«Доча» дегенді «айналайынмен» алмастыруға болмас па?

zhas urpaktyin 1 Жаңалықтар

Бүгін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Елсана» руханият клубының ақылдастарымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, халық қалаулылары Сәрсенбай Еңсегенов, Бақытбек Смағұл, ұлттық қолөнерші Ырза Тұрсынзада және басқа да клуб мүшелері мен мектеп директорлары қатысып, ойларын ортаға салдcof

 

Мақсат – елдің өткені мен бүгінін ескере отырып, ертеңін ойластыру. Мынау жаһандану заманында өзіміздің бірегейлігімізді сақтап қала аламыз ба, жоқ па? Міне, ақылдастар алқасы осы сұраққа жауап іздеді. Өз кезегінде шара шымылдығын ашқан аймақ басшысы еліміздің рухани тұғырын бекітуге жұмыстанып жүрген клуб мүшелеріне өз алғысын жаудырды.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында барлық мәселе егжей-тегжейлі айтылған. Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру бағытында мемлекет тарапынан қажеттінің бәрі жасалған. Бүгінгі жағдайға дейін жеткізген азаматтарды ардақтау, еңбектерін ескеру, олардың жолын жалғар ұрпақ тәрбиелеу – ортақ міндет. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден екенін айтқан болатын. Мұнымен не деуге болады? Яғни, біз көп жағдайда баланың академиялық білім алуына көңіл бөліп, оның есеп-қисап пен физикалық құбылыстарды терең білгенін қалаймыз. Бірақ, оның мінезін қалыптастыруға келгенде ақсап жатамыз. Бұны жасырудың жөні жоқ. «Ауруын жасырған өледі» деген тағы бар.

Иә, әрине, академиялық білім қажет. Бірақ тиісті деңгейде меңгерілсе жетіп жатыр. Адамның жан-жақты болып өскені жақсы ғой. Әйтсе де, жастар өзінің арғы тегін, қайдан, қалай өрбігенін білуі тиіс. Жеті атасынан бөлек, елінің тарихын бес саусағындай білетін ұрпақ өсіріп-өндіруіміз керек. Сондай-ақ, тәрбие жағын да ұмыт қалдырмаған жөн. Өйткені, тәрбиесіз берілген білімнің қауіпті екені баршаға аян. Осы орайда, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, таразы басын тең ұстай білу қажет. Сол жолда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдасақ, еңбегіміз сонда ғана жанады.
Бұл үшін айтарлықтай үлкен шаралар өткізу міндет емес. Ұшқыннан жалын шығады, тамшыдан теңіз құралады емес пе? Әркім өз отбасында осы әңгімелерді қозғап отырса да жетеді. Сонда бүгінгідей көшеде кетіп бара жатқан кей ата-аналардың балаларына «доча, сына» деп айтып жатқан сөздері де артта қалатын болады. Қазақтың осы сөздерді алмастыра алатындай «айналайын», «көкем», «ботам» деген тамаша сөздері көп қой. Баланы «мектепке барған соң ұстазы үйретеді» деп күтіп отырмай, үйде де ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге болады. Бұл әр ата-ананың, әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Кей кездері сол парызымызды орындай алмай жатамыз. Міне, отбасындағы осындай олқылықтардың орнын толтырып жүрген «Елсана» клубының 600-ден астам мүшесі болса, бәріне зор алғысымды білдіремін, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Happy Asian Family Playing with daughter in the living room

Алқа отырысында маңғыстаулық «Абай әлеміне саяхат» клубының басшысы Сайын Назарбекұлы Абайтану іліміне қатысты жарық көрген оқу құралдарын атыраулық білім ұяларына таратуға ұсыныс жасады. Қалай болғанда да, қырық құбылған қоғамда өмір сүріп жатқан кім-кім де жаһандануға жұтылып кетпей, өзіне тән дара қасиетін сақтап қалғысы келетіні анық. Осыны меңзеген өңір басшысы Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдық мерейтойында айтылған бір профессордың сөзін мысалға келтірді. «Менің мемлекетімнің «терезесі» өзге елдерден есетін «самалға» ашық. Бірақ сол самалмен бірге рухани мұрамның кетіп қалғанын қаламас едім» деген болатын ол.

Бір ерекшелігі, аталған клуб басшысы Нұрберген Дәулетов бұл жұмыстардың бәрін жеке және құрылтайшылардың қаражаты есебінен жүргізіп отыр. Осы жерде айта кетер бір жайт, Президент азаматтық қоғамды қалыптастыра отырып, мемлекеттік іске қоғамның араласу қажеттігін айтқан болатын. Бұл бағытта арнайы министрлік те құрылған еді. Яғни, әр қазақстандық өз болашағына алаңдауға жауапты. Екіншіден, өз ойын ішіне бүкпей, айналамен бөлісуі керек. Облыс әкімі халық пен билік өкілдерінің арасына алтын көпір орнату, әр тұрғынды жеке қабылдап, көтерген мәселесін шешу жолында жұмыс жасалып жатқанын тілге тиек етті.

– Әлеуметтік тапсырыстарды қабылдауға мүмкіндік мол. Жергілікті кез келген басқармаға келіп, «осындай мәселеге орай ұсынысым бар еді, егер қажетті қаржы табылса, нәтижесі болар еді» десеңіздер, қолдау білдіруге дайынбыз. Әлеуметтік жобаларға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру міндеті тұр. Бүгінде осындай 600-ден астам ұйым тіркелген болса, соның тек жүзге жуығы ғана белсенді және 20-30-ы ғана күнделікті іс-шаралардың қасынан табылады.

Естеріңізде болса, көптеген жасөспірім «көк кит» деген ғаламтордың торына шырмалып қалған еді. Бұл дертпен ел болып күресіп, ақыры бетін қайтардық. Қазір де суицидпен күрес жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Буыны қатпаған, әр нәрсеге еліктегіш бала уақытша қиындыққа қарсы тұра алмайды. Олардың бойына ата-баба салт-дәстүрі мен ұлттық мұраны сіңіру қажет. Бұған барлығымыз бірдей жауаптымыз. «Тәрбиемен тек мұғалімдер мен тәрбиешілер айналыссын» деп қолды бір сілтемей, жұдырықтай жұмылсақ қана нәтиже болады. Бұл – бір күнде бітпейтін, үздіксіз жұмыс, – деді аймақ басшысы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз