Жарнама
Қоғам

АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ

 

«Дөңгелек үстел» басындағы басқосуда сөз алған аудан әкімі «қарияларға құрмет көрсету парызымыз»,- деп сол бағытта атқарылып жатқан істерге тоқталса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне облыс көлемінде қолға алынып жатқан жұмыстарды баяндай келіп, ашылған интернет сайтты жақсартуды ұсынды. Өз кезегінде Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы 43 бастауыш ұйымның жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызылып, жұмыс орындары берілгенін, өзге де игі істерге тоқталды. Сән-салтанаты келісіп, көркейе түскен ауданның елді мекендеріндегі ардагерлер ұйымында сырт көзге ұялмай көрсетуге тұратын игі істер бар екен. Семинарға қатысушылар осындай ортақ түйінге келді. Аудан әкімдігінің залында өткен пікір алысулардан кейін бастауыш ұйымдар жай-жапсарын көзбен көру үшін Орлы және Мақаш округіндегі ұйымдар іс-тәжірибесімен жете танысу ұйғарылды. Ат басын алдымен Орлы ауылына бұрдық. Мұнда көп заманнан бері жөндеу көрмей жетімсіреп тұрған мәдениет үйі болатын. Қазір ол еурожөндеуден өтіп, көз жауын алатындай, атына заты сай ғимаратқа айналыпты.

Бірінші қабаттағы концерт залында жастар қойылым дайындап жатыр екен. Біз көріп, жұмысымен танысқалы келген ауыл ардагерлері ұйымының бөлмесі екінші қабаттағы жайлы да даңғарадай кең, сәнді бөлмеге жайғасқан. Ауыл ардагерлерінің көшбасшысы Амангелді Қилауов — барлық саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне бағыштаған белгілі ұстаз. Ұзақ жылдар мектеп директоры болып жұмыс істеген адам, ауылының кәрі-жасын бес саусағындай жете біледі. Ауыл ақсақалдары мен соғыс ардагерлері суреттері фото стендіге ілінген. Бастауыш ардагерлер ұйымының барлық тіршілігі мен өткен-кеткенін компьютерге енгізген. Қандай дерек, қандай мәлімет керек – компьютер сайрап береді. Облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы Қатимолла Ризуанов риза көңілін жасыра алмай: — Республикалық ардагерлер ұйымының облыстарға ұсынып жүргені осы — бейне қор жасау. Ал, оны сіздер уақыттан оза жүзеге асырыпсыздар. Тамаша! — деді.

Сөзді сөз қозғайды. Бізден бұрын осында ат ізін салған бір жазушы, ардагерлермен жүргізіліп жатқан жұмысқа риза болғаны шығар «құпия болмаса қанша еңбекақы аласыз» деп сұрапты. Сонда Амангелді Қилауов ағамыз: -Жұмысқа барамын деп үйден шығу, ел-жұртты көру, олармен пікірлесу, ақылдасудың өзі маған ақшадан қымбат, — деп жауап беріпті. Өрелі азаматтан өзге жауап күту де әбестік болар еді. Ауылдың сыйлы, көргені мен өмірден тоқығаны көп азаматқа ақылдасу, мұң-мұқтажын айтып бөлісу, тіптен жай уақыт өткізіп пікірлесу үшін де келетін ақсақалдар мен ақ жаулықтылар жеткілікті. Олардың бір кәдесіне жарауды Амангелді азамат өзінің басты борышы санайды.

Ауылдың ардагерлер кеңесімен екінші қабатқа жапсарлас осы елдің өткен-кеткенінен сыр шертетін мұражай орналасқан. Оған да ауылдың құрметті азаматшасы, ұзақ жылдар мектептің оқу ісін басқарған, директоры да болған, осы мұражайды алғашқы жәдігерінен бастап өз қолымен жинап, құраған Сара Алпысова апай жетекшілік жасайды. Құрметті демалысқа шығып, үй шаруасымен шектеліп қалмай мұражай қорын кеңейтумен тынбастан айналысып келеді. Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңестер Одағының Батыры  Мұқат Мусаевты да Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында іңгәлаған, төл перзенті екенін дәлелдеп шығуына көп жылдарын бақи етті. Осы ауыл көлемінде дүниеге келген мәдениет пен өнер қайраткерлері, елге тұлға болған азаматтар деректері мұражайдан жайлы орын тапқан.

Біз Мақаш округінің Алға ауылына келгенде ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеуілі Хасанов бастаған алты-жеті ардагер бас қосып, осы ауылдың шаруашылығында мал дәрігері болып еңбек етіп келген Қажыбаев Төребайдың 75 жасқа толуын атап өтпекке жиналып жатқан сәттерінің үстінен шықтық. Өтеуілі ағаның озық іс-тәжірибесі талай алқалы жиындарда аталып, марапаттарға ие болып жүргенін көріп жүр едік. Бірақ тап осындай жүйелі де мақсатты жұмыс барын, игі іске көмек қолын берушіден де кенде емес екенін көріп тұрғанымыз деп құптап та, құттықтап та ағынан жарылды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары. Мұнда да ардагерлер ұйымы жұмысы бейнебаян түрінде сайрап тұр.

— Өтеуілі мал маманы, ұзақ жылдар ферма басқарушысы болды. Қазір оның екінші тынысы ашылды. Ауыл ардагерлері туралы жазып, кітап құрастыруда, — деді қоғам қайраткері, жазушы Өмірзақ Қажымғалиев.

— Өмеке, мына кабинетіңіз таршылық етейін деп жүр, — деді наз ретінде Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев. Бақсақ, бұл Өмірзақ Қажымғалиев осындағы Мақаш шаруашылығын басқарып тұрғандағы жайлы орны екен. Ардагерлер ұйымына орын керек болған кезде директор кабинетін, бүкіл жиһазымен босатып беріп өнеге көрсеткен екен.

Ауданда ардагерлер ұйымымен жұмысты жүргізудің тамаша үлгісі қалыптасқан және игілікті істердің көпшілігінің бастауында аудан әкімі Амангелді Барахатовтың есімі аталады. Ауданға әкім болып келгеннен кейін бір топ қарияларды Астана қаласын көруге сапарын ұйымдастырған және оған бюджет қаржысын шығындамаған. Аудандық ардагерлер ұйымына әкімдік ғимаратынан жайлы жұмыс орнын берген. Түрлі діни ағым жетегіне еріп жүрген жастарға шариғат жөнінде кеңес-түсінік беріп, аталық ақылдарын айтып жұмыс істеу үшін аудан орталығындағы мешітке күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, оның бір жайлы бөлмесін ардагерлер бас қосатын жайға айналдырыпты. Ардагерлермен жұмысты жақсарту мақсатында атқарылып жатқан істер ұшан теңіз.

Айтқали НҰРҒАЛИЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесі ақпарат тобының жетекшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button