БІРЛІКТІ ТУ ЕТКЕН БІРЕГЕЙ ЖОБА

Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы негізгі үш тұжырымдамалық бағытқа негізделген. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.

 

Жиында «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ғылыми-сараптамалық қолдау және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметов аталған жобаның бірінші тұжырымдамалық негізі қайырымдылыққа арналғанын атап айтты. «Біз, Әл-Фараби айтқандай, қайырымды ел тұрғындары болуымыз керек. Екінші тұжырымдамалық негіз, ол – қоғамда медиация (арағайындық) институтын дамыту. Үшінші – қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту. Міне, осы бағыттарда негізгі кешенді іс-шаралар қолға алынады», – деді ол.

Айтуынша, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясындағы шаралар қоғамдық-бұқаралық, қайырымдылық, ғылыми-танымдық сипатта өрбімек.

– Елбасы жариялаған «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» қалыптастырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі ұстанымдарын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты экспедиция ұйымдастырды. Мұны өткізудегі мақсат – халқымыздың ортақ тарихи-мәдени және рухани мұрасы негізінде қазақстандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайту, – деді Н.Шаяхметов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз