
Экономика
Халыққа қолжетімді медицина – өңірлік дамудың маңызды бөлігі
Экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әлеуметтік әл-ауқаты елдегі денсаулық сақтау жүйесінің деңгейімен тығыз байланысты. Осы бағытта мемлекет 2024–2027 жылдар аралығында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға баса назар аударып отыр. Атап айтқанда, аталған кезеңде елімізде 30 жаңа денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Бұл жобалар тек салалық инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған ауқымды жаңғырту жұмыстары Атырау облысын да қамтып отыр. Өңірде бірқатар жаңа медициналық нысандардың құрылысы қолға алынып, бұрыннан бар емдеу мекемелері кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Бұл әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін сапалы медициналық көмекті барынша жақындатуға сеп болмақ.
Жаңа нысандардың іске қосылуы денсаулық сақтау объектілерінің тозу деңгейін 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заманауи құралдармен жабдықталған мекемелердің саны артып, жоғары технологиялық медициналық қызметтер аймақтық деңгейде де қолжетімді бола түспек.
Саладағы тың серпіннің тағы бір маңызды нәтижесі – халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсаруы болмақ. Жоспар бойынша, ана мен бала денсаулығын қорғау шараларының күшеюі, профилактикалық медицинаның дамуы, сондай-ақ ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің кеңеюі туу көрсеткішінің артуына және өлім-жітім деңгейінің төмендеуіне сеп болады.
Үкімет алға қойған басты мақсаттардың бірі – халықтың өмір сүру ұзақтығы көрсеткішін 75 жасқа дейін жеткізу. Бұл — тек медициналық жетістіктердің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар тұтас экономикалық дамудың, өмір сүру сапасының артуының көрсеткіші.
Еркеназ ҚАЛИЖАН