Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Зейнетақы қорындағы қаражатты алуға асыққан адам көп, бірақ…

Салымды сарқылмастай көріп, жанұшырып жүргендер қауесетке ереді.

Неге екені белгісіз, қазір бұқара ойламаған жерден оңай олжаға кенеліп, тегін жатқан дүниенің шетінен кертіп жеп отыруға құмар. Қордағы жинақ қаражатын мерзімінен бұрын алып, оған үй салып немесе емделуге қам жасап, қаржысын тиімді пайдаланғысы келген дүйім жұртта есеп жоқ.

Былтыр заң жобасы аясында қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, көпшілік қаузаған құжатты Парламент желтоқсан айында қабылдаған болатын. Әсіресе, әлеуметтік саланың жылдан-жылға мән-маңызы артып, басымдық беріле бастағанда, бөркін аспанға атып қуанғандар көп болды. Әйтсе де, күптігей кңіл, күмәнді ойда қалғандарды да кездестіруге болады.

 «Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ» демейтін бе еді? «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының кіреберісіндегі кішкене терезенің алдына ұйлығып тұрғандарды соңғы кезде көзіміз жиі шалатын болғаны рас. Жақын барып, бірнешеуін сөзге тартсақ, филиалға түрлі қызмет алуға келгендер екен. Əрине, арасында биылғы жылдың басты тақырыптарының біріне айналған мəселемен келгендер де жоқ емес.

Мысалы, Мақат ауданында тұратын Нұрлан Дүйсембаев ауысымдық тəсілмен жұмыс жасайды. Зейнетақы қорындағы жинағының қанша болғанын білгісі келеді. Сөзіне қарағанда, үйде отырып-ақ онлайн жұмыс жасаудың жай-жапсарын білмесе керек. Жасыратыны жоқ, əлі де болса заманның талабы мен үдесіне ілесе алмай жатқан кемшілігіміз бар. Амалсыздан осылайша кеңсе жағалап, табан тоздыруға мəжбүрлік туындайды.

Терезенің арғы жағында тұрған қызметкер 2020 жылғы 15 маусымнан бері қызмет алушылар алдын-ала көрсетілген телефон нөмірлері арқылы жазылып, филиалдың 9.00-18.00 сағат аралығында тікелей қызмет көрсету тəртібі бойынша жұмыс жасауға көшкенін түсіндіріп əлек. Келушілердің кейбірі қауіпсіздікті ысырып қойып, өпіремдеп жатыр. Тіпті, бетпердесі де жоқ, ол жөнінде ескертуге де құлақ аспай жатқандары бар. Қарап тұрсаңыз, мұның бəрі тиісті талапқа қайшы.

Амал не, жұртшылықтың пікір-ескертпесіне, шағымөтінішіне құлақ аспаса тағы болмайды. Себебі, филиалдағы жүйеде де кемшілік аз емес. Атап айтқанда, көрсетілген байланыс нөмірі жауап бермейді. Жүйедегі автоматты операторлардың жауабы қанағаттандырмайды. Кейбір салымшылардың қор базасындағы өзгертілген мəліметтері жаңартылмаған. Əйтеуір, тыңдаған адамға кейіс білдіргендер жеткілікті. Осының бəрін тыңдап алып, ішке енбек болдық.

Нақты түсінік алу үшін «БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Жансариеваға жолығудың сəті түсті. Оның айтуынша, қордағы қаражатты баспана мəселесін шешуге жұмсау үшін «Отбасы банк», «Halyk bank», «Altyn bank», «Банк ЦентрКредит» екінші деңгейлі банктері оператор болып бекітілген.

Сондай-ақ, азаматтар жинақты жақын туыстарымен бірлесіп пайдалана алады.

  • – 5-6 қаңтар күндері келушілер көп болды. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Соның барлығына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Салымшылар мына бір жайтты ескергені жөн, қордағы салымды тиісті талаптарға сай келсе, түгелдей емес, бірнеше мəрте бөліп алуына да мүмкіндік қарастырылған. Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін, ең алдымен, азаматтар өз жинағын тексеріп, «жеткіліктілік шегінен» асатын қажетті қаржының бар екеніне көз жеткізуі керек. Бізге келмей-ақ, сайт немесе ұялы телефондағы қосымша арқылы үзінді-көшірме алуға болады. Банкоператордан хабарлама алғаннан кейін қор филиалындағы жинақты банктегі арнайы шотқа аударады, — деп түсіндірді Қарлығаш Халелқызы.

Бұрын бюджеттік салада қызмет етіп, кейін кəсібін алмастырған Махамбет ауданының тұрғыны Ринат Қадыржанов мұның қомақты айлық алатындар үшін пайдалы екенін айтып шағынды.

  • – Он жылдың үстінде қызмет етсем де, жинағым жеткілікті шекке жетпейді. Сондықтан, жинақ қорындағы ақшаны алу жалақысы төмен жұмыс жасайтындарға тиімсіз болатын секілді. Егер айлық табыс жоғары болса, қазір керегіңе жаратқанмен, қайтадан жинап алуға мүмкіндік бар, — дейді ол.

Филиал төңірегінде қарақұрым халықтың қатары əлі күнге дейін сиреген жоқ. Жақын барсаңыз, 1998 жылдан бергі жинағы ешқашан сарқылмайтындай көріп, қордағы салымды қайда жұмсаудың жай-жапсары жөнінде өзара күбір-сыбырға қанығасыз. Бірақ қайыр аздан ба, көптен бе, кім білген?! Халықтың келер күннен үмітін үзбей, бүгінгісін бүтіндеп алуына іштей тілекші болып қайттым.

Алмас ҚАБДОЛОВ

СҰРАҚ-ЖАУАП:

  • – Менің Қорда үш шотым бар. Бірі – міндетті зейнетақы жарнасы, екіншісі – міндетті кəсіптік зейнетақы жарнасы, келесісі — ерікті зейнетақы жарнасын есепке алу бойынша шоттар. Қай шоттағы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын мақсатты пайдалануға болады?

– Сіз міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) жəне
міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен
қалыптастырылған жинақтардың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін пайдалана аласыз. Ерікті зейнетақы жарналары
(ЕЗЖ) есепке алынбайды.

  • – Жинақталған салым қаржысына жеңіл көлік сатып алуға бола ма?

– Қордағы жинақты көлік алу үшін пайдалануға рұқсат жоқ.

  • – Қайтыс болғаннан кейінгі жинақ мемлекетке өте ме?

– Қолданыстағы заңнамаға сəйкес, зейнетақы шоттарындағы
ақша салымшының меншігі болып табылады. Егер ол қайтыс
болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында
белгіленген тəртіппен мұраға қалдырылады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button