
Жұмысшы мамандықтар жылы: Атыраулық он бес оқушы техникалық-кәсіптік білімге қол жеткізді
2025 жылдың Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны мәлім. Бұл бастама еңбек нарығындағы білікті мамандарды даярлауды жетілдіру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайту мақсатында қолға алынуда. Осыған орай Атырау қаласында «Жұмысшы мамандықтарының болашағы: білім, инновация және жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастық – жаңа мүмкіндіктер» атты интенсив өтті. Іс-шараға Атырау облыстық білім беру басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, колледж және мектеп директорлары, әлеуметтік серіктестер, сондай-ақ түрлі саланың мамандары қатысты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Интенсив барысында жұмысшы мамандықтарына сұраныс, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру және жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Жұмыс берушілер мен оқу орындары арасында бірнеше меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ биыл техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін аяқтаған түлектерге салтанатты түрде дипломдар мен еңбек кітапшалары табысталды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіптік бағдар беру, өндірістік оқытуды жетілдіру және еңбек нарығының талаптарына сай мамандар даярлау бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылады.

Атырау сервис колледжінің директоры Қуандық Ержанов бұл шараның студенттерге кәсіби бағдар беріп, олардың болашақ мамандығына деген сенімін нығайтуға көмектесетінін атап өтті.
–Жалпы интенсивтің мақсаты – колледждің алдағы уақыттағы стратегиялық жоспарын, сонымен қатар жаңа мамандықтарға деген сұраныс және кәсіби маман даярлауда кездесетін қиыншылықтарды жұмыс берушілермен бірлесе отырып шешу. Мұнда қала мектептерінің 9-11 сынып оқушыларын, яғни, сервис саласына қызығушылығы бар шәкірттерді жинап, кәсіби бағдар беруді жөн көрдік. Қазіргі уақытта колледжде 760-тан астам студент бар. Оның 23-і ерекше білім алуды қажет етеді. Бәрі бірдей жүз пайыз жұмысшы мамандықта және тегін білім алады, — деді Қ.Ержанов.
Ал колледждің бітіруші түлегі Айару Бақтыгерей алған білімінің болашақта көп мүмкіндік сыйлайтынын жеткізді.

–Тағам пісіру — хоббиім. Анам маған Атырау сервис колледжінде аспаздық бағытында тәжірибелік топ құрылғалы жатқанын айтты. Соған байланысты өзімнің бағымды сынау мақсатында келгенмін. Колледжге 10 сыныпта түстім. Қазіргі уақытта 11 сынып түлегімін. ҰБТ мен колледжді қатар алып жүру қиындық тудырса да, өз қызығушылығымды жоғалтқан емеспін. Оқуда жүріп мектеп асханаларынан тәжірибеден өттік. Сол жерден біраз нәрсені үйрендім. Осы мамандық бойынша алатын дипломым маған қосымша жұмысқа орналасу үшін үлкен мүмкіндік сыйлайды, — деді ол.
Шара соңында түлектерге дипломдар мен еңбек кітапшалары табысталып, жұмыс берушілерге алғыс хаттар тапсырылды. Сонымен қатар студенттерге тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылды