Жарнама
Жаңалықтар

«Жеңісімді туған елге арнаймын»

 Техас штатының Ирвинг қаласында дзюдодан ұлттық чемпионат өтіп, оған АҚШ-тың мектептері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

 Он мен жиырма жас аралығындағы додаға 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Солтүстік Америка университетінің студенті Талғат Егізбаев Атырау қаласының тумасы болып табылады (суретте). АҚШ-тың барлық штатынан спортшылар бақ сынаған байрақты бәсекеде жерлесіміз бес кездесу өткізіп, төртеуінде ұпай санымен қарсыластан басым түскен. Ал, біреуінде «иппон» әдісімен жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынды. Ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әңгімесінде өзін спортқа баулыған алғашқы бапкері Жандос Қияновқа үлкен алғысын білдірді. — АҚШ-тың ұлттық чемпионатына америкалық жоғары оқу орнының атынан қатыссам да, өз жеңісімді туған елім – Қазақстанға арнаймын, — дейді Талғат.

 Айта кетсек, Атырауда да Талғат дзюдодан облыстық, республикалық турнирлерде талай мәрте топ жарды. АҚШ чемпионатына қатысу ол үшін үлкен сынақ болған. Бірақ, талапты жас күрделі жаттығулар мен сабақ үлгерімін қатар алып жүрді. Қазіргі таңда Талғат Солтүстік Америка университетінің ақпараттық технологиялар бөлімінде оқып жатыр. Атырауда білім алып жүрген кезінде де талай халықаралық білім бәйгелерінде, ғылыми жобалар сайыстарында үздік танылды.

 Бразилияда өткен халықаралық «Mostratec» ғылыми жобалар сайысына қатысқан жерлесіміз жүлделі ІІ орынды иемденген болатын. Әлемнің 28 елінен 1200-дей оқушы өздерінің 488 жобасын ұсынып, соның арасында күміс жүлдегер атанған Талғат тек облыстың ғана емес, сонымен қатар, елдің мерейін асыра түсірген еді.

Бетті дайындаған: Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button