Зейнетақы жүйесіндегі жаңалық: ерекшелігі неде?
Мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева келді. Облыстық әкімдікте өткен кездесу барысында еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жай-күйі, тұрғындарды қамтуы, ақпарат беру және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды. Оған аймақ басшысының орынбасары Жасұлан Сүйінішәлиев қатысты.
Бұл жүйенің қолданысқа енгеніне биыл 20 жыл толып отыр. Жұмыспен қамтылған жандардың барлығы дерлік оның қатысушысы болып табылады. Алайда, аталған акционерлік қоғам басқарма төрайымының айтуынша, салымшылар түсімі межеден аз. Айталық, ел бойынша 10 миллионнан астам есепшот ашылғанмен, жыл сайын тұрақты түрде қаржы тек 6 миллионына ғана түсіп тұрады екен.
– Атырау облысында да осындай жағдай кездеседі. Мәселен, мұнда 367 мың жеке есепшот болса, онда 429 млрд. теңге қаражат бар. Бұл республика деңгейінің 6 пайызын құрайды. Бірақ, осы есепшоттардың 69 пайызына ғана жыл сайын қаражат аударылады. Демек, қалған 30 пайызында операциялар жүргізілмейді. Әрине, оның түрлі себептері бар. Оның салдарын салық органдары жақсы біледі. Мысалы, кейбіреулер есепшот ашқаннан кейін қызметінен босап қалуы мүмкін.
Әсіресе, жеке компанияларда жалақыны ашық түрде көрсетпеу, толық төлемеу деректері көптеп кездеседі. Бұл – ащы болса да шындық. Ал, оның барлығы жүйеге кері әсерін тигізіп отырған жайы бар. Бастысы, мұның зардабын салымшылар болашақта зейнеткерлікке шыққан кезде сезінеді, — деген Нұрбибі Серікқазықызы үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жөнінде толығырақ баяндады.
– Қазірде заң бойынша 1998 жылдың 1 қаңтарында алты ай еңбек өтілі бар жандар ғана зейнетақы жинағын алуға қатыса алады. Есептеп қарасақ, 1980 жылы өмірге келгендер немесе әскери борышын өтегендер, оқу оқығандар осы кезеңде жұмыс жасамайды. Демек, олардың өтілі де болмағандықтан, ынтымақты жүйеге қатыса алмайды. Оларға жалақының елу пайызы көлемінде кепілдендірілген зейнетақы ғана төленеді. Сонымен қатар, жинақталған қаражаты беріледі, — дейді Н.Наурызбаева.
Ендеше, жарнаны уақытында төлеу, қадағалау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі болып қала бермек. Мамандар әлі күнге дейін қазақстандықтардың басым бөлігінің базалық зейнетақыға дағдыланып қалғанын, жинақтаушы жүйеге немқұрайлы қарайтынын жасырмайды. Қордың басқарма төрайымының өңірлерді аралап, іссапарға шығуының негізгі мақсаты да сол – халыққа жаңалықты кеңінен насихаттау. Бұл ретте жергілікті атқарушы биліктің де рөлі зор. «Жарналарды уақытылы, әрі тұрақты аударуға ықпал жасау ортақ мүддеміз деп есептеймін. Бірлесіп жұмыс жасағаннан ұтарымыз мол болмақ» деді ол.
Кездесу барысында белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,9 трлн. теңгені құрап отыр. Бұл жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 4,6 пайызға өскен. Зейнетақы активтерінің еліміздің ішкі өніміндегі үлесі – 14,6 пайыз.
Жинақтарды инвестициялау арқылы түскен табыс көлемі – 33 пайыз немесе 2,3 трлн. теңге. Биыл үш айда 302 млрд. теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түсіп, ол өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 10,6 пайызға өсіп отыр. Ал, инвестициялық таза табыс 114,4 млрд. теңгеге жеткен.
Мамандардың түсіндіруінше, зейнетақы активтерінің 41 пайызы мемлекеттің құнды қағаздарына, 19 пайызы екінші деңгейлі банктердің қаржы құралдарына, 13 пайызы квазимемлекеттік мекемелердің бағалы қағаздарына, 10 пайызы шетелдік акцияларға инвестицияланған.
Статистикалық деректерге жүгінсек, Атырау облысында 595 мыңнан астам халық болса, оның 312 мыңға тарта тұрғыны экономикалық белсенді саналады. Яғни, түрлі ұжымдарда еңбек етіп, жарналарды аударып отырады.
Айбөпе Cабырова