АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН…

«Адамның бар бақыты-бала» дейді қазақ. Осы бір баға жетпес бақытқа бөленуі, өкінішке орай, кез келгеннің маңдайына жазылмаған. Дүниеден баз кешіп бір нәрестеге зар болып жүргендер қаншама?! Артыңда ұрпақ қалмағаннан асқан азап жоқ. Осы жерде «шерменде жүрген көңілдерді жібітер  амал бар ма екен?» деген сұрақ ойға оралады. Сонымен...

 

БЕДЕУЛІКТІ
ЖЕҢГЕН ЭКО

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, отбасылардың 15-20 пайызы бедеулік зардабын тартады. Бұл тек жүктілікті армандап, дәрігерлік көмек сұрағандардың ғана көрсеткіші.
Осы бір күрделі мәселені шешудегі медицина ғылымындағы үлкен жетістіктердің бірі (ЭКҰ) экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісінің жүзеге асуы болды. Қазақстанда бұл жүйенің қолға алына бастағанына он сегіз жылға жуық уақыт өткен. Осы аралықта бес жарым мыңнан астам дені сау сәби жасанды жолмен өмірге келіпті. Зерттеу «түтіктегі балалар» мен табиғи жолмен өмірге келген балалардың арасында еш айырмашылық жоқ екендігін дәлелдеген.
Біздің облысымызда бүгінгі күні 517 әйел, 60 ер адам бедеулікпен есепке тіркеліпті. Әлемдік деңгейдегі күрделі проблеманың бірі болып отырған бедеуліктің алдын алу, оны болдырмау жолдарын қарастыруда өңір дәрігерлері бар мүмкіндіктерінше еңбек етіп келеді. 2010 жылдан бері ЭКҰ қызметі квотамен тегін көрсетіле бастаған. Біздің аймаққа да жылына 20 квота бөлінеді. 2012 жылы жіберілген 20 әйелдің бесеуі бала көтеру бақытына ие болса, олардың үшеуі сүйкімді егіздерді дүниеге әкелген. Ал биылғы жылы берілген квотаға сай тағы жиырма әйелдің 10-ы жүкті болып, жақсылықты тағатсыздана күтуде екен. Жыл соңына дейін бақытты аналар саны әлде де көбейеріне мамандар бек сенімді.
«(ЭКО) экстракорпоралдық ұрықтандыру орталықтары Астана қаласында-2, Алматыда-2 және Тараз қаласында орналасқан. Осы бес орталыққа әркім өз қалауымен баруға құқылы. Ол үшін ең бірінші жергілікті жерде диспансерлік есепте тұрып, тексеруден өтіп, толықтай анықтама алып, басқармадағы комиссия жұмысында талқыланып барып жолдама беріледі. Қазір ЭКО-ға барам деушілер көбейді. Шынын айту керек, бұрын ақпараттық-насихаттық жұмыстар аз болды ма, әйтеуір сұраныс өте көп еместұғын. Мысалы, биылғы жылы 35 әйел сұраныс жасап отыр. Ал, квота санын жоғарыда айттық. Қосымша тағы да сұрадық. Мүмкін жыл аяғына дейін келіп қалар.
Аталған орталықтарда республикалық бюджеттен әр әйелге 800 000-нан 1 млн, теңгеге дейінгі аралықта ЭКО-лық қызмет көрсетіледі. Медицинаның бұл жетістігінің кереметтігі бүгінгі күні толықтай дәлелденді. Репродуктология ғылымы әйел мен еркектің аналық және аталық клеткаларын зерттеп, алынған ұрық арнайы ыдысқа орналастырылып, будандастырылады. Осындай жолмен іңгәлап келген талай сәби бақытты өмір кешуде.
«Бедеу» деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда бедеулік -емделетін дерт. Осыны есте ұстаған абзал. Көбіне-көп ер адамдар бұл ауруды өте ауыр қабылдайды. Және әйелін кінәлап, талай уақытты босқа өткізіп алады. Мысалы, бір отбасы жеті жыл бойы бала күтумен жүріп, талай ауыр жағдайларды бастан өткізеді. Шаңырақ шайқалуға дейін барады. Сөйтсе, ері бедеу болып шығады. Медицина жетістігінің арқасында бұл отбасы қазір бала бақытына бөленіп отыр. Өмірден алынған мұндай мысалдар өте көп» дейді бізбен әңгімесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер- гинекологі Гүлмира Қайыралиева.

АЯЛАЙЫҚ ТА АНАНЫ!..

Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Қазір босанған әйелдердің 65 пайызы-ауру аналар. 2011 жылы облыс бойынша босанған 15 396 ананың 35,5 пайызының дендері сау болса, 2012 жылы босанған 15 764 әйелдің 34,8 пайызының ғана денсаулықтары ақаусыз. Үстіміздегі жылдың тоғыз айының есебінде облысымызда төрт әйел босанғаннан кейін қайтыс болған.
Мұның басты себебін дәрігерлер жүкті әйелдердің өздерінен деп есептейді. Олардың өз денсаулықтарына мән бермейтіндіктері, сырқаттарын болмашы деп бағалауларының соңы осындай қайғылы жағдайларға әкеліп ұрындыруда. «Жылдан-жылға әйелдердің денсаулықтарының төмендеп келе жатқандығы рас. Ұрпағына жаны ашитын, қазіргі заманның көзі ашық, көкірегі ояу аналары жүкті болмастан бұрын өздерінің денсаулықтарын дұрыстап алулары керек. Бұл мақсатта емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс жасайды. Егер осы қызметті дұрыс пайдаланып, сырқатты жерлерін дер кезінде емдетіп барып жүкті болса, ана да, бала да сау болар еді. Бірақ, бұл қызметті пайдаланушылар аса көп емес.
Жүкті әйелдердің арасында қан қысымының жоғарылығы немесе төмендігі, анемия, бүйрек аурулары, варикоз сияқты аурулар көп кездеседі. Нәтижесі сол, денсаулығы дімкәс анадан туған әлсіз балалар көбейіп отыр. Ішке бала біткеннен кейін генетик мамандарға көрініп, іштегі баланың дамуына толықтай көз жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл он екі мүшесі сау баланың дүниеге келуіне мүмкіндік береді. Бұл қызмет түрін де жүкті әйелдер дұрыс қабылдаулары керек.
– Өкініштісі сол, ішінара болса да ана мен бала өмірлерін сақтай алмау фактілері кездеседі. Бұл жүктіліктен, болмаса, босанудан емес, әйел денсаулығындағы кінәраттан. Әйел аяғы ауырлағанда ағзаға күш көп түседі. Бойдағы жеңіл аурулардың өзі тез дамып, қауіп тудырады. Аяғы ауыр әйел дәрігерге тек босанар алдында көрінер болса, дәрігерлік көмек мардымсыз болуы әбден ықтимал. Сондықтан, өмірге ұрпақ әкелемін деген әр ана өз өмірінің болашақ нәрестесінің өмірімен тығыз байланыста екендігін есте ұстағаны абзал.
Біздегі мақсат-ана мен бала өмірін сақтау. Бұл бағыттағы медицинаның жаңа қондырғылары мен әдістерін пайдаланып келе жатырмыз. Қауіпті аурулары бар жүкті әйелдерді квотамен Астанаға жіберіп емдетеміз. Босанатын әйелге бұрынғыдай мұз қойылмайды, дәріні көп пайдаланбауға тырысамыз. Туған бала бұрынғыдай бөлектенбей анасының кеудесіне қойылады. Мұның да өзіндік тиімділігі бар.
Лапороскопиялық әдіспен басқа органдарды сақтай отырып ота жасау да нәтижесін беріп келеді. Кесір тілігі ота аса қажетті жағдайда, әйел өміріне қауіп төнгенде ғана қолданылады. Мәліметтерге байланысты жасанды түсік жасату да бұрынғыдай емес, азайып келе жатыр» дейді бас акушер-гинеколог.

КЕМТАР БАЛАЛАР НЕЛІКТЕН КӨБЕЙДІ?

Іштен кемтар болып туылған баланың болашағы бұлыңғыр. Облыс бойынша 100 тұрғынға шаққанда 2010 жылы туа біткен ақаулары бар балалардың көрсеткіші 263,9 болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 392,1-ге жеткен. Ал, 2012 жылы 394,9 болған. Осылайша туа сала кемтар атанған сәбилер жылдан-жылға көбейіп отыр.
Бауыр еті баласының дені сау, көңілі шат болғанын кім қаламайды дейсіз. Бірақ, өкінішке орай, өмірде он екі мүшесінде кемдік, болмаса ішкі ағзасында ақаулық бар бөбектер баршылық. Бейкүнә сәбилерге де, жандарын шүберекке түйіп, амал іздеп қиналған ата-аналарға да бұл жағдай оңай емес. Бұның себебі неден болуы мүмкін?
Үміт пен күдік аралас сауалымыздың жауабын облыстың бас педиатры Гүлфара Өмірбаевадан күттік. «Тоғыз ай көтеріп тапқан нәрестесінің жан қиналысын көру ата-аналарға да, дәрігерлерге де оңай емес. Қолдан келген мүмкіндіктердің барлығы да жасалады. 2012 жылдан бастап скрининг жүргізіле бастады. Бұрын бала бір айдан бастап тексерілсе, қазір туа салысымен тексеруден өтеді. Ауру балалардың көптігін осы скринингтің нәтижесінде анықтап отырмыз. Бұл жағдайға бірден-бір себеп «мынау» деп ашып айту қиын. Экологиялық жағдайдан деп те жатамыз.
Меніңше, көбіне аналардың салғырттығынан сияқты. Жүкті болған тоғыз айдың ішінде олар үш рет скринингтен өтеді. Іштегі баланың ақаулығы сол кезде байқалады. Дәрігерлер мұндай жағдайда жүктілікті тоқтату туралы кеңес беруге мәжбүр. Бірақ, аналар көбіне дәрігер сөзіне мән бермей өз қалауларын жасайды, өмірге кемтар бала әкеледі. Әрине, бұл оңай шешім емес. Дегенмен, мұндай өкінішке ұшырағанша, болашақтарына сеніммен қарап, үміт үзбеген дұрыс деп есептеймін. Мұндай балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс жасау-біздің міндетіміз. Ақыл-кеңестерімізді, тиісті ем-домдарды жасап отырамыз. Бірақ, медицинаның да әлі келмейтін тұстары бар екендігі белгілі». Гүлфара Жұмашқызы өз ойын осылайша ортаға салды.

БІЗДЕ СУРРОГАТ
АНАЛАР БАР МА?

Оймақтай ой тастайық. Демографиялық жағдайды жақсартуға және халық санын арттыруға баса назар аударып отырған мемлекетіміздің қазіргі саясаты отбасын нығайтуды, ана мен бала денсаулығын арттыруды көздейді. Өңірімізде бала тууды денсаулығы көтермейтін 1647 әйел есепте тұр.
Заман ағымына сай қоғамымыздағы өзгерістер легі күн сайын емес, сағат сайын дерлік жетілуде. Жоғарыдағы сөз болған ЭКО жүйесімен сәбилі болумен қатар, суррогат ана дегендер де шықты. Бірақ, біздің өңірімізде мұндай қызмет көрсететін аналар жоқ екен. Бала шаңырақты думанды реңге толтыратын көз қуаныш қана емес, ертеңгі еліміздің еңсесін көтерер азаматтары болып есептеледі. Сондықтан, олардың денсаулықтарының мықты болуларына тек ата-аналар ғана емес, жалпы қоғам жауапты.
Анасы тәуекелге барып дүниеге әкелгенмен артынан ауру баладан бас тартып жатқандар да бар. Денсаулық – ең басты құндылық. Демек, ұрпағының ертеңін ойлаған адамның енжарлыққа бой алдыруға мүлдем құқы жоқ. Естен шығаруға болмайтын бір қағида – өзіңнің денсаулығыңды күтуді біреуге міндеттеуге болмайды. Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында ана мен бала өмірін сақтау туралы нақты міндеттер бар. Мемлекет бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, үлкен мән беріп отыр. Ендеше, ендігі қалғаны – өз қолымызда.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз