Үш дәуірді көрген кейуана Атырауда тұрады!

raenkngekngekn Жаңалықтар

Жеңіс күнін жақындатуда тыл еңбеккерлерінің де қызметтері елеулі. Солардың санатында Индер ауданының Өрлік ауылында тұратын, ғасырдан астам ғұмыр кешіп, биыл 105 жасқа толғалы отырған Жаңыл Есжанованың да есімі аталады.

Балалық шақтың кермек дәмі

– Менің балалық, жастық шағым болған емес, – деп бастады әңгімесін Жаңыл әже. Жасының ұлғайғанына қарамастан, ол кісі тағдырының кейбір сәттерін жадынан шығармаған екен. Көп нәрсені есінде сақтап қалыпты. Ол 1916 жылдың жазында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы «Ысық мешіт» қыстағында дүниеге келген. Асқан бай болмағанымен, атасы Түсіпқалидың бірнеше жүздеген қойы, бір үйір жылқысы, ондаған сиыры бар болатын. Бұл оның алты баласын асырауға толық жететін.

Бірақ Түсіпқалидың шаруашылығы «қызылдардың» көзіне түсіп, теперіш көре бастайды. Жауап алуға сегіз жастағы қаршадай қызды шақырып, «әке-шешең Аманғали мен Тойғанның тыққан алтындары қайда?» деп қыспаққа алып, көкала қойдай қылып сабап кетеді. Б ұ л о н ы ң к ө р г е н а л ғ а ш қ ы соққысы еді. Содан соң да бастан өткерген қиындығы аз болмады. Кейін большевиктер мал-мүлікті тәркілеп, жүн, ет, басқа мал өнімдерін тапсыру секілді ауыл шаруашылығы салығын салып отырды. Оны төлеу үшін мал қырқатын. Жүннен ескен, тоқыған бұйымдарды тарқатып, түтіп, салығын өтейді.

Тағдыр тауқыметі

– Шешем екеумізге тары мен бидай салығын өтеу оңайға түспеді. Амал жоқ, анам жасырынып ауыл-ауылды аралап, тапқанын өкіметке тапсырып отырды. Мен сол қыстауда бірнеше күн жалғыз қалып жүрдім. Жасым бар болғаны 12-де болатын. Ішетін тамақ жоқ, атшоңқай мен қияқтың тамырын қазып, соны қорек ететінбіз. Анам оралғанда мен аштықтан ісініп, тек кірпігім қимылдап жататын көрінеді. Ал, кейін бізді Орал төңірегінен қуып жіберді. Қолымызға іліккенін алып, жаяулатып бірнеше күн мен түн жүріп Кулагин (қазіргі Есбол) ауылына дейін жаяу жеттік. Айтпақшы, менің алдымдағы апам да өлместің қамын ойлап жастайынан біреудің етегінен ұстап кеткен еді, – дейді Жаңыл әже бір сәт терең күрсініп.

Осылайша, өлместің күнін кешкен анасымен екеуі Өрлік ауылының «Егінді» қырында тұратын Есжан малшының үйіне келіп пана табады. Анасы Тойған қызын аштықтан аман алып қалу үшін 15-тегі Жаңылды өзінен жиырма жас үлкен Есжанның ұлы Дәулетке тұрмысқа береді. Есжан әулетінде төрт келін бірге тұрады, Жаңыл үлкен ұлдың жұбайы болатын. Мал бағып, төлдетіп, қол орақпен шөп шауып, сиыр сауып күнелткен отбасы ел қатарлы өмір сүріп жатқан. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Төрт ұл соғысқа аттанып, бар бейнет үйдегі әйелдер мен бала-шағаның иығына түседі.

Тыл майдангері, әулеттің анасы

– Анамның көрмегені жоқ екен. Естіп отырсаң еріксіз көзіңе жас келеді. Мен кейде тіпті, жылап та аламын, – дейді әжейдің жасы сексенге жақындаған үлкен қызы Үнзила. – Бір әулеттегі 17 жанды жеткізу үшін отқа да, суға да түсіпті. Қыс қатты, жейтін тамақ жоқ, өз малын союға қорқады. «Ерлер қан майданда жүргенде ет жеп, мәз-мейрам отырсыңдар» деп күстаналайды екен. Амал жоқ, өз малын өздері тығып сояды, онда да бірнеше айда бір. Колхоздың жан басына беретіні бес кило тары екен. Оның жартысы топырақ болып шығатын көрінеді. Жолдасы соғыстан елге аман оралады, бірақ арада он екі жыл өткесін майданда алған жарақатының салдарынан қайтыс болады. Қырық жасында бес баламен жесір қалып, тағдыр тауқыметін тартады. Балаларын оқыту үшін малды тастап, Өрлік ауылына көшіп келеді. Ылай илеп, тас басып, егіншілерге көмектеседі, ауылдағы басқарманың, әлді деген отбасылардың үйін майлап, еңбегіне азын-аулақ ақша алып, небір ауыр жұмыстарды жасайды.

Сөйтіп жүріп, балаларын жетілдіреді. Қазір олардың бәрі бөлек отау, жапырағы жайылып, алып бәйтерек секілді тамыры тереңге тартқан үлкен бір әулет. З амандастары сияқты , кейіпкеріміздің де қаһарлы жылдардағы қаһармандықпен жасаған еңбегі, бейбіт кезеңде де еліне арнаған қызметі елеусіз қалмады, лайықты бағаланды. Кеудесіне «Тылдағы ерен еңбегі үшін» және Ұлы Жеңістің 60, 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдарды тақты. Жергілікті әкімшілік орындары, мектеп пен балабақша ұжымдары жыл сайын Жеңіс мерекесінде, Халықаралық әйелдер мен Қарттар күндерінде Жаңыл әжені де құттықтап, құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын ұсынуды дәстүрге айналдырған.

Үлкеннің батасы, жастың тілегі қабыл

– Мен енемді туған анамдай сыйлаймын. Ол өте еңбекқор адам. Тағдырдан талай теперіш көріп, қиын шақтарды өткерсе де мінезі сондай жайлы, жұмсақ, ешқашан да қабақ шытып, ренжуді білмейді. Қазірде қатарымызда жоқ, бақилық болған алдымдағы абысындарымды да, мені де өзінің қыздарынан артық болмаса, кем көрген емес. Бір-бірімізден бөле жармай, бәрімізге бірдей қарайды. Біз де ол кісіні өз анамыздай құрметтеп, сыйлаймыз,- дейді бүгінде әжемізбен бір шаңырақта тұрып жатқан кенже ұлы Оңайғалидың зайыбы Рахилаш.

– Еліміз тыныш, асымыз көп болсын, ынтымақ пен ырысымыз арылмасын. Қайда жүрсеңдер де аман жүріңдер, айналайындар. Біз көрген бейнетті ұрпақ көрмесін, – деп батасын берді әжей әңгімесінің соңында.

Осылайша, биыл 105-ші көктемін қарсылағалы отырған Жаңыл Есжанова – өмірдің тұщысынан гөрі ащысын көбірек татып, Алла тағаланың берген күшқуаты мен табандылығының арқасында, ұрпағы мен елінің амандығын, жұртының тыныштығын, іргесінің бүтіндігін тілеумен осы күнге жеткен ғибратты ғұмыр иесі. Бауырынан өрген балаларынан жиырмаға жуық немере мен отыздың үстінде шөбере сүйіп, шаңырақ шаттығына кенеліп, рахатына бөленіп отырған бақытты әже, ауылаймағына сыйлы, қадірлі қария. Ендеше, құдайым лайым оған бұл жасты да көпсінбегей!

Дәулетқали АРУЕВ

Индер ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз