«Жасыл елдің» кезекті маусымы аяқталды
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігі «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасын жүзеге асырды.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 2024 жылғы ХХ еңбек маусымында 16-35 жас аралығындағы 1000 жас уақытша маусымдық жұмыспен қамтылды. Жастар көгалдандыру, абаттандырумен қоса, құрылыс бағытында да еңбек етті.
Сарбаздар облыстың 7 ауданы, шалғай ауылдарында, Атырау қаласы аумағындағы ауылдық округтерде жұмыс істеді. Жасақ құрамындағы жастардың әрқайсысына айына 85 мың теңге мөлшерінде еңбек ақы төленді.
Шараны ұйымдастырушы «Инфо Орталық» ҚБ баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекті еңбек маусымына бөлінген үш ай мерзімде Құрманғазы ауданында — 170, Қызылқоғада – 150, Исатайда – 100, Индерде – 124, Мақатта – 50, Махамбетте — 140 адам, Жылыойда — 135 және Атырау қаласыда 131 жас «Жасыл ел» еңбек жасағынының құрамында жұмыс жасаған.
Айта кету керек, жұмыс барысын түсіндіру және түрлі қатерлердің алдын алу мақсатында барлық сарбаздарға қауіпсіздік ережелері бойынша тренинг өткізілді Жобаны жүзеге асыру кезінде танымал жастарды, жас депутаттарды қатыстыра отырып, 56 #TrushtagAtyrau акциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қала және әр ауданда 3 #UpgradeAtyrau акциясы, барлығы 20-дан астам іс-шара өтті.
Одан бөлек, жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерін, белсенді жастар, депутаттар және мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен қала мен ауылдық елді мекендерде тазалық жұмыстары жалғасын тапты. Осылайша, еңбек жасақтарына жұмылған жастар ел көлемінде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына да өзіндік үлестерін қосты.
«Жасыл ел» ЖЕЖ кезектің маусымының жабылуына орайластырылған салтанатты рәсімде жастардың атқарған жұмыстары жоғары бағаланып, белсенді сарбаздар түрлі марапаттарды иеленді.
Дәулетқали АРУЕВ