ДАҒДАРЫСТАР ӨТЕДІ ДЕ, КЕТЕДІ…
Сонымен бірге, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын, баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамы» осының алдын алуға бағытталған болатын. Мұнда Мемлекет басшысы еліміздің экономикасында дағдарыстың жоқтығын баса айтып, келеңсіздіктердің сыртқы нарықтың әсерінен болып жатқандығын жеткізді. Мәселен, мұнай бағасының төмендеп, өзге де экспортқа шығарылатын шикізат бағаларының арзандауы кез келген компанияларға әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда, Мемлекет басшысы кәсіпорындарда өнімділік азайған жағдайда да жұмыс орындарын қысқартпауды міндеттеді.
Қазіргі жағдайда қиындықтар бар. Себебі, алдымен, мұнай бағасының төмендеуі тек еліміздің экономикасына ғана емес, әлемдік экономикаға әсер етері сөзсіз. Көрші Ресей, Қытай елдерінің төлем, яғни сатып алу қабілеттері төмендейді. Сондықтан, түрлі тежеулер, кедергілер болары айқын. Бұған дейін Үкімет пен Ұлттық банк жай ғана дәліз, яғни, теңгенің бағамын жасанды түрде тежеп, ұстап келді. Ол өзінің дәлізін` белгілі бір дәрежедегі мөлшерде, өзінің шеңберінде, ал, қалғанын Ұлттық қордан жауып келді. Енді мынадай әлемдік қаржы жағдайында Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, өз тарапынан шараларын алып жатыр.
Ең алдымен, теңге бағамын еркін айырбастауға көшуде. Бұл өте керек, бұған дейін де күтіп жүргеніміз осы. Шындығында, нарықтың жағдайы сұраныс пен ұсынысқа негізделеді. Яғни, сұранысың көп болса, баға да жоғары болады. Сұраныс аз болса, баға төмендейді. Ендеше, бұрыннан айтып келе жатқан бәсекелестікте өз орныңды алу үшін, алдымен, өндіретін тауардың өзіндік құнын, яғни, шығынды азайтып, сапасын арттыру маңызды. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдар ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бұл – өте қажетті, әрі маңызды шара. Әрине, алғашқы уақытта қиындықтар, түрлі ауытқулар болуы мүмкін. Бірақ, кейін бәрі оңтайланары анық.
Бұған дейін де мұндай өткінші қиындықтарға, алапат дағдарыстарға қарамай қайыспай төтеп бергенбіз. Азия дағдарысынан, тіпті, дүниежүзілік дағдарыстан да, 2007-2009 жылдардағы қиындықтарды да табысты өткердік. Енді елдегі жаңа ақша-несие саясатының шараларын іске асыра отырып, бүгінгі жағдайдағы ахуалдан да өтетінімізге сенімдімін.
Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал, ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық.
Бақтыбек ТАУБАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.