Жат ағыммен күрес – ортақ міндет
Қазақстанда жат діни ағымдардың кеңінен таралуы еліміз тəуелсіздік алып, дербес мемлекет құру кезеңіне сəйкес келеді. Жат ағымдардың елімізге кедергісіз таралуына сол кезеңде кəсіби білікті мамандар күшінің жетіспеуі себеп болып отыр. XX ғасырда Ислам діні ұлт өмірінен аласталып, оған «апиын» деген айдар тағылды. Алла атын ауызға алуға тыйым салынды. Осылайша, сан ғасырлық қазақ рухына сіңісті діни санадан айырылған халқымыз адал мен харамның арасын ажырата алмас халге түсті. Тарихынан көз жазған тұста халқымыз осылайша, елдің іргесіне келген жат ағымдармен күресуде дəрменсіздік танытты. Тəуелсіздік елең-алаңында сол кезеңде дінтанушы мамандардың тапшы болуына байланысты уағыз-насихат та аздық етті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін еліміздің дін саласы қарқынды даму жолына түсті. Дінтанушы мамандарды даярлау, насихат тарату ісі кеңінен жүргізіле бастады. Бүгінгі таңда жат ағыммен күрес мемлекеттік деңгейде қолға алынып, діни бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазір қоғамда дін жəне дəстүр бірлігі маңызды орын алады. Ислам діні мен қазақ салт-дəстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Дін мен дəстүр үндескенде дін дамиды, дəстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дəстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан, дін мен дəстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Қазіргі зайырлы қоғамдағы əлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші жəне ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі тетіктердің бірі – дəстүрлі құндылықтар. Осы орайда, радикалды діни ағымдар идеологиясының жеке тұлғалардың санасына мақсатты түрде əсер етуі патриотизм мен ұлттық бірегейлікті, мəдени, адамгершілік, отбаылық құндылықтарды жоғалтуға əкеліп, дəстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез-келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Бұл дəстүрлі құндылықтармен бірге, ішкі тұрақтылықтың əлсіреуіне алып келеді. Сондықтан, ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Бүгінгі таңда жат ағымның соңына еріп, Отанына опасыздық жасауға дейін барып жатқан адасқан бауырлардан осындай отаншылдық тəрбиенің жетіспей жатқанын байқауға болады. Ұлттық санаға сіңген Ислам дінінің сипаттары халқымыздың кісілік, туыстық, қандастық, сыйластық қатынас, салт-дəстүр, əдет-ғұрып жоралғылары мен мінез-құлық болмысында көптеп кездеседі. «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар оқылық» деп жырлаған Ыбырай бабамыздың, «Алла – бір, пайғамбар – хақ» деген Абайдың жырлары діни санамыздың қалыптасуына зор ықпал етері сөзсіз. «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деп келетін Бұқар жыраудың, XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген жыраулар поэзиясының да мұсылмандық сананы насихаттайтынын ескерсек, отбасы тəрбиесінде алар орны зор. Түптеп келгенде, бесік тəрбиесінен басталып, рухани құндылықтарды сыналап сіңіретін сөз тəрбиесін (ертегі, жыр, дастан) кешенді түрде жүргізу арқылы жат ағымға қарсы қорғаныш қабілетін қалыптастыру – тұлғаның өзі үшін де, елдің келешегі үшін де ең тиімді жол. Біздің осы тұстан ақсап жатқанымыз ащы да болса шындық екенін мойындауға тура келеді. Халықтық рухани, мәдени құндылықтармен сусындаған ұрпаққа балабақша, мектеп, колледж, сондай-ақ, жоғары оқу орындарында оқытудың мəні ерекше. Ұлттық сананы қалыптастыратын білімнің бір көзі – Отан тарихы. Адамзаттың тарихындағы түркі дəуірінен басталатын туған тарихымызды, мұсылмандық сананы қабылдап, мұсылманша сауат ашқан хандар мен билердің, батырларымыздың ерлігі – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Қала берді, бұқараның көзі, құлағы болып есептелетін баспасөз жанрлары – теледидар, радио, газет-журналдар арқылы да Ислам мəдениетімен ұштасқан асыл құндылықтарымызды насихаттау да жат ағыммен күреске өз үлесін қосары сөзсіз. Адам қоғамда өседі, тəрбиеленеді. Сондықтан, оның тəрбиесіне оң ықпал ететін қоғамдық тəрбие жүйесіне діни ұстанымдарды енгізе алсақ, оның үлгілі тəрбие алып шығуына көмек етеріміз анық. Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз Қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәлени өзгерістеріне елеулі үлес қосар тұлға болып қалыптасарын нық сеніммен айта аламыз. Жат ағыммен күрес – жалпы қоғамдық міндет дегеніміз осы. «Көп түкірсе – көл» демекші, көп болып қолға алған іс қашан да берекелі болмақ.
Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,
Атырау облысы əкімдігі Дін істері басқармасының бөлім басшысы