Теңге тиыннан… Қаржылық сауаттылығымыз қандай деңгейде?

0ee0188ea0c2c48333f362c122c91c0f l Жаңалықтар

Бала кезімізде үлкендеріміз «Үш жылдығын ойламаған еркектен без, үш күндігін ойламаған әйелден без» деп жиі айтушы еді. Келешегін ойлап, қарекет ететіндер азайған ба, бүгінде әлеуметтік желіде қаржылай көмек сұраушылардың қатары көбейді. Әлде көкеміз бергендей, жүгіріп барып алатын несие бізді сондай жауапсыздыққа жеткізді ме? Не де болса карантин көп мәселеге өзгеше қарауды үйретті. Сондай-ақ, ол қаржылық сауатымыздың төмен екендігін де айқындап берді.

Мектепте үйретілмейтін ілім

Бүгінде карантин талаптары жеңілдетіліп, көптеген жұмыс орындары, кəсіп нысандары қайтадан ашылуда. Десек те, коронавирустың екінші толқыны, онымен қоса дағдарыстың болуы ықтималдығын ескерсек, босаңсуға əлі ерте екені анық. Осы жағдайларды ескере отырып, алғаш елімізде карантин болған сəттерде əлеуметтік желі арқылы елге қаржылық сауаттылық туралы тегін сабақтар өткізген, 18 жыл қаржы саласында басшылық қызмет атқарған, Нұр-Сұлтан қаласы іскер əйелдер кеңесінің мүшесі Əсел Жарасқалиқызына хабарласқанды жөн көрдік. Сондағы мақсатымыз – қаржы əлемінің біз білмейтін қыр-сыры, қаржылық қиындықтардың алдын алуды жоспарлау мен олардан құтылудың жолдарымен халықты кеңінен таныстыру еді.

Əсел Жарасқалиқызының айтуынша, қаржылық сауаттылық – қаржыны саналы да, сапалы басқару. Ең маңыздысы, қанша ақша табуда емес, ең бастысы – келген ақшаны берекесімен, яғни, ретімен жұмсау. Өкінішке қарай, елімізде келген пайданы басқару тұрмақ, жалпы қаржылық білім туралы мектепте де, қоғамда да нақты үйретпейді. Əр адам өзі үшін ізденіп, өз тəжірибесімен жұмыстанып жүр. Ал, өз өміріңіз мəнді жəне сəнді өтсін десеңіз, бүгіннен бастап ақша ағымын қолға алуыңыз қажет.

«Қаржылық жастық»

Қаржы саласында осы сауаттылықтың, қор жинаудың бастапқы алғашқы шарты «Қаржылық жастық» деген дүние бар. Оны қалай сақтап, қай уақытта пайдаланған дұрыс?

– Қаржылық жастық – ол ертеңгі күнге артылған жинақ ақшаңыз. Əр елде оны əрқалай атайды. Ал, мен «болашақ жақсы күндеріме арналған қорым» деп жиналғанын дұрыс деп есептеймін. Көп уақытта армандаған жаңа жұмыс іздеуге немесе жұмыс ауыстыруға, оқуға, шетелдерді аралауға келгенде сұрақ ай сайынғы табысқа келіп тіреледі. Жоғарыда айтылған мақсаттар тұрмақ, бүгінде адамдар ауырған кезде айлыққа тəуелділіктен жұмысқа шығуға мəжбүр болуда. Алысқа бармай-ақ еліміздегі індет жағдайы көпшілікке тікелей қаржылық соққы берді. Сондықтан, болашақ жақсы күндеріңізге арналған қаржылық жастығыңыз болғаны абзал, – дейді Əсел Жарасқалиқызы.

« Қ а р ж ы л ы қ ж а с т ы қ т ы » қалыптастыруда негізгі үш қадам бар. Ең бірінші қадам: Ол ай сайынғы қайталанатын шығыстар сомасын шығару, мысалы, балабақша, несие, тамақ қоры, жол жүру немесе т.б. шығыстар сомасын есептей отырып, ай сайынғы ең көп қайталанатын шығыстардың ең үлкен сомасын (наурыз 100 мың теңге, сəуір 120 мың теңге, мамыр 90 мың теңге, маусым 110 мың теңге, шілде 120 мың теңге) анықтау. Осы сомалардың ең үлкен сомасын аламыз, яғни 120 мың теңге.

Екінші қадам: « Қ а р ж ы л ы қ жастық» сомасын анықтау үшін бірінші қадамның нəтижесіндегі шығыс сомасын 4-ке көбейту керек. 120 мың теңге (əр адам өз сомасын есептейді) * 4 айлық шығыс сомалары = 480 мың теңге. Төрт айлық сома статистика бойынша ең қолайлы өлшем жəне Қазақстанның менталитетіне қарай жұмыс іздеуден бастап, қызметке тұру, тəжірибе алу, бірінші айлық ақы алу уақыты да толық есептелген.

Үшінші қадам немесе мақсат: «Қаржылық жастық» сомасын 12 ай ішінде қалыптастыру немесе жинақтау, яғни 480 мың теңгені 12 айға бөле отырып, 40 мың теңгеден ай сайын жинақ қорыңызды толтырып отыру керек. Сізде «қаржылық жастықтың» болуы ертеңгі күнге сенімділікті, қаржылық тəуелсіздікті қамтамасыз етеді.

Сақтауға сақтық керек

Енді бұл жинағыңызды біреуге қарызға беруге болмайды. Сауда орындары ұйымдастыратын түрлі акцияларға да жұмсаудың жөні жоқ. Жыл бойына қаржылық қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етуге жиналған қаржы түпкі мақсатыңызға ғана қызмет етуі тиіс.

Тəжірибелі инвестор, миллионер Эдуард Дубинский дағдарыс кезінде барлық жинақты бір жерде ұстамауға кеңес береді. Ал, кейбір сарапшылар ұзақ мерзімді жинақтарды – алтынмен, 3-5 жылға арналған жоспарлы жинақтарды шетелдік валютамен, ал, қысқа мерзімді қорды төл теңгемен жинаған дұрыс деп есептейді.

– Енді жинағыңызды сақтайтын орынға келетін болсақ, ақшаны жинап, оны төсек орныңыздың астына салып қою – ескі əдіс, əрі қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Бүгінде жинақты сақтаудың көпшілік арасында кең тараған түрі – екінші деңгейлі банктерде депозитте сақтау, – дейді сұхбаттасушымыз.

«Тарта жесең тай қалады»

Қазақта «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, Қоймай жесең не қалар?» деген мақал бар. Соңғы үлгідегі киім де, көлік те, тіпті гаджет те сəнге айналған бəсеке заманда сала маманы ең бірінші тұтынушылық несиеден бас тартуға кеңес береді. Өкінішке қарай, бізде несие төлеу мəдениеті бар, бірақ салым жинау, инвестиция қалыптастыру мəдениеті жоқ. Сондай-ақ, қаржылық сауаттылық отбасынан басталатынын да ескеру қажет. Əр жанұяда кіріс-шығыс есептері жүргізіліп, ортақ отбасылық қаржылық жоспар болуы тиіс. «Баланы – жастан» демекші, балаларымыз кез келген заттың құнын білуі керек. Балаға деген махаббатты зат сатып алып беру арқылы көрсету дұрыс емес.

– Ө к і н і ш ке қ а р а й , б ү г і н д е халықтың қаржылық сауаттылығы өте төмен. Оны статистика да көрсетуде. Мысалы, халықтың 80 пайызы айлықтан айлыққа дейін өмір сүруі жəне несиесінің болуы менің бағалауымды дəлелдейді. Сондықтан да халқымыздың қаржылай сауаттылығы үшін мүмкіндігімше əлеуметтік желіде, өмірде де сауаттылықты насихаттап, бар ақпаратыммен бөлісіп отырамын. Əр қазағымның материалдық жəне рухани бай болып, тəуелсіз елдің тұрғындары қаржыға да тəуелсіз өмір сүрсе екен деймін! – дейді қаржыгер Əсел Жарасқалиқызы.

Салтанат АҚТƏЖИЕВА

***

Халық арасындағы көпшілік пікірге сүйенсек, халықтың 90 пайызы қолыма ақша тұрмайды, ақша жинай алмаймын, үйге ана дүние керек, балама мына киім керек деген сылтаулармен ақша жинаудан бас тартады. Ғаламторға жүгінсеңіз, ақша жинаудың сан мың түрлі тəсілі бар. Өзге тілдерде контент те көп, əдіс те көп. Бірақ, біздің қаржылық жағдайымыз кейбір триллионерлермен салыстыруға келмейтіндіктен, əр отбасы өзінің мүмкіндігіне сай жоспар жасауы керек. Десек те еске ұстайтын бес əдетті айта кетейік!

Біріншіден, ақшаны үнемдеп, оны жинақтауды күнделікті көлік жүргізіп, тамақ пісіретініңіздей саналы түрде қабылдауыңыз қажет. Егер психологиялық түрде дайын болмасаңыз өзіңізді де, өзгені де моральді тұрғыда қажытасыз.

Екіншіден, тамақ алуға тамақтанып шығыңыз. Мүмкін, күлкілі шығар, бірақ, дəлелденген дүние. Қарныңыз аш кезде алынған айран-иогурт, тағы басқа тез мерзімі өтетін тамақтардың тоңазытқышта тұрып, желінбей қалуы əбден мүмкін.

Үшіншіден, қомақты ақша жұмсайтын кезде ол дүниенің өзіңізге 5 түрлі қажеттілігін анықтаңыз. Өте қажет дүние ме, əлде жай «жұрттан кем болмау» синдромы ма? Егер, тауарлық несиемен бөліп алсаңыз, сол төлем жасайтын уақыт аралығында ол сізге үзбей қызмет көрсете ме? Жаздың жартысында ғана қолданылатын салқындатқыштың немесе қыста санаулы уақыт киетін құндыз тонның ақысын жыл бойы төлеуге дайынсыз ба? Осылардың бəрін ой елегінен өткізіп саралап алыңыз.

Төртіншіден, күнделікті пайдасыз əдеттерден бас тартыңыз. Мысалы, темекі, шемішке, шырын, сағыз жəне басқасын 200-300 теңге ғой деп мəн бермеуіңіз мүмкін. Бірақ, есептеп көрейік. 300 теңгелік шемішке немесе шырынды күн сайын сатып алсаңыз, 300 теңгеден 365 күнде-109 500 теңге, оны 10 жылға көбейтсеңіз-1 095 000 теңге. Осылайша, миллиондарды өз қолыңызбен қоқысқа тастағаныңызды түсінесіз.

Бесіншіден, жинағыңызды жүйелі басқарыңыз. Қаржылай сауатты, өз саласының білгірлерімен ғана кеңесіп жинағыңызды көбейтіңіз. Тек, жүз мыңды əп-сəтте екі жүз мың етіп беретін ертегіші-алаяқтардан аулақ болыңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, барлық жинақ пен жарату ісіне отбасы мүшелері бір кісідей жиылып, бір мақсатқа қарай жүрсе алынбайтын қамал жоқ екені белгілі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз