ҮЗДІКТЕР ҰЛЫҒЫЛАНДЫ

Әділет органдары қызметкерлерінің күніне орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен шараға ҚР Әділет министрлігінің жергілікті құрылымдық мекемелерінің ұжымдары, сала ардагерлері мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Мерекелік салтанатта сөйлеген облыстық әділет департаментінің басшысы Сағымбай Тұрғарин республикамыздың мемлекеттілігін қалыптастыруда әділет органдарының рөлі зор екендігін, Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап ҚР Әділет министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелері мемлекеттік қызметті құқықтық тұрғыдан қамтуды жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырып келе жатқандығын атап өтіп, әріптестеріне жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

Бұнан соң әділет органдары атынан ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, өнегелі өмір жолдарымен үлгі болған бір топ ардагерге сый-сияпат  көрсетілді. Шара барысында  қызметте үздік деп танылғандар марапатталды. Әділет министрінің бұйрығымен азаматтардың хал-актілерін жазу (АХАЖ) бағытында жемісті қызмет атқарған зейнеткер Салиха Үмбетова «Еңбек ардагері» медалімен, Индер аудандық әділет басқармасының басшысы Лаура Бағытжанова «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, департаменттің құқықты түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Гаухар Қасымова үшінші дәрежелі «Заңгер» төсбелгісімен, ал, департамент басшысының орынбасары Қалдыбек Сапаров, әділет департаментінің персоналмен жұмыс және ішкі қауіпсіздік бөлімінің басшысы Балия Сүндетова, Атырау қалалық әділет басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Уайсовалар министрдің Мақтау грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ қызметкерге облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, департаменттің Алғыс хаттары табысталды.

Қазақстан заңгерлер Одағының бастамасына алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп, маңызды шаралардың тиісті деңгейде атқарылуына атсалысқан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Өмірбай Нағашыбай Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Құрмет грамотасымен, құқықтық білім беру жүйесінде қызмет атқарып, заң саласындағы мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға үлкен үлес қосқаны үшін  Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, профессор Нұрлы Әйтиева Қазақстан заңгерлер Одағының «Құрметті заңгер» төсбелгісімен марапатталады.

Б.ХАМИТҰЛЫ.

Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз