Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетФОТОГАЛЕРЕЯ

ӨЛКЕ ТАРИХЫ – ҰРПАҚ МҰРАСЫ (+ФОТО)

Atr.kz/31 желтоқсан, 2019 жыл. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы  мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесе өткізген «Өлке тарихы және оның өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысы болып өтті. 

            Ел тарихы мен өңір тарихының келелі  мәселелері кең көлемде сөз болған жиынға аймағымызға белгілі тарихшылар мен өлкетанушылар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы, тарих мамандығы магистрантары мен облыс мектептеріндегі тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.

            Көпшілік алдында алдымен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов сөз алып, ел тарихының бүтінделуі мен жинақталуы жолында жасалып жатқан жұмыстарды тізбектей келе, өлке тарихшыларының алдында тұрған кейбір өзекті мәселелерді  атап өтті. Бүгінгі күні елімізде «Қазақстан тарихы» атты үш томдық энциклопедияның жинақтала бастағанын жеткізе отырып, жергілікті өлкетанушылар мен тарихшыларды осы жауапты да игі іске жұмыла атсалысуға шақырды. Ұрпаққа мұра болып қалар жинаққа  нақты дәлелденген тарихи деректерді жолдауларын сұрады.

            Келесі кезекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ғизаттолла Халидуллин ортағасырлық Сарайшық қаласы мен Алтын Орда тарихының зерттелуіндегі жетістіктер мен олқылықтарды жеткізе келе, батыс өңірінде су асты археологиясының дамымай отырғандығын айтты. Ал, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей  меңгерушісі  Нұржан Төлепов Исатай мен Махамбет батырлар бастаған ұлт-азаттық көтерілісі тұсында болған әйгілі Ақбұлақ шайқасының өткен орыны турасындағы  жаңа жорамалдары мен болжамдары жөнінде дәлелдер келтірді. Көпшілікке жайылған картадан шайқастың өткен жерінің координаталарын көрсетті.

dsc 0023
dsc 0131
????????????????????????????????????

Осы тұста жиылысқа жиналған зиялы қауым қос батыр бастаған көтерілісшілердің жүріп өткен жерлерін зерттейтін арнайы экспедиция шығару мәселесін ортаға салды. Алдағы уақытта осы игі бастаманы қолдау  ұсынысы тиісті орындардарға жеткізілетін болып келісілді.

Шара барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры  Аққали Ахмет  ІІ Дүние жүзілік соғыстың  ақтандақтары мен  өзекті мәселелері туралы ой өрбітіп, қазақ жауынгерлерінің соғыста көрсеткен ерліктері әлі де толық насихатталмай жүргендігін  жеткізді. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар Алтын Орданың рухани астанасы болған Сарайшық қаласында жерленген ұлы тұлғалар туралы тың деректерді келтіре отырып, тарихшылар тарапынан Алтын Орда дәуірінің зерттелуіне әлі де тиісті көңіл бөлінбей отырғандығын айтты.  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі Амангелді Шамғонов  орта мектеп оқулықтарында Махамбет ақынның жерленген жері Жем өзенінің бойында деп қате көрсетілгенін  тілге тиек етіп, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорынан осындай өрескел олқылықтарды түзеу бағытында қандай шара жүргізілетінін сұрады. Зиябек Ермұханұлы  бұл кемшілікті түзетуді жеке бақылауына алуға уәде берді.

Жиын соңында  Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы басшылары алдағы уақытта ғылыми-тәжірибелік конфернециялар мен дөңгелек үстелдерді, жобаларды ұйымдастыру мен өткізуді бірлесе жүзеге асыру туралы екіжақты келісім-шартқа қол қойды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

dsc 0010
????????????????????????????????????
dsc 00531
????????????????????????????????????

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button