Тариф және төлем: коммуналдық саладағы түйінді тарқата ма?

i 1 Экономика

  Atr.kz/26-ақпан, 2019 жыл. Тариф арзандады. Бұл, әрине, халыққа тиімді.

Ал, енді қызмет сапасы қалай болмақ? Бұған дейін инвестициялық бағдарлама нәтижесінде тындырылған қыруар шаруа тағы шатқаяқтап кетпей ме? Анау жөнделген жүздеген шақырым жаңа тұрбалар уақыт өте тозады емес пе? Немесе аяқталмай қалған жобаларға қаражат қайдан алынбақ? Енді алға осындай сауалдар тартылады.

i 1
Иллюстративті фото

Сөз жоқ, әрбір жаңа объект іске қосылған соң оны ұстап тұратын шығын да есептеледі. Оған жұмысшылардың жалақысы да, техникаға қажетті жанармай да, қосалқы бөлшектер бағасы да қосылады. Ақырында, биылдан бастап республикадағы барлық кәсіпорын, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер де бар, еңбекақыны көтеруі тиіс. Мұның бәріне ішкі резерв жетер ме екен?

Жалпы, Мемлекет басшысы тариф саясатын қозғағанда оны есепсіз арзандатуды ұсынған жоқ. Ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді, бұл бағыттағы тәртіпті ретке келтіруді тапсырды. Сайып келгенде, барлық монополиялық мекеменің биылға белгілеген жөндеу жұмыстары, кәсіпорынды жабдықтау шаралары бар-ды. Подстансаларды ауыстыру немесе желілерді жаңарту жоспары қарастырылған. Енді солардың денін кейінге қалдыруға тура келеді. Ал, содан соң қызмет көрсету сапасы сынға сай бола ма? Міне, монополияға қарсы орган осы жайды да таразылауы тиіс.

Жолдау жолдарынан: 

«Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек»

Қызмет көрсету ақысын арзандату пәтер иелері кооперативтеріне де қатысты. Қазір бұл құрылымды түбірімен қайта құру қажеттігі айтылып жатқанымен, олар әзірге жұмысын жалғастыруда. Онсыз да басқа тартса аяққа жетпейтін қысқа көрпемен күн кешіп отырғандар одан әрі белін бекем буа түспек. Шашылған қоқыс, жиналмаған дәліз – ертеңгі күннің көрінісі болмасын. Әсіресе, лифт шаруашылығын қалпына келтіру осы құрылымға да қатысты десек, оның түйіні қалай тарқатылар екен? Атыраудағы көп қабатты үйлерде орын алып жүрген жеделсатыға байланысты тосын жайлар да тұрғындарды толғандырады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

(Толық нұсқасы «Атырау» газетінің №15 санында)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Тилек

    Ен басты маселе жаппай урлыкка кирисип кеттик санамызды озгертпесек мемлекет ретинде курдымга кетемиз соны тусинетин уакыт жетти