whatsapp image 2020 05 29 at 15.33.30 2

«Қытайда тұруға қарсы емеспін»: Қазақстанда бөтен елден бақыт іздегендер көбейді…

Жаңалықтар СарапTime Саясат Тәуелсіздікке 30 жыл Қоғам
4 / 100

Соңғы жылдары жайлы өмір іздеген жандардың сыртқа кетуі толастамай тұр. Білім мен жұмысты мұхиттың арғы жағынан іздеп жүргендердің бұл таңдауына не себеп? Былтыр 9 айда Қазақстаннан 15 жастан асқан 11,4 мың адам кеткен. Одан гөрі келушілердің саны неғұрлым аз, 3,5 мыңға да жетпейді. Келу мен кетудің арасындағы айырма айтарлықтай. Ақыл-ой көші аталып кеткен үрдістің бұлайша белең алу себептерін саралап көрелік…

Әрбір үшінші жас?!..

Тұрақты жұмыстың болмауы, мардымсыз жалақы, баспана жыры. Бұл – сарапшылар атаған басты себептер. Тапқан табыстың жартысынан көбін жалдаған пəтерге беріп, айлығын шайлығына жеткізе алмайтын тек жас отбасылар емес, орта жастан асқандардың арасында да жиі кездеседі. Бұл – Қазақстандағы өткір мəселелердің бірі. Баспаналы болу бақытын бұйыртатын мемлекеттік бағдарламалар да жоқ емес. Алайда, талаптарын орындау екінің бірінің қолынан келмейді. Десек те, бұл «шетелде пəтер арзан, ол жақта баспана алу оңай» деген сөз емес.

Керісінше, өмір сүру шығыны бізден əлдеқайда көп елдерге барып оқу, жұмыс жасау, тұру – бір-бірінен мүлдем бөлек. Əрине, əр адамның өз құқы, өз таңдауы бар. Қол сұғатын ойымыз да жоқ. Алайда, Work&Travel бағдарламасы бойынша шетелге барып, түрлі оқиға, қиындықтарға тап болып, қайғылы жағдайға ұрынғандар да елдің есінде. Əлеуметтанушылардың зерттеуіне сүйенсек, қазақ жастары негізінен Канада, АҚШ, Германия, Түркия мемлекеттеріне қоныс аударуға құмар. Статистика комитеті көрсеткен мəліметтерде 29 жасқа дейінгі жастардың 32 пайызы, яғни, əрбір үшінші жас елден кетуді көздейтіні көрсетілген. Адами капитал – кез-келген елдің басты күшқуаты десек, экономикалық ресурстарды қалыптастыратын негізгі фактордың саны азаюы шынында ойландырады.

Ақыл-ой көші…

Қынжылыс туғызатын тағы бір дерек бар. Кетушілердің басым бөлігі – отбасылы жандар. Олардың саны оқу оқып, білімімді молайтамын, тіл меңгеріп, өзімді дамытамын деген жастардан жоғары. Демек, шекара асудың негізгі себебі оқуға байланысты емес. Ресми деректерде де елден кетіп, мекен-жайын ауыстыруды көздегендердің тең жартысының жоғары білімі бар екені көрсетілген. Жалпы, бұл көш соңғы жылдары ғана қарқын алған жоқ. Сарапшылар 2000 жылға дейін басталған үрді екенін айтады. Жоғары шəкіртақы, үй, жұмыспен қамту сынды мүмкіндіктер беретін шетелдік оқу орындары көлденең көк аттыны қабылдамасы анық. Сөз жоқ, білімімен озған, тіл меңгерген жастарды ғана тартады. Яғни, ұстаным – интеллектуалдарды тарту. Көршілес Ресей халқының 60 пайызынан астамында жоғары білім бар. Израиль мен Канадада 42, АҚШ – 40, Жапония – 38, Швеция мен Финляндияның 36 пайызында жоғары білім бар. Шапшағын Швейцарияның өзі Нобель сыйлығы мен ғылыми патенттер иеленуден көш басында.

  • – Менің таңдауыма қарсы пікір айтушылардың табыларына толық сенімдімін. Десек те, отбасымызбен осындай шешім қабылдадық. Қазір Түркияда тұрамыз. Жалақымыз тұрақты, баспанамыз бар. Үш баламыз да мектеп жасында. Осы елде білім алдым. Болашақ жарымды елге келген кезде жолықтырдым. Ол да Еуропада оқыған. Қазақстанда төрт жыл тұрған соң, ата-анамыздың рұқсатымен қоныс аудардық. Түркияда тұрғанымызға 10 жылдан асты. Елді сағынған кезде барып тұрамыз. Ата-аналарымыз да жиі келеді. Рас, мұнда күнкөріс қымбат. Бірақ, біздің біліміміз лайықты бағаланып, жақсы қызмет ұсынды. Екеуміз де медицина саласындамыз. Елден келген отандастарымызға қол ұшын созып, осы жақта тұратын қазақ отбасыларымен де араласамыз, – деген кейіпкерімізді Facebook желісінен кезіктірдік.

Аты-жөнін атамауды өтінген жерлесіміздің əзірше елге келетін ойы жоқ. Ол Түркияда тұратын қазақстандықтардың көбінің пікірі осындай екенін айтады. Қазақстаннан кетуінің нақты себебін сұрағанбыз, сол күйі жауапсыз қалды.

561 дәрігер, 387 заңгер, 280 сәулетші…

Былтырғы қаңтар мен қыркүйектің аралығында (төмендегі сызбада) Қазақстаннан 15 жастан асқан 11,4 мың маман кеткен. Бұл туралы Ranking.kz зерттеулерінде жазылған. Бұл – 2019 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда аз. Соған қарағанда, пандемия біраз адамды жіпсіз байлап қойған да болар, бəлкім. Маңызды тақырыпта арнайы зерттеу жүргізген порталдың деректеріне сүйенсек, ең көп маман Қарағанды облысынан кеткен. 1732 астам адам елден көшіпті. Екінші орында Шығыс Қазақстан – 1611. Үшінші кезек – Қостанай мен Павлодар облыстарының үлесінде (1400 адам). Есепті мерзім аралығында Атырау облысынан кеткендер саны – 133. Қызылорда мен Түркістан облыстарынан кетушілер саны ел бойынша ең аз, 23 жəне 29. Елден кеткен адамдардың қандай маман екені қызық па? Ендеше, зерттеу нəтижелеріне тағы тоқталайық. Ең көбі – техникалық сала өкілдері. Яғни, 3331 адам аталған саладағы қызметтерін тастаса, 1714 экономикақаржы бағытындағы мамандар жəне 1064 педагогикалық қызметтегі жандар қоныс аударған. Бұған қоса, елден 561 дəрігер, 387 заңгер, 280 сəулетші мен құрылысшы, ауыл шаруашылығы саласындағы 155 маман кеткен. Ал, осы кезеңде елге келгендер саны – 3486.

«Қытайда тұруға қарсы емеспін»

Ч ж е ц з я н с а у д а – ө н е р к ə с і п университетін тəмамдаған Бектұр Төлеп – Махамбет ауданының тумасы. Өзге тілдерді меңгеруге мектеп кезінен-ақ құмар болған жас аспан асты елінде бес жыл болып, қазір елге оралған.

  • – Мен Қытайда оқи жүріп, жұмыс жасадым. Осыдан біраз жыл бұрын супермаркетте менеджердің көмекшісі болып қызмет еттім. Жалақым 200 мың теңгенің шамасында болды. Біздің елде бұл көп ақша сияқты көрінгенімен, Қытайда аса көп қаржы емес. Мұны көбі түсіне бермейді. «Шет елде қарапайым жұмысшының өзі қыруар қаражат алады» деген ой жетегіне ілесіп, елден кетуге талпынады. Реті келсе, мен де сол жақта жұмыс жасап, тəжірибе жинақтап келуге қарсы емеспін. Өйткені, мүмкіндік мол. Бірақ, елден түпкілікті кету туралы ойланбаппын, – дейді Бектұр.

Ол ауылдағы ата-анасы үшін алаңдайды. Өзі құралпы жастар білімін шыңдап, тəжірибе жинақтау үшін болмаса, елден түбегейлі кетпейтінін айтты. Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы – озық елдер тəжірибесін меңгеріп, білім-білігін молайтуға септесетін игі қадамның бірі. Аталған бағдарлама бойынша шетел асқандардың арасында ел мүддесі жолында еңбек етіп, білімі мен тəжірибесін Қазақстанның дамуына жұмсап жүргендер жетерлік. Алайда, өзге елде қалып қойғандар да жоқ емес. Білім саласының ардагері, көп балалы ана Айсұлу Мəжитқызы Қазақстандағы нормативтік актілер бойынша ешкімнің де білім алу құқығына шектеу қойылмайтынын айтады.

  • – Алайда, балаға бағыт беретін – ата-ана. Сондықтан, мектепті енді ғана тəмамдап, оң-солын танымаған жасты шетелге жіберуді құптамаймын. Себебі, енді бой түзеп, қалыптасып келе жатқан жас өскін сол жаққа үйреніп, бауыр басады. Дəстүрлі құндылықтардан ажырап, өзге менталитетті меңгереді. Алайда, балаларды ел танып, жер көруге, тəжірибе жинақтап, тіл меңгеруге жіберер болса, ең болмаса оқу орнын аяқтаған соң, білімін жетілдіруге жіберсе болмай ма? Үлкен немеремнің корей киносын қарау арқылы сол елге деген қызығушылығы оянды. Мəдениеті мен тілін зерттеп жүргенін байқадым. Бізге айтпай, сол жақтағы оқу орнына өтінім жолдапты. Пандемиялық шектеулерге байланысты оқу орны хабар беретінін айтып, əзірге нақты жауап келген жоқ. Біз оқуын бітіріп, жұмыс жасап жүрген жасқа жеткендіктен, оның таңдауына қарсы болмадық. «Тек бір-екі жылда кері ораласың» деп талабымызды қойдық, – дейді Айсұлу апай.
  • – Ол жақта бізді ешкім күтіп тұрған жоқ. Тіркеуі де, азаматтығы да жоқ, тілді толық меңгермеген, өзге орта, бөтен жерге көшу туралы шешім қабылдаудың өзі қиын. Ол үшін нақты бір себеп болуы керек. Əйтпесе, «өзгелер барғанда мен неге бармаймын?» деген жалған намыс, алыпұшпа бəсекенің қажеті жоқ. Жұмыс бабымен бірнеше жыл Ресейде тұрдым. Астраханнан басталған іссапарым солтүстік өңірдегі 5 жыл өміріме ұласты. Алайда, мен елден кету туралы ешқашан ойлаған жоқпын, – деген Əсет Əбуов – логистика саласындағы жеке компанияның жетекшісі. Кейіпкеріміз үш баласы да орысша мектепте оқығандықтан, қазақшаға шорқақ екенін жасырмады.

«Шетелде кинодағыдай өмір жоқ…»

Жанна Қасымқызы – ауылда туыпөскен. Қалаға ес білген соң келіпті. Қазір елордалық. Қытайда 12 жыл тұрып, медицина саласының қырсырын меңгерген ол қазір отандық медицинаның озық болуы жолында табысты еңбек етіп жүр.

  • – 2003-2004 жылдары кеттім. А л ғ а ш ы н д а А л м а т ы д а ғ ы о қ у орындарының біріне мұнай саласына оқуға түстім. Кейін қытайлық оқу орнында грант арқылы оқу мүмкіндігін пайдаланып, əуелгі қалауым медицина саласы болғандықтан, ауысып кеттім. Бастапқы жылдары Қытайда қалғым келген сəттер болды. Ол кезде шетелдіктер қазіргідей көп емес еді. Медицина саласында аудармашы қызметінде жүріп, жергілікті тұрғындардан да жоғары жалақы алғаным рас. Девальвация басталған тұста Еуропа мен Украинадан зиялылары Қытайға ағылды. Шетелдіктер үшін жалақы азайды. Қытайдың қымбат қалаларының бірі саналатын Пекинде жағдай қиындай бастады. Болашағым үшін елге оралдым, – дейді бізбен жылы сөйлескен Жанна.

Оның айтуынша, кез-келген елге барған бастапқы жылдар үйренуге, яғни, адаптацияға кетеді. Қытайдағы алғашқы 4-5 жылын бейімделіп, тілін, мəдениетін меңгеруге арнаған Жанна елге оралған соң екі жылын елге қайтадан бауыр басуға сарп етіпті. Қазір Қазақстанға келгеніне 4 жылдан асқан Жанна Қасымқызы жат жер, мүлде бейтаныс, өзге ортада өзін дəлелдеп, табысы тұрақты жұмысқа орналасу үшін білікті маман болудың маңызына айрықша тоқталды.

  • – Маман ретінде барамын, жоғары жалақылы жұмыс жасаймын десе, Қазақстанда да жақсы маман болуы қажет. Ел ішінде керек емес адам шетелде де сұранысқа ие бола алмайды. Қызмет көрсету, алыпсатарлық жұмыстарға бола, менің ойымша, мұхит асудың еш мəні жоқ. Қазір бəрі онлайн жүйе арқылы шешілетіндіктен, сауда арқылы табыс табамын деу де қате. Ол жақтағы табыс көлемінің жоғары екені рас. Əсіресе, орталық қалаларда жалақы жоғары. Есесіне күнделікті тұрмысқа жұмсайтын шығын да арзан емес. Мысалы, пəтер жалдаудың өзіне ең аз дегенде 100 мың теңге төлеу қажет. Оған қоса, жолақы, тамақ, медициналық шығындар тағы бар. Мен тұрған Пекин – ең қымбат қала. Табысым жоғары болғанымен, сол жақта тұруымның өзіне тапқанымның басым бөлігін жұмсадым. Шетелде өмір сүру кинодағыдай емес. Тəжірибе жинақтап, қиындықтарға төзіп, 4-5 жыл шыдап, елге оралу – ең дұрыс шешім деп ойлаймын, – деді ол.
ТҮЙІН:

Елден жыраққа кету – теледидардағы әдемі көрініске бола қабылданатын шешім емес. Әдемі үйлердің қалқасында да басқа көрініс болатынын ұғынған жөн. «Пәлен жерде бақыр бар» деп сан соғып, өкініп қалмайтындай таңдау жасаған дұрыс. Себебі, өзге елде жүргендердің барлығы бірдей шекесі шылқып, төбесінен төмен қарай байлыққа бөгіп жатқан жоқ. Тіпті, бәрі бірдей жетістікке де жете бермейді. Айтпағымыз да осы еді.

Гүлжан ƏМІРОВА

*САНДАР СӨЙЛЕСІН

Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде.

ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі 81,9% және тиісінше 84,8% құрады.

Ел ішінде қоныс аударатын көшіпқонушылар саны 19,1%-ға кеміді.

Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Маңғыстау (90 адам) облысында және Нұр-Сұлтан (2202 адам), Алматы (3223 адам) және Шымкент (3060 адам) қалаларында.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған