Жарнама
Жаңалықтар

Жас құтқарушылар сынға түсті

Қауіп пен қатер сәтінде жанын шүберекке түйіп, өзгелердің өмірі үшін аянбай тер төгетін құтқарушылар – нағыз батырлар. Ал осы мамандықтың мәрттігін бала жастан санасына сіңіріп, азаматтық жауапкершілікке баулитын шаралардың бірі – «Жас құтқарушылар» слеті. Атырауда мамырдың 13-14 күндері өткен облыстық слет – осындай ұлы мұратқа жол бастар игі бастамалардың бірегейі болды.

Балалардың бойына салауатты өмір салтын сіңіріп, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге машықтандыруды мақсат тұтқан бұл шара – нағыз өмір мектебі десе артық емес. Сонымен қатар ол өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен бірлікке тәрбиелеуге де үлкен серпін берді.

Сайыс 8 кезеңнен тұрды. Әр кезең балғын құтқарушылардың білімін, ептілігі мен шапшаңдығын сынға салды. Таныстыру, жарнамалық газет әзірлеу, жауынгерлік қанат жаю, өрт сөндіру эстафетасы, алғашқы медициналық көмек көрсету, су айдынындағы құтқару, өткелден өту және психологиялық дайындық жаттығулары – мұның бәрі болашақтың батыл буынын қалыптастыруға бағытталған.
Облыстық деңгейдегі додаға қалалық және аудандық кезеңдерде оза шапқан 7 команда, яғни 60 оқушы қатысты. Қатысушылар – 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер.

Әр топта 8 оқушыдан: алтауы ұл, екеуі қыз. Олар екі күн бойы №13 өрт сөндіру бөлімінде, «Ескерткіш Қызмет Қазақстан» ЖШС YKK базасында және Х.Досмұхамедов атындағы университет алаңында бақтарын сынады. Бұл алаңдар тек жаттығу емес, жас жүректердің табандылығы мен батылдығы сыналатын сахнаға айналды.
Слет қорытындысы бойынша «Жас құтқарушы Атырау» қоғамдық қорының командасы үздік деп танылып, І орынды иеленді. Қызылқоға ауданының «Ұлан» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы – ІІ орынға, ал Исатай ауданының командасы ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Енді жеңімпаз «Жас құтқарушы Атырау» командасы Атырау облысының намысын республикалық слетте қорғайтын болады. Бұл – үлкен сенім, зор жауапкершілік.
Бүгінгі жас өрен – ертеңгі ел қорғаны. Ал жүрегінде жалын, қолында қайрат, бойында білім бар жас құтқарушылар – болашақтың нық тірегі боларына сенім мол.

Толығырақ «Атырау» газетінен оқи аласыздар!

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button