Жер салығы неліктен көбейді?
Соңғы кезде әлеуметтік желілерде жер үшін төленетін салықтың бұрынғыдан бірнеше есеге көбейіп кеткендігі туралы хабар жұртшылықты алаңдатқан жайдың біріне айналды.
Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жәнібек Нұржановтың түсіндіруінше, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңының 564-бабының 1-тармағына сәйкес, жалға алынған жер учаскелері бойынша төлемақы сомасы жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен жасалған шарттардың негізінде есептеледі. Жер салығы сомаларының өзгеруіне әкеліп соғатын шарттардың талаптары, сондай-ақ, осы Кодексте белгіленген жер салығын еептеудің тәртібі өзгерген жағдайларда уақытша өтеулі жерді пайдалануға (жалға) алынған жер учаскелері бойынша төлемақы сомасының есеп-қисаптарын жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар қайта қарайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осыған дейін қолданыста болған жерді пайдаланушылардың жылдық төлемақыларының бюджетке толықтай төленбеу деректері анықталған. Соның негізінде, уәкілетті органның тарапынан ұсынылған салық төлеушілердің дербес шоттарына мәліметте көрсетілген жылдық төлемақы сомалары туралы хабарлама таратылған.
Мәселеге қатысты түсінік берген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаевтың айтуынша, бұрыннан қалыптасқан тәжірибеде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген жер учаскесінің жалға алу төлем ақысының мөлшері 2008 жылғы салық Кодексінің 382-бабында атап көрсетілген. Нақтылай айтқанда, онда жер учаскесінің бір шаршы метрі үшін 0,20 теңге коэффицент есебімен жүргізілетіндігі жазылған. Ал, қазірде қолданыстағы салық Кодексінің 381-бабында азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салуға берілген жер учаскесінің әрбір шаршы метріне 8,20 теңге көлемінде коэффицент есептелетіндігі нақтыланған.
Дәулетқали АРУЕВ