«Шығармашылық лаборатория»: Ақын Маржан Ершудың жаңа кітабы оқырманына жол тартты

dsc 0731 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/21 тамыз, 2020 жыл. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын-аудармашы  Маржан Ершудың «Шығармашылық лаборатория» атты кітабы жарыққа шықты. Көпшілік қауымға арналған кітаптың таныстырылымы  «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында өтті.

Жиын кезінде ақын  Маржан Ершу жаңа кітапты жазу туралы ой қалай туындағанын айтып берді.

  •    –    Карантинде кітаптар оқып, жазуымыз көбейді ғой. Осы кезеңде  қаламгерлер де біршама дүние жазған болар деп ойлаймын. Карантин күндерінде тілегімізді тілекке жалғап, күн кешудеміз. Мұң. Қандай ауыр күндер. Мазасыз күндер. Сол күндерде Хамит Ерғалиевтың «Қиын өткен қызығым-ай» деген кітабын оқыдым. Сол кітабында ардақты ақын ағамыз қаламгерлерге уақыт алдында, заман алдында есеп берудің маңыздылығын айтады. Хамит ақын жан сырын былайша ақтарады:

«Өз жайымды әңгімелесем оқырман менің не істеп, не қойғанымнан хабардар болып қана қоймай, заман ағымы мен менің арақатынасымды аңғара алатын сияқты. Қалай дегенде де бар-жоғымды түгендеп отыратын ойшыл оқырманнан артық мені білетін кімім бар? Сондықтан, бұл әңгімемді шығармашылық туралы шығарма деп те, автордың оқырман достарына ішкі дүниесін іркілмей айқара ашқаны деп те қабылдауға болар. Шығармашылықпен үзбей айналысқан адам жетпіс жасынан кейінгі еңбегінде өзін-өзі жинақтай бастайтын секілді. Осындай ойлар өз лабораториямды сезінуіме себін тигізгендей».

  • Хамағаның кітабы мені ойға жетеледі. Жай күнде бұл сөздердің қуатын сезіне алмас едім, тереңіне бойлай алмас едім. Бірақ, карантин кезінде жақсы ұғындым. Ойландым да, осы кітапты жазуды жоспарладым, – деді Маржан Ершу.

Кітапта ақынның шығармашылық лабораториясы кеңінен жазылған. Басынан кешкен қилы-қилы оқиғалардың жиынтығынан туған шығармашылық процестер, жаңа шығарманың дүниеге келу тарихының сан қилы сәттері баяндалған.   

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

dsc 0594
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз