V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 4 күн қалды
Әлем жұрты көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тура 4 күн қалды. Астана қаласында этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары алғаш рет осыдан он жыл бұрын Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған болатын.
Мұндағы жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған. Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударып отыр. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің қатары да көбейді. Болжам бойынша, 8-13 қыркүйек аралығындағы жарыстарға 100-ден астам елден 3 мыңға жуық адам қатысады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөнінде кеңес өткізіп, Ұлттық құраманың, спорт кешендерінің, қонақ үйлер мен мәдениет орындарының дайындық барысы, сондай-ақ қоғамдық көлік, қауіпсіздік және тазалық мәселелері пысықтаған еді. Сонымен қатар, көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілетін әлемдегі ең ірі жарыс екенін атап өтіп, оны жоғары деңгейде ұйымдастыру, халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақжайлылығын көрсету, меймандар мен спортшыларға қажетті жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ, түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шараға бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырған болатын.
– Біз ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Көп ұзамай Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – еліміз үшін өте маңызды іс-шара. Оған әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар қатысады. Бұл сайыс арқылы біз, ең алдымен, төл өркениетіміздің тамыры терең тарихын жер-жаһанға паш етеміз. Сондай-ақ, дүбірлі дода түрлі елдердің достығын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Көшпенділер ойындары экологияны сақтау, Қазақстанды жасыл елге айналдыру және абаттандыру тақырыбын көтеруге жақсы мүмкіндік береді, — деді Президент.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы. «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты нысандар кіреді.
«Қазанат» ипподромы мен Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құс салудың ұлттық түрлерінен жарыстар, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өтеді. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі.
Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 21 жарыстық спорт түрінен жарыстар өтеді. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары. Ойындарда 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қонақтарды орналастыру үшін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына кіретін спорт нысандарына жақын орналасқан 23-ке жуық қонақ үй бар.
Атырау қаласында дүбірлі дода қарсаңында ақпараттандыру бағытында баннерлер орнатылып жатыр. Бұл елімізде ұйымдастырылып жатқан ауқымды іс-шараның маңыздылығын көрсетсе керек.
Сондай-ақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Атырау облысынан жолдама алған спортшылардың қатарында дәстүрлі садақ атудан Марат Бексұлтан, құсбегіліктен Арман Қошқаров, алыш (қырғыз) күресінен Нұржан Сәрсенғалиев бар.
Бүгінде еліміздің құрама командалары мен жекелей сында шеберлік көрсететін спортшыларымыз жер-жерде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықтарын пысықтап жатыр.
Алмас ҚАБДОЛОВ