Жұмысқа құлықсыз жастардың көбеюіне не себеп?

ropoporp Жаңалықтар

ҚОҒАМДА ЖҰМЫС ЖАСАУҒА ЫНТАСЫ ЖОҚ ЖАНДАР БАР. ОЛАР МАҢДАЙ ТЕРЛЕТІП, ЕҢБЕК ЕТКЕННЕН ГӨРІ, ТЕЛЕФОН ШҰҚЫЛАП, АТА-АНАСЫНЫҢ ЗЕЙНЕТАҚЫСЫМЕН ЖАН БАҚҚАНДЫ ЖӨН КӨРЕДІ. АЙТАТЫН СЫЛТАУЛАРЫ ДА ЖАТТАНДЫ – ЖҰМЫС ЖОҚ. КЕЙБІРЕУІ СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ІЗДЕП, АЙЛЫҒЫНЫҢ АЗДЫҒЫН АЛҒА ТАРТЫП, ҰСЫНҒАН ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТЫП ЖАТАДЫ. «ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ, ҚАРЫНЫ ТОҚТЫҚ, АЗДЫРАР АДАМ БАЛАСЫН» ДЕП ДАНА АБАЙ АЙТПАҚШЫ, ЖАТЫПІШЕР «ЖАЛҚАУЛАРДАН» ҚАУІП КӨП. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖОЛҒА ОҢАЙ ТҮСІП, ДІНИ ТЕРІС АҒЫМДАРДЫҢ ЖЕТЕГІНЕ ІЛЕСУІ ДЕ ӘБДЕН МҮМКІН. ЕЛДЕ ЖҰМЫС ЖОҚ ПА, ӘЛДЕ ЖҰМЫСҚА МОЙНЫ ЖАР БЕРМЕЙТІН ЕРІНШЕКТІК ПЕ? ОСЫ МАҚСАТТАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕЛІЛІГІ ҚАНДАЙ? ОСЫНДАЙ СҰРАҚТАРЫМЫЗДЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ СЕРІК ҚАДЫРОВҚА ЖОЛДАҒАН ЕДІК…

Contents
  1. – Серік Нұрбайұлы, жастарды жұмыспен қамту бүгінде күйіп тұрған өзекті мәселе. Бұл түйінді шешу үшін біздің өңірде қандай жұмыстар ұйымдастырылуда?
  2. – Статистика «жұмыссыз жастар үлесі осындай» деп бағамдағанымен, бүгінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген жастар көп. Осыдан келіп, ресми статистикадағы дерек пен нақты жағдайдың арасында алшақтық туындайды. Мұның себебі неде?
  3. – NEET. Мұндай жастар санатына кімдер кіреді?
  4. – Мұндай құлықсыз жастардың көбеюіне не себеп?
  5. – NEET тобындағы жастардың санын қалай азайтамыз?
  6. – Мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
  7. – Қaзіргі тaңдa мемлекет тaрaпынaн жacтaрғa ұcынылғaн көптеген мүмкіндіктер бaрын айтып отырсыз. Дегенмен, әлі күнге дейін құлықсыздықтан құтылуға асықпайтын секілдіміз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Дегенмен, олардың жеткілікті насихатталмауына не себеп?
  8. – Сізді не мазалайды?

– Серік Нұрбайұлы, жастарды жұмыспен қамту бүгінде күйіп тұрған өзекті мәселе. Бұл түйінді шешу үшін біздің өңірде қандай жұмыстар ұйымдастырылуда?

– Дұрыс айтасыз. Кез-келген адамның көңіл-күйі, оның ішкі ахуалы, отбасындағы жағдай, сайып келгенде еліміздің келешегі де жекелеген адамдар мен отбасылардың жағдайының жақсаруымен өлшенеді. Заман талабына сай табыс табуына, лайықты жұмыс жасауына, өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, құқықтарының шектелмеуіне жағдай жасау мемлекеттік органдардың басты міндеті десек болады. Біздің өңірдің мүмкіндіктерін ескерсек, жастарды жұмыспен қамту мәселесі республикамыздың өзге өңірлерінен көш ілгері. Ресми статистикаға сүйенсек 2,5% құрайды.

– Статистика «жұмыссыз жастар үлесі осындай» деп бағамдағанымен, бүгінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген жастар көп. Осыдан келіп, ресми статистикадағы дерек пен нақты жағдайдың арасында алшақтық туындайды. Мұның себебі неде?

– Статистикалық ақпарат ол жалпы көріністі береді, жұмыс жасауға, жоспарлар құруға, шамамен бағдар жасауға қолдану үшін жасалады. Бұл көрсеткіштерді есептеудің де өзіндік формуласы бар. Мысалы, белгілі бір мемлекеттік бағдарламаға қатысты жастардың қанағаттану деңгейін шығаратын болса, өңірдегі 133 мыңнан астам жастың барлығынан сұрап шығу мүмкін емес. Белгілі бір бөлігіне ғана талдау жасап, соны пайыздық көрсеткіштерге шағады. Жалпы, жеке көзқарасым, жастар саласына келгенде нақты көрсеткішке, дәл санына жету мүмкін емес деп санаймын. Өйткені елімізде жастар деп 14- 29 жас аралығындағы жандарды айтсақ, бұл жас шектеу күн сайын өзгеріп отырады. Бүгін 13 жастағы бала ертең 14-те, бүгін 29 жастағы адам ертең 30-да деген секілді. Сондықтан кейбір мәселелерге келгенде статистикалық ақпаратты жүз пайыз деп қабылдамау қажет.

– NEET. Мұндай жастар санатына кімдер кіреді?

– «NEET» ұғымы жастардың еңбектен, білімнен, әлеуметтік белсенділіктен, өзін-өзі дамытудан ерікті түрде немесе түрлі себептермен бас тартуын білдіреді. Жалпы, жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне жұмыссыздық тікелей әсер етеді. Көп жағдайда жылдам дамып келе жатқан қоғамнан қашып, оқшауланып қалады. Олар әлеуметтік ортада өздерін керексіз сезініп, жеке жол табуға ұмтылады. Суицид, девиация секілді проблемалардың бәрі осыдан туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады. Бұл біздің қоғамға қауіп деп есептеймін.

– Мұндай құлықсыз жастардың көбеюіне не себеп?

– Былтыр NEET санатындағы жастардың үлесі 5,4% құрады. Осы пайыздық көрсеткіштің ішіне кіретін жастардың барлығын құлықсыз деп айтуға болмайды. Өйткені, қазір нарық заманы, әлеуметтік желі мен цифрлық технология дәуірлеген уақыт. Бұл дегеніміз, ешқандай арнайы органдарда тіркелмей[1]ақ табыс тауып, жұмыс жасап жүрген жастарымыз да бар деген сөз. Сондықтан бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Менің ойымша, NEET санатындағы жастардың ба[1]сым көпшілігі ауылдық жерлер[1]де, үй шаруасында жүр. Үйдің үлкендеріне қарайлап, қалаға келе алмай немесе өндірістерде жұмыс жасау мүмкіндігі болмай отырған жандар.

– NEET тобындағы жастардың санын қалай азайтамыз?

– Осы мақсатта 2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» бірлесіп «NEET санатындағы жастар мен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік нұсқаулық: Анықтамасы; Есептеу әдістемесі; Жұмыс алгоритмдері» атты әдістемелік құрал әзірледі. Ол барлық деңгейдегі Жастар ресурстық орталықтарына таратылып, қазіргі уақытта жастармен жұмыс барысында қолданылуда. Әдістемелікке сай жастарды әлеуметтендірудің негізгі бағыты – кәсіптік бағыт[1]бағдар беру, қосымша білім беру тетіктерін күшейту және қайта дайындықтан өткізу. Бұл бағытта жастарды кәсіпке машықтандыру, оларға шағын гранттар беріп, кәсіппен айналысуына қолдау білдіруге арналған бірнеше жоба жүзеге асырылды. Оның нәтижесі де жаман емес. Айтып өткенімдей, NEET ұғымы біздің елімізде соңғы кездері ғана енгізіліп, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан түрлі тәжірибелер арқылы бір ортақ шешімін табатынымызға сенемін.

– Мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?

– Біздің басты бағытымыздың бірі – жастарды мемлекеттік бағдарламалар мен оның мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру.Бұл бағытта 2021 жылы қала, аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарына 1624 жас хабарласып (оның ішінде жұмысқа орналасу туралы – 738 жас, оның 247 – уақытша және тұрақты жұмысқа орналасты) кеңес алса, жоғары және арнаулы оқу орындарының 1700-ге жуық студентімен 34 кездесу өткізіліп, қажетті ақпараттар жеткізілді. Облыста жастарды әлеуметтік қолдау бағытында «Дипломмен – ауылға!» «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Еңбек», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламалары мен жобалары іске асырылуда.

– Қaзіргі тaңдa мемлекет тaрaпынaн жacтaрғa ұcынылғaн көптеген мүмкіндіктер бaрын айтып отырсыз. Дегенмен, әлі күнге дейін құлықсыздықтан құтылуға асықпайтын секілдіміз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Дегенмен, олардың жеткілікті насихатталмауына не себеп?

– Насихаттау жұмыстары қаншалықты жеткілікті екендігін жастар бағалай жатар. Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Өйткені уақыт өте келе кейбір мемлекеттік бағдарламалар да өзектілігін жояды. Мәселен «Жастар практикасы» жобасы бойынша төленетін еңбекақы өте төмен, бүгінгі уақыттың сұраныстарына сай емес. Сондықтан мемлекет басшысы Парламент Мәжілісі отырысында аталған бағдарламаны қайта қарап, еңбекақы мөлшерін ұлғайту жолдарын қарастыруды тапсырды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға берілетін жеңілдетілген несие мөлшері де қала басынан үй алуға жетіңкіремейді. Осындай шешуді қажет ететін мәселелер бар. Олар жергілікті деңгейде де, республика деңгейінде де көтеріліп жүр.

– Сізді не мазалайды?

– Мазалайтын сұрақтар өте көп. Бүгінгі тақырыпқа қатысты айтар болсам, еңбек адамының қоғамдағы ролін төмендетіп алдық. Әлеуметтік желілердегі әдемі өмір кеңінен насихатталады да, сол сән-салтанатқа, сол қаржылық жағдай қаншалықты еңбектің күшімен келетіндігі насихатталмайды. Соның салдарынан «тез байып кетсем, ақшаны оңай тапсам» деген түсінік қалыптасқан. Бізде мемлекет тарапынан гранттар, субсидиялар бөлінгенімен өндірістің дамымай жатқанының бір себебі де осы – «Еңбек адамының» ролі төмендегендігінен.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз