Әділдіктің ақ семсері
АТЫРАУ ТОПЫРАҒЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, ҚАЛАМГЕРЛІК ӨМІРІ «ATYRAÝ » ГАЗЕТІ РЕДАКЦИЯСЫНЫҢ ҚАБЫРҒАСЫНДА ҚАЙРАЛҒАН, ФЕЛЬЕТОН ЖАНРЫНЫҢ ЖІЛІГІН ШАҒЫП, МАЙЫН ІШКЕН ЖУРНАЛИСТ НҰРЕДЕН МҰФТАХОВТЫҢ (НУРИ МУФТАХ) ӨЗІ ТУҒАН ӨЛКЕДЕ МАҚАЛАЛАР ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ. БҰЛ ШАРАНЫҢ ӨТУІНЕ ҰЙЫТҚЫ БОЛҒАН – «АТЫРАУ-АҚПАРАТ» МЕДИАХОЛДИНГІ. БАС ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ИСАТАЙ БАЛМАҒАМБЕТОВ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІНДЕ ҚАЛАМГЕРДІҢ ӨМІР ЖОЛЫ, АЗАМАТТЫҚ КЕЛБЕТІН АЙШЫҚТАР ЕСТЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, саналы өмірінің бір бөлігін облыстық «Аtyraý» және республикалық «Егемен Қазақстан» газеттеріне арнаған көрнекті қаламгердің мақалалар жинағы автордың жан-дүниесіне сай «Әділдіктің ақ семсері» деген атаумен жарыққа шықты. Екі тілде бірдей жүйрік жазуы, тілінің өткірлігі, білімділігі біртөбе де, мақалмәтелді шебер қолданатын жазу стилі оқырманды сүйсіндірмей қоймайтын. Жеделділігі сондай, бір мезгілде әртүрлі тақырыптағы проблемалық, сын мақалалары әртүрлі газеттерде жарияланып жататын әз ағаның бұл жинағына 1981, 1996-1998, 2000 жылдары жарық көрген мақалалары мен қаламгер туралы жазылған естеліктері енген. Ол туралы бір кездегі Республика Жоғарғы сотының төрағасы Тамас Айтмұхамбетов былай деген екен:
«Егер заңгерлік дипломы жоқ бір адамды Жоғарғы сотқа мүше етіп алу керек болса, мен ойланбастан Нури Муфтахты ұсынар едім. Ондай жан-жақты білімді, заңды, Конституцияны жатқа білетін, талдай алатын, оны өмірде орнымен қолданатын маманды көрген емеспін».
Ақиқатты бетке ұстап, арды ойлаған азамат үшін бұдан артық баға бар ма? Бұл тұсаукесер бұрынғылардан өзгерек болып, Атыраудың төрт бірдей тұлғалы азаматы салтанатты түрде кітаптың лентасын қиып, қанша қиын болса да Нури Муфтах ағаны өткен шақта еске алды. Бала кезден бірге өскен досы Төкен Жұмағұлов өткен күндерден сыр шертіп, жарты ғасырға жуық уақыт артта қалған алғашқы отбасылық кездесулерін еске алды. Әріптесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай журналистика саласына Нуридің ізін жалғайтын мықты фельетоншылар келсе деген ізгі ниетін жеткізді. Одан кейін сөз алған Төлеген Берішбай, Амангелді Қуаналиев, Адайбек Есекеновтер Нұреден Лұқпанұлы жөнінде естеліктерін айтты. Кітаптың құрастырушысы әрі идея авторы, жиені Гүлнар Шайхашева кітап дайындалғаннан бастап басылып шыққанға дейін қолғабыс білдірген, игі іске ортақ болған жандардың бәріне ризашылығын білдірді. Алматыдан арнайы келген қызы Жанна Муфтахқызының естелігі жүректерді тебірентпей қоймады.
– Бұл дүниеден өткеніне жиырма жыл болса да, әкем туралы өткен шақта сөйлеу мен үшін өте қиын. Әлі күнге жүректегі сағыныш жасы жанарыма тығылып тұрады. Әкеміз үйде асқар таудай әке болды. Біз оны журналист деп ойламадық.
Бір күні студент кезімде ата-анамыз жоқта үйге бір бейтаныс жігіт келді. Қолында бір қорап кәмпиті мен коньягы бар. Әкемді сұрады. Үйде жоқ екенін айтып, қазақтың салтымен төрге көрпе жайдым. Қонағымыз шай ішіп отырып, өзінің келген мақсатымен бөлісті. Жай келмепті, әкеме алғыс айтуға келген екен. Өзі бір жетім жігіт, әділетсіз істі болып, әкеме хат жазады. Папам барып, істің мән-жайымен танысып, жас жігітті құтқарып қалады.
«Сотталып кеткенде, өмірім күл-талқан болар еді» деп жан сырымен бөлісті. Мен сонда түсіндім әкемнің жай журналист емес, әділеттің ақ жолымен жүрген, халқының қорғаны екенін. Қайтыс болғаннан кейін де елдің түкпіртүкпірінен көп достары, оқырмандары іздеп келіп, қайғымызды бөлісті. Өте қарапайым жан еді. Біздің үйге халық әртісі де, министр де, жүргізуші де, жазушылар да келетін. Соның бәрін құшақ жайып қарсы алатын кең жүректі адам болды. «Мынау мынадай» деп ешкімді лауазымына қарап бөлген емес.
Бала кезімде «Я когда еду домой, я иногда боюсь что на мою голову упадет кирпич» деп айтатыны әлі есімде. Бұлай айтуының себебін кейін есейгенде ғана түсіндік. Ешкімнен қорықпай тура айтқан, адалдықпен, әділдікпен жазған мақалалары кітап болып жарыққа шыққанына, осы қуанышқа ортақтасып келгендеріңізге, әкем туралы айтқан жылы сөздеріңізге, әкемнің туған топырағына келіп, ағайын-туыс, ағаінілерімді, әкемнің әріптес-жолдастарын көргеніме қуаныштымын. Әкем Атырауды өте жақсы көрген, өз халқын сүйген және өз халқына жақсы өмірді армандаған жан еді. Әкем журналист, анам да осы факультетті тәмамдаған.
Бірақ, балалары мен немерелерінің арасында әзірге бұл мамандықты таңдаған ұрпақтары жоқ. Мамандығымыз басқа болғанымен, басылымдарға мақалалар жазып тұрамыз. Шөберелері болар деген үміттеміз. Бір жыл бұрын осы кітап туралы маған Гүлнар айтқанында үлкен іс болып көрінген. Гүлнардың батырлығы, батылдығы сондай, кітапханалардан барлық мақалаларын тауып, осындай кітап шығарды. Осы еңбегі үшін Гүлнарға да, демеушілік көрсеткен Төкен ағама алғысым шексіз. Еліміз, Атырауымыз аман болсын! — деді Жанна Нұреденқызы.
Әділдіктің ас семсері болған азаматтан Атырау халқы қашан да өз құрметін аямайды. Оның өзге де туындылары болашақта тағы да жаңа кітап болып шығуына ұйымдастырушылар мен демеушілер дайын екенін жеткізді.
Салтанат САНСЫЗБАЙ