ӘЛЕУМЕТТІ ҚОРҒАУДЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ
Қамсыз қарттыққа кепілдік береді
Бас құжаттың 28-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі. Ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленіп отырады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген.
Елімізде зейнетақы жүйесін реформалау жүргізіліп, 2013 жылы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа Заң қабылданды. Заң талабына сәйкес, 1998 жылға дейінгі мерзімге тиісті еңбек өтілі бар болған жағдайда, (ер азаматтың 25 жыл, әйелдің 20 жыл еңбек өтілі болса) еліміздің әрбір азаматына ең төмен зейнетақы мөлшерiн тағайындау карастырылған.
Сонымен қатар, жасына келген, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақы төлеу кепілдігін реттеуде мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алу құқығы жасақталды. Оған сәйкес мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы және жасына байланысты жәрдемақылардың мөлшерлері республикалық бюджет есебінен ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерімен әлеуметтік топтарына қарай есептеледі.
Бұл ретте елімізде жоғарыда аталған топтарға жататын азаматтардың құқығы толықтай қорғалған. Әрбір азамат өзіне тағайындалған зейнетақы, жәрдемақымен қамтылып келеді. Бүгінде облыста 50 мың 760 зейнеткер, асыраушысынан айырылған 6 мың 286, мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан аса азамат өздеріне тиісті сомаларын алуда.
Уақыт сынынан өткен құжат
Сондай-ақ, Конституция негізінде азаматтар әлеуметтік жағдайының қатерлігіне байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қорғалады. Ол Бас құжаттың 28-бабында анық жазылған. Дәлірек айтқанда, Конституцияның «Ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленіп отырады» деген талабы бар. Бұл «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заң негізінде жүйелі жүзеге асуда. Заңда әлеуметтiк қатер жағдайының басталуына қарай мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларды әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандары қарастырылған.
Міне, осы Заңның қабылдануына орай, әйел азаматтардың қосымша түрде әлеуметтік құқығын қорғау мақсатында 2008 жылдан бастап бірқатар өзгерістер енгізілді. Яғни, жұмыс жасап жүрген әйел азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес, мiндеттi зейнетақы жарналарының үзілмей аударылып отыруына қосымша мүмкіндік жасалды.
Бұдан соң мемлекет тарапынан баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау қолға алынды. Ол 2014 жылдан бастап бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтiк төлемді алушылардың пайдасына ай сайын бюджет қаражаттары есебінен жүзеге асырылып отыр.
Қазіргі таңда зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейінгі жаңғырту тұжырымдамасы бекітілді. Жалпы тұжырымдама екі кезеңде іске асырылмақ. 2020 жылға дейін іске асырылатын бірінші кезеңде өткен жылдан бастап зиянды және қауіпті жұмыс орындарында қызмет ететін азаматтарға бес пайыз жарна жұмыс беруші тарапынан аударыла бастады. Әрі қарай 2017 жылдан бастап күнкөріс деңгейінің анықтау әдістемесіне өзгеріс енгізіледі. 2017 жылдан бастап зейнеткерлер үшін базалық зейнетақысына бір реттік қайта есептеу жүргізіледі. 2018 жылдан барлық жұмыс істейтін азаматтарға жұмыс беруші бес пайыз жарна төлеу көзделген.
Осылайша, Конституция әлеуметтік қамсыздандырудың бастамаларын көрсетіп берді. Зейнетақы жүйесіне қатысты жоғарыда айтылған заңдылықтың бәрі Конституцияның баптарынан туындап отыр. Бүгінде Конституцияның нормалары мен принциптері іс жүзінде уақыт сынынан өтіп, дәлелдеуді қажет етпейтін сипат алды.
Рысты ҚАЛИЕВА,
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы»
Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы, заңгер.