«Ағылшынша сабақ берген мұғалімнің айлығы да жоғары болады»

ZHoldauy mindet pen mezhe2 e1516771123461 Білім

Атырауға жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарының басшылары және ғылыми кеңес мүшелерімен кездесті. Министр Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен атқарылатын іс-шараларды айқындап, стратегиялық бағыттарды түсіндірді.

Елбасы Жолдауы міндет пен меже

Университеттерге – зор жауапкершілік

Маңызды құжаттағы басты мәселенің бірі – адами капитал – жаңғыру негізі бойынша білім саласына, жоғары білім беруге, оқу орындарының кадр даярлау ісіне үлкен маңыз беріліп отыр. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, әсіресе, жаңартылған білім мазмұнына көшу – өзекті мәселе. Осы бағытта университеттерге зор жауапкершілік жүктеледі.

«Алдағы уақытта жоғары оқу орындарына академиялық қаржылық еркіндік берілетін болады. Яғни, университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғамға біріктіріледі. Соған сәйкес олар барлық қаржылық жағдайларын өзара келісіп шешеді. Мемлекет университеттердің бұл жағдайына араласпайды. Оқу орны ретінде әрі қарай өздерін қамтамасыз етеді.  Бұл ретте арнайы білім бағдарламаларын жасақтап, толықтай жаңартулар қажет»,-деді министр.

Оның айтуынша, ендігі кезекте университеттердің оқу бағдарламаларының деңгейі рейтингпен өлшенеді. Жүйеге арналған арнайы рейтингтік бағдарлама жасақталуда. Ол ақпан айында дайын болады. Ал, жаңа оқу бағдарламалары келесі жылдың ақпанында шығарылады. Осылайша, әр университет өз рейтингісі үшін жан-жақты жұмыс жасайды. Олардың білім беру бағдарламаларын министрлік рейтинг бойынша бақылап отырады. Түлектер де сол арқылы еліміздегі университтерді таңдауға мүмкіндік алады. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу да маңызды.

Елбасы Жолдауы міндет пен меже2

Тағы бір мәселе – жоғары оқу орындарын жаңа мамандықтармен толықтыру. Соның ішінде медицина факультетін қолға алу қажеттігі баса айтылды. «Бүгінде бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі қолдады. Олар осы бағытта өз қызметтерін көрсетуге де даяр»,-деді Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ, студенттерге онлайн лекция ұйымдастыру жаңа білім бағдарламаларына енгізілмек.

Латын әліпбиі – заман талабы

Бұдан басқа мектептердегі жаңартылған білім беру жүйесіне тоқталған министр бүгінде бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 85 пайызының әріп танымайтынын айтып, мұғалімдерге қиынға соққан бұл олқылықты түбегейлі жою қажеттігін алға тартты.

2019 жылдан бастап мектепалды даярлық сыныбынан латын әліпбиін үйрету басталады. Бұл жұмыстарды атқаруға екі комиссия құрылып, бүгінде жан-жақты іске кірісті. Уақыт жетпеген жағдайда латын әліпбиін үйрету 2020 жылдан қалмай басталады.

Мұғалім мәртебесі арттырылады

Екі сағат уақытқа созылған кездесуде білім беру саласындағы мұғалімдер мәртебесі, жаңартылған білім беру жүйесі туралы да ой қозғалды.

Белгілі болғанындай, үш-тілділікті дамыту мақсатындағы жұмыстар атқарыла береді. Бұл бағытта мектептерде ағылшын тілін оқыту үшін қазір 16 мың сала маманы арнайы курстан өтуде. 2019 жылдан бастап дайын мектептер бір пәнді ағылшын тілінде оқыта бастайды. Біртіндеп төрт пән толық ағылшын тілінде оқытылады.

«Мұндай жаңашылдықтарға сәйкес мұғалім мәртебесі де қалыс қалып отырған жоқ. Бұрын мұғалімдердің біліктілігінде жоғары, І, ІІ, ІІІ дәрежелі санат болса, бұлардың қатарына ең жоғары «шебер педагог» деген біліктілік деңгейі қосылады. Сәйкесінше, оларға санаттарына байланысты жалақы мөлшері де әрқалай есептеледі»,-деді Е.Сағадиев.

Айтуынша, ағылшын тілінде сабақ жүргізетін мұғалімдердің жалақысы басқаларынан 5-15 мың теңге аралығында артық болады. Ал, өз біліктілігін дәлелдеген қазақстандық мұғалімнің еңбекақысы 20-50% аралығында көбейеді.

Министрдің хабарлауынша, қазіргі уақытта біліктілікті растаудың жаңа жүйесі әзірленуде. Екі кезеңнен құралған жүйеде алдымен педагогтар ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Одан кейін педагог қызметінің қорытындыларын кешенді жалпылау жұмысы жүргізіледі. Былтыр және алдыңғы жылдары өз біліктіліктерін растаған мамандар үшін үстемеақының ескі жүйесі сақталады. Қазіргі заңнамаға сәйкес, бұл біліктіліктер бес жылға дейін жарамды. Сондықтан, барлық ескі санаттар мен оларға тағайындалған үстемеақылар сақталады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз