ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

Жаңалықтар
 
Ұлы Жеңіс күні – бүкіл халықтық мереке. Бұл күні өткенді зерделеу, майдангерлер рухына тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз.
Сұрапыл соғыс жылдарында көп ұлтты халқымыз бірлік пен ұйымшылдықтың, ерлік пен өрліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің жоғары үлгісін көрсетті.
Соның ішінде Ұлы Жеңіске Атырау аймағының қосқан үлесі зор болды деп мақтанышпен айта аламыз. Ұрыс даласына Атыраудан аттанған 42 508 жауынгер елін, жерін жаудан қорғап, ерен ерлік көрсетті.
Майдан даласындағы өмір қаншалықты қиын болса, тылдағы тіршіліктің азабы да одан кем болған жоқ. Атыраулық тыл еңбеккерлері де соғыс жылдарында тамаша еңбектің үлгісін көрсетті.
Өмірдің заңы, өкінішке орай, қазірде арамызда тек 100 соғыс ардагері, 101 соғыста қаза болған жауынгердің жесірі, 3 528 тыл еңбеккері бар.
Біз Ұлы Жеңіске ерлікпен де, еңбекпен де үлес қосқан барша аға-апаларымызды мақтан етеміз. Олар жасаған ерен ерліктің үлгісі ұрпақ жадында мәңгіге сақталады.
Құрметті ардагерлер!
Сіздерді Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерейтойымен құттықтап, мықты денсаулық, отбасы амандығын, ұрпақтар қызығын көруді тілеймін! Қастерлі Жеңіс мерекесінің даңқы арта берсін!
Ұлы Жеңіс мерекесі мен
Отан қорғаушылар күні құтты болсын!
Ерлік мерекелерінің қатар келуі – қайсар мінезді ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің, ерлік істерінің заңды жалғасын тапқан, еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін айғақтайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, қалқанымыз берік болғай!
Құрметпен,
Атырау облысының әкімі
Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ.