БІЛІМ САПАСЫН ЖЕТІЛДІРУДІҢ ТЕТІГІ НЕДЕ?
Осыған байланысты білім беру жүйесіндегі ұйымдарға қойылатын талаптардың да маңызы ерекше. Әсіресе, жалпы білім беретін мектептерде білім беру деңгейін көтеру, оны қазіргі ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сәйкестендіру – өзекті мәселе. Ең бастысы, ұжымның стратегиялық бағытын саналылықпен түсінуіне жағдай жасау маңызды. Екіншіден, мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағыт-бағдар, кеңес беріп отыру керек. Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру бағытында әдістемелік жұмысты жетілдіре отырып, олардың білімін арттыруға, сын тұрғысынан ойлауға, топпен жұмыс істеуге ықпал ету міндеттері қойылып отыр.
Ұстаздардың ең басты міндеті сабақ жоспарын бірсарынды етпей, түрлендіріп, қызықтырып жасау, оқушылардың сол материалын жеңіл түсінуіне жағдай жасау болып табылады. Біз сабақ барысында түрлі тәсілдер мен әдістер арқылы бағдарламалап оқу материалдарын пайдалансақ та, оқушылардың оны толық меңгеруі дидактикалық, методикалық проблема болып қала берді. Сондықтан, енді сабақтың сыртқы құрылымын өзгертуге кірістік. Бұл өзгеріс мүмкін диалектикалық заңдылық болар. Міне, осылай дәстүрлі емес сабақтың түрлері тәжірибеге ене бастағанына жиырма жылдың үстінде уақыт өтті. Нақтырақ айтсақ, сабақтың жарыс, аукцион, интеграл, көңілді тапқырлар клубы (КВН), оқушылардың бір-бірінің білімін өзара тексеру, шығармашылық, семинар, ойын, сынақ, панорамалық, баспасөз конференциясы, саяхат жане тағы басқа түрлері көптеп ұйымдастырылуда.
Осы жоғарыда айтылған дәстүрлі емес сабақтың кейбір элементтерін пайдаланса, оқушылардың білімге деген қызығушылығы мен құштарлығын арттыруға болады. Университетте осы мәселеге кеңінен мән беруге тырысамыз. Ал, практиканттар немесе жас маман бұл жаңалыққа ену үшін өзі жауапкершілікті сезініп, тәлімгердің кеңесіне жүгінуіне болады.
Құзыреттілік – кең ұғым. Бұл тұрғыда әдістемелік жұмыстың мазмұны мен деңгейін арттыру, ақпараттық технологияларды пайдалану, мектептегі жұмысты талдау, мектепішілік бақылау, жоспарлау, жобалау жұмысындағы дамытушылық мәселелерін қолға алу және ата-ана мен мұғалімнің оқытушылармен дұрыс қарым-қатынас орнатуына үлкен көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен бірге, денсаулық пен мектептегі гигиеналық жұмыстың дұрыс жолға қойылуына да баса назар аударған жөн.
Мектептегі жұмыстың сапасы көп жағдайда дұрыс ұйымдастырылған әдістемелік іскерлікпен өзара байланысты. Ақпараттық технологияның деңгейі жоғары болу үшін мектепішілік бақылауға, жоспарлау мен жобалауға, ақпараттық құрылымның жабдықталуы мен алмасуына, сауалнама, эксперттік бағалау нәтижесінің өңделуіне, мектептегі ақпараттық қордың мазмұнды болуына мән беріліп, білім нәтижесін жоғары деңгейге жеткізген әдіс-тәсілдер көрсетілуі қажет.
Аманқос ҚАРЖАУБАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.