
«Тыңдалмаған сөз жетім»
“Махаббат – заңғар, қайсар шың, кез келген өрлей алмаған…” – жүректен шыққан осы бір сөздер «Atyrau Jastar Fest 2025» аясында өткен тағылымды кештің шымылдығын ашты.
Жыр мен сыр, ой мен сезім тоғысқан кештің ерекше сәті туды. «КітапХан» медиажобасының резиденті Хамит Ердеханұлы мен «Тыңдалмаған сөз жетім» рухани кешінің авторы Нұрбол Маратұлының қатысуымен өткен әдеби кеш көрерменді рухани саяхатқа жетелеген айрықша басқосу болды.
Бұл кеш – жанға тыныштық сыйлаған мамыр желіндей, көңілдің қатпарлы пернелерін түрткен нәзік әуендей әсер қалдырды. Әр айтылған сөз – жүрекке құйылған мөлдір бұлақтай, әр ой – көкірекке қонған қоңыр қаздай, әрбір әңгіме – көкжиектен төгілген таң шуағындай жылу сыйлады.
Кітапқа деген сүйіспеншілік қайта жаңғырып, оқырман жүрегінде ұмыт қалған парақтар тірілді. Әдебиетпен қатар, өмірдің терең мәні мен адам жанының ең асыл сезімі – махаббат туралы сырлар ақтарылды.
Іс-шара облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, сондай-ақ «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Мұндай рухани тоғысулар – ұлттың жан дүниесін байытып, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік пен парасаттың дәнін егетін мәңгілік құндылық болып қала бермек.
Ботагөз ИСАТАЙ