d7247073bc79dc13004007a162869da4

Атырау қаласында эксклюзивті «Қарақат мектеп-студиясы» ашылды (+ФОТО)

Жаңалықтар Мәдениет Рухани жаңғыру Қоғам

Атырау қаласында балаларды өнер жолына бағыттауға арналған эксклюзивті «Қарақат мектеп-студиясы» ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қазақ эстрадасының жұлдызды жұбы, мектеп-студияның негізін қалаушы Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина қатысты.

«Қарақат мектеп-студиясы» – Атырауда

«Мектеп ашу – ұрпақ тәрбиесіне баса ден қойғанның көрінісі. Бұл ретте біз ұрпақтарымыздың ұлттық өнерімізбен сусындап, өсуіне үлкен көңіл бөлдік. Он жыл бұрын «Қарақат мектеп-студиясын» құрып, еліміздің болашағы кішкентай балғындары ұлттық өнерге дәріптеп келеміз. Соның ішінде бұрын біраз жылдар бойы жоғалып кеткен ұлттық аспабымыз – жетігеннің  үні қайта жаңғыртылды. Аспапты Болат Сарыбаев деген азамат өнер жолына қайта қосып, оны сахнаға Қарақат алып шықты. Одан әрі мектеп-студиясы  оны халық арасында  қайта түлетті. Бүгінде қазақ қыздарының осы өнерге баса ден қойып, қызығушылық танытып жатқаны бізді қуантады. Қазір Қазақстанның бес қаласында жұмыс жасап жатқан осынау орталықтың талай дарындарды өмірге әкелген Атырау өңірінде де ашылуы үлкен мерей» деді Қыдырәлі Болманов.

ANU_9595

Облыс орталығында жұмысын бастағанына екі ай уақыт болған аталған мектеп-студияда қазір үш жүзден аса шәкірт тәрбиеленуде. Жергілікті ұстаздар эстрадалық вокаль, дәстүрлі ән, жетіген, домбыра, қобыз, скрипка, актерлік шеберлік, фортепиано, би секілді өнер түрлері бойынша дәріс үйретеді. Қатысушылар төрт жастан 17 жас аралығында қабылданады. Фортепиано пәні – жеті жыл, қалған өнер сабақтары бес жыл оқытылады. Сабақ екі тілде жүргізіледі. Мектеп ұжымы жуырда «Телеарна таңдауы» номинациясын иеленді. Халықаралық «Жадыра, жас дарын» конкурсында жетіген, вокаль номинациясында сегіз шәкірт лауреат атанып, біреуі бас жүлдені жеңіп алды. Мектеп наурыз айында – Дубайға,  маусым айында  Бұқараға жолдама алды. Өнер шаңырағының аз уақыттың ішінде жеткен осынау жетістіктеріне тәнті болған Қарақат Әбілдина өнерпаздардың алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

d7247073bc79dc13004007a162869da4

Орталықтағы оқу негізінен ақылы. Мүмкіндігі шектеулі балалар тегін қабылданады. Жаңа нысанның салтанатты ашылуынан соң кішкентай өнерпаздар Құрманғазы  атындағы мәдениет сарайында есеп беру концертін өткізді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

2 thoughts on “Атырау қаласында эксклюзивті «Қарақат мектеп-студиясы» ашылды (+ФОТО)

  1. Қарақат мектеп студьясының Атыраудағы адресі және байланыс телефондарын жазып жіберсеңіз екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған