалар іске асырылды. Нәтижесінде оқушылар сапалы білімге қол жеткізді, ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздіктің жойылуына қол жетті. Республикалық, халықаралық білім байқауларына қатысқан 412 оқушының 145-і жүлделі орындарға ие болды. «Баршаға қол- жетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы аясында «Мақсатты мектептер» жобасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе құрылды. Жоба нәтижесінде төмен деңгейдегі 89 мектебіміздің көрсеткіштері көтерілетін болады. Қазіргі уақытта 2000 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, 2 239 педагог жобаның бастапқы деңгейінде білімдерін жетілдіруде, — дейді басқарма басшысы.
Атырау облысының білім беру жүйесін дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға арналған аймақтық Жол картасының маңызды бөлігі ретінде білім сапасын бағалауға қатысты шаралар қарастырылған. Өткен оқу жылында «Teachers Lab» функционалдық сауаттылықты дамыту, «First» инженерлік білімді дамыту, «AVR Labs»-шалғайдағы мектептерде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізу жобалары іске асырылды. Жаңа оқу жылында «Smart кітапхана» кітап оқуға баулу, «Сингапурлық математика» математиканы бастауыш сыныптан тереңдетіп оқыту жобалары жүзеге асады.
Он нысанда оқу процесі жүрмейді
Әрі қарай қысқа дайындық барысы туралы баяндаған басқарма басшысы Марат Әбуов облыстағы 423 мемлекеттік білім беру нысанының 409-ы өз ғимараттарында, 14 нысан өзге ұйымдарда орналасқанын айтты. 423 нысанның есебінде 4 апатты мектеп пен 2 апатты балабақша болғандықтан, білім беру нысандарының саны 417-ні құрайды. Сонымен қатар 10 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа оқу жылында 10 нысанда оқу процестері жүргізілмейді. Он нысан бойынша күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталуына орай, жылыту маусымына дайын болады. Қалған жұмыс істеп тұрған 407 білім беру нысаны бүгінде жүз пайыз жылу маусымына дайын.
Жиында тасқын су зардабын шеккен білім беру мекемелерінің жәйі де айтылды. Білгеніміздей, суға кеткен Жылыой ауданында 11 білім беру ұйымының 7-уіне (2 мектеп, 4 балабақша, 1 саз мектеп) ағымдағы, №19 мектепке күрделі жөндеу басталды. №3 білім және инновация лицейіне және «Салтанат» балабақшасына жаңа ғимарат салынады. БИЛ №3 оқушылары №5 ескі мектеп ғимаратында, «Салтанат» балабақшасының бөбектері басқа балабақшаларға орналастырылды. Ал, білім және инновация лицейінің жатақханасы бұзылады.
Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов мектептердегі кабинеттерді жабдықтау, ыстық тамақпен, тасымалдаумен қамту, жетім балалар құқығының қорғалуын, қауіпсіздік мәселесін егжей-тегжейлі айтып берді.
Қағаз жүзінде қалмаса игі…
Кеңес мүшесі Нұрайнаш Қамалова өңірдегі орта білім беретін білім ошақтарының жаңа 2024-2025-ші оқу жылына дайындығын зерделеу үшін облыс орталығындағы бірқатар мектепке барғанын айтып берді.
– Өткен жылғы жасалған осындай зерделеу жұмыстары ауқымды болған еді. Былтырмен салыстырғанда биыл өзгерістер жоқ. Сол былтырғы мәселелер биыл да қайталанады. Атап айтсақ, тапсырысты кеш жасақтап, мемлекеттік сатып алудың кеш жарияланып, қаражаттың кеш аударылуы себепті жөндеу жұмыстары уақытылы басталмаған. Өткен жұма күні барған И.Тайманов атындағы орта мектепте ағымдағы жөндеулер әлі жалғасып жатты. Мектеп басшылығы күндіз-түні жұмыс жасап, 6-қыркүйекке дейін аяқтайтындарын жеткізді. Яғни, өткен жылы облыстық қоғамдық кеңестік қабылдаған қарарында айтылған «Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау және жазғы каникул кезінде жасалатын ағымдағы жөндеулердің уақытылы бітуін және сапалы болуын тиісті жауапты басқармалармен қадағалау жұмыстарын жүргізу» мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Барлық құжаттарды алдын-ала желтоқсан-қаңтар айынан бастап рәсімдеп, оқу жылы аяқталғаннан кейін ағымдағы жөндеулерді бастап кету мүмкіншілігін қарастыру керек, — деді ол.
Кеңес мүшесі айтып өткеніндей, биыл да кейбір мектептердің үш ауысымда және тасымалдаумен оқитын оқушылардың ата-аналары алаңдаушылық танытып отыр. Өткен жылғы кеңесте қабылданған қарар «оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жалпы білім беру ұйымдарын турникеттермен және бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз ету, қалалық полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығына қосу жұмыстарын жалғастыру» керектігі айтылған. Ол жұмыстар бүгінгі күнге дейін жалғасуда, әлі де аяқталмаған. Мектептерде бейнебақылауға түспейтін «слепая зоналар» бар, бейнекамералар орнатқанда соларға назар аударылса деген ұсыныстар айтылды.
Жиын кезінде түрлі ақпараттарға қанықтық. Білгеніміздей, №24 мектептегі спорт залдың бір бөлігі және Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің спорт алаңы жекеге өтіп кетіпті-мыс.
– №24 мектептің спорт залы туралы түсінік беруді сұраймыз, бүгінгі күнге дейін мектепке қайтарылмаған. Мектеп әкімшілігі спортзалдың жалға берілмегендігін айтады. Марат Әлменұлы, өз баяндамаңызда спорт секциясы мен мектеп спортзалды ортақ, бірлесе пайдаланып отыр дедіңіз. Бірақ бұл жалған ақпарат, бірлесе пайдаланып отырған жоқ. Спортзалдың бір бөлігін мектеп пайдаланады, екінші бөлігін тек спорт секциясы пайдаланды. №24 мектептен 15-20 метрдей жерде компьютерлік ойын клубы орналасқан. Біздер лудоманиямен күресеміз дейміз. Ал, бұл ойын клубының орналасуы заңға қайшы ма, жоқ па деген мәселеге зерделеу жасап, егер заңға қайшы болса, шара қабылдауды сұраймыз.
Сонымен қатар 2019-2020 жылдары Атырау қаласы әкімінің шешімімен Атырау қаласындағы 25 мектептің спорт алаңдары жекеге өтті деген ақпарат бар. Бұл туралы өткен жылғы облыстық кеңестің отырысында да айтылған болатын. Мақаш Бекмұхамбетов және 25 мектептің спорт алаңы бойынша да түсінік берсеңіздер, -деген қоғамдық кеңес мүшесі Нұрайнаш Қамалова мәселені төтесінен қойды.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова бұл айтылғандарды жоққа шығарып, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Тамақ дәмсіз болмасын»
Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда оқитын 60 783 бала, V-XI сыныптарда оқитын 11 629 бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Оған 7,1 млрд. тг қаржы қаралыпты. Биыл облыстың 204 орта білім беру ұйымдарында тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ететін 25 жеке кәсіпкер анықталған.
Тамақтандыру мәселесі және тамақ сапасын қадағалау үшін білім беру мекемелерінде 199 бракераждық комиссиялар жұмыс істейді. Қазіргі таңда бір балаға ас мәзірі бойынша қарастырылған қаражат — 600 тг. Мектеп оқушыларына берілетін ыстық тамақ мәзірі «kundelik.kz» және мекеменің сайттары арқылы жарияланады. Бұл мәліметті білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов айтып берді.
Кеңес мүшесі Нұрайнаш Қамалованың айтуынша, өткен оқу жылы барысында мектептегі тегін ыссы тамақтың дәмсіз болуына ата-аналар тарапынан шағым көп болыпты. Атырау облыстық қоғамдық кеңес мүшелері арнайы санитарлық кітапша толтырып, мектептердегі тамақтандыруға зерделеу жүргізген. Биыл да арнайы медициналық тексерістен өтіп, облыс орталығы мектептеріндегі ыссы тамақтандыруға мониторинг жүргізуді жоспарлауда.
«Бұл жерде атап өту керек, аудандардағы мектеп асханаларының тамақтандыруына ата-аналар ризашылық білдіруде. Шағымдар тек Атырау қаласындағы мектептерге қатысты. Марат Әлменұлы, сіз өз баяндамаңызда мектеп оқушыларына берілетін ыстық тамақ мәзірі kundelik.kz және мекеме сайттарына жарияланады дедіңіз, бірақ бұл қате ақпарат. Мәзірдің тұрақты түрде жарияланбайтынына ата-аналардан шағым көп, бақылауға алуыңызды сұраймыз. Оқу жылы басталғаннан кейін нақты фактілерді өзіңізге жолдайтын боламыз», деді Нұрайнаш Қамалова. Қалалық білім бөлімінің басшысы аталған олқылықтардың орны толтырылып, ыстық тамақпен қамту бойынша кәсіпкерлермен түсінік жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев білім саласы бойынша облыста атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндады.
Рита Өтеуғали
Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев