ҰБТ: дайындық деңгейі қалай?

Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің ұйымдастыруымен өңірдегі  орта мектептер түлектерінің биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы және білім беру ұйымдарының сапасын талқылаған жиын болып өтті.

Сынаққа  әзірлік  ойдағыдай

Жиында белгілі болғандай, өткен жылдағыдай, жеті ауданда тест тапсыру орталықтары дайындалып, сақадай-сай тұр. Биылғы жылы қалада  алғаш рет Атырау мұнай және газ институты тест тапсыратын орталық ретінде белгіленіп отыр. Бұған дейін бір ғана тест тапсыратын орталық –  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті болатын. Өткен жылы оқушының көптігінен түлектердің тест тапсыруға кеш кіргендігі ескеріліп, екіншісі ашылды.  Ал, түлектерге ендігі кезекте жинақтаған білімін қайталап, психологиялық жағынан дайындалу ғана қалды.

 Көрсеткіш  неге  төмен?

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізудің жайы туралы қаралды.

Бұл жөнінде облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің бастығы Бектұр Қали баяндама жасады. Ол өз сөзінде ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір аралығында барлығы 17 мемлекеттік білім беру мекемесіне аттестаттау жүргізілгенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, өңірдегі 2 балабақша, 12 мектеп аттестатталмаған болып отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда, облыстағы білім сапасы төмендеп келеді. Оны Бектұр Қали мынадай  мәліметпен толықтырды.

– Өткен оқу жылында аттестациядан өтпей қалған 27 мектептің, ағымдағы жылдағы 12 мектептің барлығында да білім беру стандарты сақталмаған. Оқушылардың білім сапасы төмендігі анықталды. Аталған 12 мектептегі тестілеуге қатысқан 4 сыныптың 497 оқушысының 294-і, оның ішінде қазақ тілінен 213-і, математика пәнінен 346 оқушы «екілік» алып отыр. Бұл кемшіліктерді жою туралы аталған мектептерге арнайы мерзім берілді, – дейді Бектұр Асанханұлы.

Бұл мәселелер бойынша қалалық, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары ойларын ортаға салды. Негізгі себеп: мектеп мұғалімдерінің біліктілігі мәз емес, директорлар сабаққа қатыспайды, кемшілігін білуге тырыспайды, үйге тапсырманы үйіп-төгіп беріп жібереді. «Мектеп мұғалімдерінің біліктілігі төмен болатындығы – жоғары оқу орындарында берілетін білімнің кемшіндігінен»,- дейді Махамбет аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самат Жайлашев.

Нұргүл НАСЫР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз