Күй өнерінің Құлагері Рысбай Ғабдиев атындағы конкурс өтеді

Жаңалықтар Мәдениет

Төкпе күйдің небір дүлдүлдерін түлеткен туған өлкемізде мақтанарлық ұл-қыздар көп. Солардың ішінде кешегі аға буын ақиықтар арасында Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, дирижер, дәулескер күйші, профессор Рысбай Ғабдиевтің орны ерекше. Ол төрт жасында қолына домбыра алып, жеті жасында жұртшылық алдына шықты. Араға бірер жыл салып, сақылдаған сары аязда Ғалымжан ағасы оны  қой терісінен тігілген алып тонға орап, түйе шанамен №13 ауылдан Жаманқалаға жеткізіп, аудандық сайысқа қа- тыстырды. Сегізінші сыныпта оқитын ол Алматыда өткен ауыл-село көркемөнерпаздар слетінде бас жүлдені иемденді.

%d3%a9%d0%bd%d0%b5%d1%80

Бұл жолы Рысбай Құрманғазының Дина нұсқасындағы «Төре-мұрат» және атақты «Байжұма» күйлерін орындаған болатын. Байрақты атақты әртіс Құрманбек Жандарбековтың қолынан алды.

Сол жылы ол Чайковский атындағы музыка училищесіне қабылданды. Мұнда оқып жүріп Ф.Мансұров жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы консерватория жанындағы студенттердің қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрамында ойнады. 1957 жылы осы оркестрмен Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың  бүкіл дүниежүзілік VI фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Кейін сол Ф.Мансұровтың қамқорлығымен Ш.Қажығалиев жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі құрамында примада ойнаушы және жеке күйші-орындаушы, уақыт өте прима тобының концертмейстері болды. Талай елде өнер көрсетті.

Рысбай Хисметоллаұлы әуелден күй үшін туған аса шебер және сол шеберлікті халықтың өзінен үйренген дәулескер күйші еді. Бір ғажабы сол, оның орындау шеберлігін ешкім қайталай алмайтын. Мәселен, жоғарыда аталған  «Төремұрат»,  «Байжұма», «Терісқақпай», «Қайран шешем», «Көркем ханым», «Кербез Ақжелең», «Бұлбұл» күйлерін сондай туындылар қатарына жатқызар едік.

Кезінде Шамғон Қажығалиев: «Рысбай – бармағынан бал -тамған ғажап домбырашы ғана емес, республика мәдениетінің табиғаттың өзінен жаратылған тұнба бұлағы. Ол, сондай-ақ, оркестр табиғатын жүрегімен сезініп, көрермен көкейіне қонақтар әуез таба білетін нәзік сезімтал жан, ірі тұлға» деп бағалағанындай, ол Алматы облысының Еңбекшіқазақ, кейін Атырау облысындағы Еркінқала және Мақат аудандық мәдениет үйлері жанынан қазақ ұлт аспаптар оркестрлерін құрып, республикалық, одақтық жарыстардың жүлделерін иеленді. Шетел асып, Болгарияда өнер көрсетті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы бұрыннан халықтық атағы бар, бірақ, кейінгі жылдары жұмысы қожырап кеткен, аты бар да заты жоқ Дина оркестрін кәсіби ұжымға айналдырды. Өзі басқарған он төрт жылда оркестр облыс аудандарын түгел аралап, Астана, Алматы, Көкшетау, Орал, Астрахан қалалары мен Түркияның сахналарында қазақтың әні мен күйін төгілте шырқады. Сөйтіп, ол өз атын өнер аспаны, күй төрінде мәңгі қалдырды. Талай тамаша шәкірттер тәрбиеледі.

Атырау облысы әкімшілігі осындай тамаша ұлы тұлғаның есімін ұлықтау, келер ұрпақ есінде қалдыру үшін оның атындағы республикалық дирижерлер байқауын өткізу бастамасын көтерген-ді. Соған орай, Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қарашаның 3-4-і күндері Р.Ғабдиев атындағы І республикалық дирижерлер конкурсы өтпек. Оған еліміздің түрлі облыстарынан он беске тарта дирижер қатысады деп күтілуде. Бәрі де  Д.Нұрпейісова атындағы Атырау об-лыстық Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі орындайтын туындыларға басшылық ету негізінде өз шеберліктерін ортаға салмақ. Ойналатын шығармалардың дені Р.Ғабдиевтің репертуарындағы туындылар болатынын сөзсіз.

Келіңіздер, көріңіздер, баға беріңіздер! Біз сіздерді күтеміз!

Қамбарбек ДҮЙСЕНБАЙ,

Д.Нұрпейісова атындағы Атырау

облыстық Академиялық қазақ

халық аспаптары оркестрінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған