«ЫМЫРТТАҒЫ МАХАББАТ»

Әкемтеатрдың Атыраудағы жаңа маусымының екінші күні Г.Гауптманның пьесасына қойылған режиссер Рубен Андриасянның «Ымырттағы махаббат» драмасымен жалғасты. Сырғи ашылған сахна пердесі көрермендерді сілтідей тындырды. Көркем декарация шынайылығымен, әсемдігімен бірден көзге түсті. Махаббат тартысы, әке мен бала арасындағы кереғар көзқарас. Негізінен дүниеқоңыздық пен көрсеқызарлықтан туған қаскөйлік. Оқиға желісі сонау 30-жылдардың басындағы қоғам өміріндегі өзгерістерді, ақыры Германияда үкімет басына фашизмнің келуіне себеп болған жағдайлардың алғашқы кезеңін суреттейді. 

Жасы жетпіске келген Матис Клаузенің жиырма жастағы Инкен Петерске деген сүйіспеншілігі, екеуінің бас қосуы, үйлі-күйлі болып, ержеткен ұл-қыздарының қызғанышын тудырады. Әке байлығын өгей шешелеріне бұйыртпаудың барлық айла-амалдарын қарастырады. Дүниеқоңыздық пен ашкөздіктің құлы болған балаларының адамшылық қасиеттен жұрдай екендігі Клаузенің жанын күйзелтіп, жүрегіне салмақ түсіреді. Жанына жақын Штейниц (Қ.Тастанбеков), Гейгер (Т.Аралбай) сияқты жақтастары қанша қорғаштаса да зұлымдық жеңбей қоймайды. Ақыры Матис Клаузенің қайғылы өлімімен аяқталады.
Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер Рубен Андриасянның М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасына шығарып отырған бұл алғашқы қойылымы екен. Сәтті қойылымның өңін ашып, әрін келтірген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған дарынды топ көрермендерін баурап, драманы өн бойына сіңіріп алғандай. Әсіресе, Матис Клаузені сомдаған Асанәлі Әшімовтің шеберлігіне тәнті болып, таңдай қағыспаған адам кемде-кем-ау. Қол орамалдарын көздеріне жиі апарғыштаған көрермен де көзге түсті. Соңғы қатардағы бір көрермен: «оңбағандар-ай, мына қасқаның жүрегін тағы ауыртты-ау» деп күңкілдегені де құлаққа шалынды. Бейне спектакль көріп емес, болып жатқан оқиғаға тірі куә болғандай күй кешті көрермен. Міне, әртістің шеберлігі, өнердің құдіреттілігі. Қазақстанның Халық әртісі Қ.Тастанбековтің, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Т.Аралбайдың, Б.Қожа, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Б.Қажынәбиева, Д.Темірсұлтанова басқа да көпке танымал өнер майталмандарының сомдаған бейнелері асқан шеберлікпен орындалды.
Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртісі Әлия Жақсыбаева өз толғанысын былайша жеткізді: «Керемет. Декорация, режиссерлік жұмыс, актерлердің ойыны, олардың ойнау техникасы – бәрі-бәрі бір-бірімен үндестік тауып жатыр. Біздің театр әртістеріне бұл қойылымдарды көру үлкен мектеппен тең. Әсіресе жастарымыз үшін. Бұрынғыдай басқа жерлерге барып, тәжірибе алмасу қазір жоқ қой. Әкем театр әртістерінің араға он жылға жуық уақыт салып, біздің өңірімізге келуі мәдениет саласындағы қызметкерлер үшін де, жалпы қалың көпшілік үшін де үлкен жетістік болды деп есептеймін. Әріптестер өнерін тамашалаған біздің театр әртістері үшін бұл нағыз мастер-класс болды» деп қуанышын бөлісті.
Көрермендер әсерін де ауызбен айтып жеткізу қиынға тигендей. Өзін Құлшарап Шомаев деп таныстырған көрермен қойылымға отбасымен келіп отырғандығын айта келіп: «Театрға келіп, жақсы қойылымдарды көруді жақсы көреміз. Сәтті туындыларды бағалаймыз. Шынымды айтсам бүгінгі қойылымдағыдай рухани нәр алмаппыз. Асанәлі Әшімовтің әрбір сөзі, жүріс-тұрысының шынайылығы сол, ол рөлде ойнап емес, кәдімгі бір шытырман оқиғаға тап болып, жан қиналысын көріп жүрген адам сияқты. Ғажап шеберлік. Өзімен бірге күлдірді, өзімен бірге жылатты жұртты. Құман Тастанбеков, Б.Жанғалиева, А.Сұрапбаев сынды белгілі өнер иелері де шеберліктерімен тәнті етті. Атырау халқының мемлекетіміздің академиялық бас театрының өнерпаздарының өнерін тамашалауға мүмкіндік жасаған облыс әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Өнер мәңгілік. Сол мәңгілік өнердің өрелі биіктігін көрсететін театр десек, бұл кейінгі ұрпақ үшін де үлкен ұлағат деп түсінемін», – деп өз ойын ортаға салды.
Осы жерде әңгімеге араласқан зейнеткер Амантай Жалғасбаев: «Кешеден бері Атырау керемет өнер жәрмеңкесіне тап болғандай. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры араға он жыл салып, біздің туған топырағымызға табан тіреді. Бұл – үлкен құрмет. Осыдан он жыл бұрын келгенде де қойылымдарда болғанмын. Өкінішке орай, сол кезде ойнаған талай дарабоздар бүгінгі күні бұл ортада жоқ. Ол – өмір заңы. Бүгінгі жас әртістердің аяқ алысына қарап, қазақ өнерінің биіктігін көріп қуанып отырмын. Бір «әттеген-ай» дегізетін тұсы жоқ, бір-бірімен сабақтасып, жымы үйлесім тауып, тұтас бір дүниені мынандай әсерлі етіп шығару нағыз таланттардың ғана қолынан келері анық.
Асанәлі Әшімов – қазақтың театр және кино өнерінің алыбы. Өзі бастап атыраулықтарға осындай өнер мерекесін сыйлаған Асанәлі ағамызға ризашылығымызды білдіреміз. Инкен Петерсті, Иммосты сомдаған жас әртістер де өздерінің өнер жолындағы болашақтарының мол екендіктерін көрсете білді. Шындығы керек, халықтың барлығы бірдей жапа-тармағай Алматыға барып, театр қойылымын көріп қайту мүмкін емес нәрсе. Ал, бізге он күн қатарынан қойылымдарды тамашалауға мүмкіндік жасалып отыр. Бұл облыс басшылығының мәдениетке және туған халқына жасаған жайсаң істерінің бірі деп бағалаймын. Өте ризамыз, рахмет айтамын» деді.
Көрермендер осылайша өздерінің ақжарма тілектерін білдіріп, көңілдерінен шыққан ақ ниет алғыстарымен бөлісті.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз