ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ – елді ертеңге бастайтын қадам

Алдымыздағы жылы Беларусь, Ресей және Қазақстан арасындағы Еуразиялық Экономикалық Одақ жұмысын бастайды. Бұл жөнінде биылғы 29 мамырда Астанада үш ел басшысы келісімге келді. Жаңа маңызды құжатқа қол қойылды.

Сайып келгенде, осынау құрылым бізге не береді? Оның тәуелсіз еліміздің дамуына тигізер септігі қандай? Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті экономикалық теория кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевпен сұхбат осы тақырып төңірегінде өрбіді.

 

– Еуразиялық Экономикалық Одақ – Елбасымыздың бастамасымен өмірге келген құрылым. Осы жолға жеткенше талай белестен өттік емес пе?

– Әңгімені одан әрі өрбітсек, жаңа одақ құруға бірден қол жеткізгеніміз жоқ. Оған тура жиырма жыл жұмсалған екен. Расында да, сонау 1994 жылы мұндай құрылым мүмкін еместей елестеген. Кеңестер елі тарап, әр республика өзінше шаңырақ көтеріп жатқанда бірлесу жөнінде мәселе де көтерілген жоқ. Мұны Мәскеуде М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеті оқытушылары мен студенттері алдында біздің Президентіміз айтты. Сонда да сенімсіздік танытқандар болды. Бірақ, бәріне уақыт төреші ғой. Елбасымыздың көрегендігі қазір білініп  жатыр.

Міне, осы жеңісімізді біз тәуелсіздігіміздің жемісі ретінде бағалауымыз қажет. Елбасының алысты болжағыштығы сол – бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды қалпына келтіру керектігін өзі де ұғынып, өзгелерді де түсіндіре білуі. Расында да, тәуелсіздігін жариялаған жас елдер есігін тарс жауып алып, ешкімді кіргізбей де, шығармай да отырса, оның қалыпты дамуы мүмкін бе?

Оның үстіне, Еуразиялық Экономикалық Одақ құрылғанша қаншама құрылымдар өмірге келді. Еуразиялық Даму банкі, Еуразиялық Іскерлік кеңесі, Еуразиялық Медиа-форум, Еуразия университеттерінің ассоциациясы, т.б. Солардың бәрі қазіргі одақтың алғышарттары еді ғой. Бұл бастама, турасын айтқанда, әлемдегі геосаяси қауымдастықты дүр сілкіндіріп отыр. Дүние жүзі Астанаға көз тікті.

Ал, тәуелсіз Қазақстанымыздың халықаралық сахнада салмағы зор. Бүгінде біздің өнімімізді 111 мемлекет сатып алады екен. Демек, сапасы жақсы, сұранысқа ие болғаны ғой. Бірақ, бұл да мүмкіндік шегі емес. Әлі де дайын бұйымдарымызды сыртқа өткізе аламыз. Ендеше, импорттық әлеуетімізді арттыруымыз керек.

Мәселен, қазір бізде Кедендік одақ жұмыс жасайды. Іргеде Ресейдің Астрахан облысы бар. Бүгінде атыраулық  кәсіпкерлер сондағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста. Біздің бизнес иелеріміз мұндай байланыстың тиімділігін бағалап та үлгерді. Бұрын шекарада ұзақ уақыт үйіріліп тұратын көліктер енді шапшаң рәсімделеді. Кәсіпкерлер қажетті құжаттарын көрсетіп, әрі-бері еш кедергісіз өтеді. Осының өзі үлкен ілгерілеу емес пе?!

Рас, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, әзірге сыртқа шикі мұнай мен газ және балық өнімдері тасымалданады екен. Бірақ, мұны тек бастамасы деп түсіну керек. Өйткені, аймақта инвестициялық ахуал жақсы. Шетелдіктермен бірлесіп, талай тартымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Оның үстіне, Елбасы тапсырмасына орай жергілікті атқарушы билік те оң ахуал туғызып отыр.

Мәселен, республикада тұңғыш  газ-химия кешені бізде салынып жатыр. Таяу келешекте оның өнімі алыс-жақын шет елдерге шығарылмақ. Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылуда. Енді жоғары октанды бензинді сырттан тасымай, өзіміз-ақ шығарамыз. Теңіз кенішін игерудің кезекті сатысы қолға алынбақ. Осында тұрғызылмақ құрылыс нысандарына он бес мың шамасында адам тартылады. Ертеңгі күні алып кен орнының өнімі еселеп артады. Қазір облыстық әкімдіктің пәрменімен құрылыс индустриясы жақсы дамып келеді. Жергілікті материалдарды пайдалану мүмкіндігі артты. Индер ауданында шикізаттың мол көзі бар. Мұнда Менделеев кестесіндегі пайдалы қазбалардың бәрі кездеседі. Ендеше, неге бірлесіп игермеске? Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында тек өнім алмасу ғана жүзеге асырылмайды, сонымен қатар мамандар да оған мүше елдерде еркін жұмыс жасай алады. Ертеңгі күні қазақстандық кадрлар Ресей мен Беларусьтың іргелі кәсіпорындарында өндіріс тұтқасын ұстап тұруы ықтимал.

– Әйтсе де, осы құрылым аясында тәуелсіздігіміз шектелмей ме? Кейбір саясаткерлер оны бұрынғы одаққа оралудың алғышарты ретінде бағалайды.

– Елбасы мұндай алыпқашпа әңгіменің жүретіндігін де білді. Сондықтан, Ұлытаудың баурайында болған сұхбатында бұл жөнінде ашық айтты.

Тәуелсіздік – тек қазақ елінің ғана емес, сан жылдар орталықтың ортақ құрсауында болған халықтардың арманы. Енді соған қол жеткен екен, ешкім өз еркімен одан айырылмайды. Кеңестер одағы кезінде бір-бірімен жіпсіз байланған он бес одақтас республика рұқсатсыз бір қадам да баса алмады. Мәселен, Қазақстанда шикізат көзі мол болғандықтан, берісі Ресейге, әрісі Беларусь пен Украинаға тасымалданатын. Солардан дайын бұйым бізге жеткізілетін. Сонда республикада өнім өндіретін мүмкіндік жоқ па еді? Неге бізде де зауыттар мен фабрикалар салынбады? Неге сыртқа тәуелді болып отырдық?

Міне, бұл Мәскеудің қитұрқы саясаты еді. Осылай  көзге көрінбейтін мықты жіппен байлап, бірінсіз екіншісі күн көре алмайтындай дәрежеге жеткізді. Сондықтан, қайталап айтқанда, еркіндігін алған елдер енді оны ешкімге бермейді. Президентіміздің «Біздің еліміздің еріктілік пен тең құқықтылық қағидаттары қалыптасқан жаңа мемлекетаралық бірлестігі негізіндегі өзара қарым-қатынастың сапалық жаңа деңгейіне ауысуы қажеттілігі пісіп-жетілді. Ондай бірлестік Еуразиялық Экономикалық Одақ болар еді» деп бұдан жиырма жыл бұрын айтқаны да сондықтан. Ендеше, тәуелсіздігімізге ешкім де қол сұқпайды.

Мемлекет басшысы айтқанындай, барлық шешім үш ел басшысының келісімімен ғана жүзеге асады. Егер одаққа мүше бір елдің мүддесіне нұқсан келетіндей іс болса, ол қолға алынбайды. Ақырында, келешекте одақтан шығып кетуге әркімнің құқы бар. Бүгінде Еуропалық одақтан іргесін бөлек салып жатқандар бар емес пе? Солардың кейбірі біздің одаққа үмітпен қарап отыр. Әсіресе, Грекия кіргісі келетіндігін жариялады. Қырғызстан табалдырықта тұр. Қап тауынан Армения қол созуда. Сайып келгенде, таяудағы екі-үш жылда-ақ одақ мүшелері көбейіп, оның қызмет етер аясы өсуі ықтимал. Тіпті Еуропаның дамыған мемлекеттері қызығушылық танытуы мүмкін. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізгелі жатқан елдің әлеуеті де зор емес пе? Екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес бұл.

Ақырында, бүгінде әлемнің мықты мемлекеттерінің өздері өзара одақ құрып, ішкі нарығын сыртқы шабуылдан қорғауға кірісті. Бірақ, ешқайсысы да тәуелсіздігін жоғалтқан жоқ. Өз бетінше өмір сүріп жатыр. Сондықтан, егемендігімізге нұқсан келетіндігі жөнінде айтылатын жорамалдардың негізі де жоқ. Оның үстіне, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргелі отырмыз. Бүгінде барлық дерлік дайындық жұмыстары аяқталды. Сауда-саттықтың дүниежүзілік додасына түсеміз. Сонда, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы байланысымыз да бекиді.

– Біздің сұхбатымыз Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп отыр. Оның мәні мен  маңызын қысқаша қайырсаңыз.

– Біздің еліміз жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орында. Өзге мемлекеттермен шекарасының өзі шамамен 14 мың шақырымды құрайды. Осындай алып ел әлем картасынан өз орнын іздегенде өзгелердің елең ете қалғаны да рас. Бұрын КСРО құрамындағы көп республиканың бірі едік, енді Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып, төрткүл дүниеге танылдық. ТМД елдері бойынша бірінші болып 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Бұл – екінің біріне жүктелетін жауапкершілік емес. Демек, бізді әлем халқы таныды, дүние жүзі жұртшылығы білді.

Сонау 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда болған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы есімізде. Санаулы минуттарға ғана созылған отырыста республиканы ұзақ уақыт мүлтіксіз басқарған Дінмұхамед Қонаев қызметінен босап, оның орнына Ульяновск обкомының бірінші хатшысы Г.Колбин сайланды. «Сайланды» деген де бос сөз. Шын мәнінде Мәскеудің пәрменімен таққа отырды. Бұған ешкім қарсы тұра алмағанда, келесі күні, яғни 17 желтоқсанда жастар алаңға шықты. Олар ардақты ақсақалымыздың зейнеткерлікке қалуына қарсы болған жоқ. Елге еңбегі сіңген жанның енді демалғаны да жөн еді. Бірақ, тағдырымызды орталық шешіп, елімізді басқаратын бір ұлдың өз ұлтымыздан шықпағаны жастардың шымбайына батты. Олар, кейін Мәскеу берген бағадай, «қазақ ұлтшылдары» емес, ұлтын сүйетін ұландар еді. Оққа кеудесін тосты, отқа қолын салды. Өмірін құрбан етті, қуғын-сүргінге ұшырады. Сайып келгенде, сол Желтоқсан оқиғасы күллі одақтың ыдырауының басы болды. Еркіндікті аңсаған қазақ жастары өзгелердің де намысын оятты. Бәрі тәуелсіздікке ұмтылды. Міне, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының мәні мен маңызы осында.

Елбасымыз жастарға үлкен үміт артып отыр. Келешек кілті соларда екендігін айтады. Оларды оқытып-тоқытып, ел басқару ісіне баулуда. Ал, аға ұрпақтың осы еркіндікті аңсап, сонау 86-ның желтоқсанында қар кешіп алаңға шығуы – ұлтымыздың ұйытқысы бұзылмауының кепілі. Ендеше, лайым да Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз