Тамыры терең тарихи татулық
Астрахан облысының ресми делегациясы Атырауда болды
Орайы келген ортақ шаруа
Дүйсенбі күні Атырауға Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин бастаған делегация келді. Жоғары мәртебелі меймандарды шекарадан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен Құрманғазы ауданының әкімі Аманкелді Барақатов қазақы дәстүрге сай қонақжайлылықпен қарсы алды.
Сол күні түс қайта облыстық әкімдіктің келіссөз залында Астрахан облысынан келген ресми делегацияны облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады. Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин бастаған делегация құрамында Астрахан облысы үкіметі төрағасының орынбасары – өнеркәсіп, көлік және табиғи ресурстар министрі Радик Харисов, үкімет төрағасының орынбасары – ауыл ша-руашылығы және балық өнеркәсібі министрі Алексей Галкин, халықаралық және сыртқы экономикалық байланыс министрі Денис Афанасьев, облыстың денсаулық сақтау министрі Павел Джуваляков, муниципальдық білім беру әкім-шілігінің жетекшісі Олег Полумордвинов, сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Виктор Винокуров және басқа бизнес өкілдері болды.
Астрахандық қонақтарды ресми қабылдауға арналған кездесуді ашқан аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы көршілес облыстар арасындағы өзара байланыстың жыл өткен сайын нығайып келе жатқандығын ерекше атап өтті.
«Қазақстан үшін Ресей Федерациясы – стратегиялық серіктес. Осының негізінде екі ел арасында, соның ішінде жеке облыстар арасында қарым-қатынастар нығаюда. Экономика, білім беру, денсаулық сақтау салаларында, құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтері желісінде қарым-қатынас қар-қынды дамып келеді. Бұл қатынасты үнемі дамыту, нығайту қажет. Біз осы шаруамен айналысып жатырмыз», — деді ресейлік делегациямен кездесуде Атырау облысының әкімі.
— Атырауға соңғы рет осыдан он бес жыл бұрын келгенмін. Қазір керемет өзгеріп, әсем құрылыстар мен сәнді ғимараттар бой көтерген көрікті қалаға айналыпты. Біз – тарихымыз тамырлас облыстармыз. Каспийді жағалай қоныстанған көршілес қос аймақтың табиғи-климаттық жағдайлары да бір-біріне ұқсас келеді. Каспий теңізінің биоресурстарын сақтау, шекарадағы ауқымды өрттердің алдын алу, Каспий қайраңын игерудегі ынтымақтастықты дамыту — бірлескен жұмыстар бағытының бір бөлігі ғана. Осы жұмыстарды қазақстандық әріптестермен талқылайтын боламыз», — деп мәлім-деді А. Жилкин.
— Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс келеді, кетеді. Ал, халық өз тіршілігін жалғастырады. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы екі өңірдің экономикалық байланысын әрі қарай тереңдету арқылы бір-бірімізден үйренетін нәрселер де аз емес. Ежелгі қарым-қатынасымызды бекітуге де мүмкіндік баршылық, — деген астрахандық губернатор Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сеніміне ие болып, мұнайлы өлкені басқару тізгінін ұстаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, жұмысына табыстар тіледі. Александр Александрович өз әріптесінің алдағы қолайлы ресми делегациямен Астрахан облысына келуін өтінді.
– Бізде тозығы жеткен баспаналарға қатысты ұқсас проблемалар бар. Өз делегацияма осы жердегі тәжірибемен жете танысуға тапсырма беремін. Содан кейін, бізде сүрілгеннен кейін босаған аумақты қалай пайдалануға болатындығы туралы бағдарлама бар. Бөлісуге дайынбыз, — деп түйіндеді өз ойын губернатор.
– «Нұрлы жол» бағдарламасының маңызды тармақтарының бірі мемлекеттегі инфрақұрылымды дамытуға арнал-ған. Бұл – Астананы өңірлермен жалғайтын көлік жолдарын сәуле тәрізді дамыту. Осындай «сәулелердің» бірі Астана – Ақтөбе – Атырау – Астрахан жолы болып табылады. Бұл жоба 2016-2017 жылдары жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін жүзеге асырылмақшы.
Жақында мен балық саласының ардагерлерімен кездестім. Олар маған Астрахан облысының тәжірибесін үлгі етіп, мамандар даярлауды ұйымдастыру қажет екенін айтты. Сіздерде кадрлар даярлау жүйелі ұйымдастырылған, кеме жасау және кеме жөндеу зауыттары бар. Біз осы салада ынтымақтаса жұмыс істеуге әзірміз.
Сіздің шақыртуыңызды қабыл ала отырып, Атырау облысының өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған нысандарды аралап көруді ұсынамын, — деді Нұрлан Асқарұлы.
Білікті мамандар – өндіріс тірегі
«Жақсыны көрмек үшін» демекші, астрахандықтар алдымен әлемдік деңгейдегі маман даярлайтын Атырау қаласындағы APEC Petrotechnic заманауи колледжіне келді. Делегация мүшелеріне колледж директоры Ермек Күзенбаев білім ордасының бүгінгі тынысынан жан-жақты мағлұмат берді. Қонақтарды болашақ мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті маман кадрлар даярлау әдістемесі, оқу үрдісіндегі жаңашылдықтар, өндіріспен байланыс, оқу бітіргеннен кейінгі олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері де қызықтырмай қоймады.
Елбасының халықаралық талаптарға сай білім беретін колледждер желісін жасақтау тапсырмасына орай, коммерциялық емес «Кәсіпқор Холдингі» акционерлік қоғамы құрылып, аталған колледждің соны талаптарға сай білім ордасы ретінде есігін ашқанына да көп болған жоқ. Десек те, өз біліктілігін арттырып, колледжбен байланыста жұмыс жасайтын өңірдегі бірнеше ірі компанияларға қызметке орналасуды көздеген жастар қазір мұнда сапалы білім алуда. Дәріс түгелдей ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл да өз кезегінде колледж түлегіне деген сұранысты еселей түсетіні сөзсіз.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин бастаған делегациямен бірге осы орталықтың спорт залын, оқу-жаттығу шеберханаларын, оқу аудиторияларын аралап көрді. Өздерінің болашақ тағдырларын мұнай-газ секторымен байланыстыруды армандайтын жастар да, дәріс беруші ұстаздар да меймандарға ізеттілік көрсетіп, орталықтағы оқытудың, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуі жайынан хабардар етіп жатты.
— Мен сіздердегі жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау орталықтарыңыздың жұмысымен танысып, таң қалып тұрмын. Қазақстанның мұнай-газ секторында жұмыс жасайтын болашақ кәсіби мамандардың заманауи үлгіде оқытылуы, жоғары зертханалық жабдықтармен жабдықталуы, оқу процесінің ағылшын тілінде жүргізілуі маған үлкен ой салып тұр. Осындай жағдаймен сіздердің оқу орталығын жақсы бітірген жас маманның өндірісте жоғары сұранысқа ие болатындығы сөзсіз. Шынында да, біз үйренетін нәрселер бар екен, — деді бізбен тілдескен Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин мырза.
Сырттан да сұранысы көп зауыт
ТМД елдерінде баламасы жоқ құбыр жүргізуші жаңа зауыт Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы болып саналады. Кәсіпорын өнімдері түрлерінің бірі – ауыз сумен жабдықтау, газбен қамту, ағынды суға арналған жүйе үшін ысырма шығару. Негізгі өткізу рыногы – Қазақстан мен жақын шетелдегі тұрғын үй-коммуналдық сала. Зауыт ұжымы жоғары білікті қазақстандық мамандардан құралған.
Зауыттың кіреберіс дәлізін-дегі көрнекі стенд мұнайлы өңірде соңғы жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында жүзеге асқан жаңа жобалар туралы ақпараттарға арналған. Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дияс Жәнібеков ресейлік қонақтарға пайдалануға беріліп, ел игілігі үшін қызмет жасап жатқан он бір жоба туралы баяндады.
Атырау аймағында пайдалануға берілген және келешектің жоспарындағы жобалар еліміздің бәсекеге қабілетті болуына даңғыл жол ашып отыр.
Мұнайлы өңірде соңғы кезде Индустрияландыру картасы шеңберінде 5,8 мың жұмыс орнын құрумен және жалпы құны екі трлн. теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінен жалпы құны 76 млрд теңгелік экономиканың әртүрлі саласында 35 инвестициялық жоба іске қосылды. Олар облысымыздың 2,5 мыңнан астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Бұдан соң құбыр жүргізуші арматуралар шығару зауытының өндіріс жетекшілері тұтыну нарығында жоғары сұранысқа ие бола бастаған өнімдерінің шағын көрмесі арқылы келушілерге кәсіпорынның бүгінгі мүмкіндігі мен болашағы туралы толық мағлұмат берді.
— Біздің өнімдерімізге сұраныс, әсіресе, Ресейдің Волгоград облысынан, Санкт-Петербург, Мәскеу, Иркутск қалаларынан түсіп тұр. Тапсырыстары бойынша әртүрлі көлемдегі металлопластикалық құбырларды, кәріз, су желілеріне және өрт сөндіру жабдықтарына қажетті қызмет ету ұзақтығы 50 жылды құрайтын құбырлар дайындалуда. Астрахан облысымен де әріптестік қарым-қатынас орнатуға дайынбыз. Нарықты зерттеу нәтижесінде өнімдеріміздің өзге мемлекеттердікіне қарағанда бағасы 30 пайызға арзандығы байқалады, — деді зауыт өкілі.
-Мұнай және газ өнеркәсібіне, коммуналдық салаға, су, кәріз, газ құбыры желілеріне аса қажетті, берік, қызмет ету мерзімі ұзақ материалдарға қажеттіліктің қай кезде де туындайтыны түсінікті. Болашақта тығыз байланыс орнатуға болатын шығар деп ойлаймын, — деп ойын айтқан Астрахан облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыс министрі Денис Афанасьев өндіріс жетекшілерінен қажетті ақпараттарды тәптіштеп сұрастыра бастады.
— Астрахан мен Атыраудың жер қыртысында, топырақ құрамында, жалпы табиғи ортамызда да бір-біріне ұқсастық бар. Сондықтан, біз осы зауыттың менеджерлерімен байланыс орнатып, ынтымақтастығымызды жалғастыратын боламыз. Екі елдің көрші облыстарын жалғастырып тұрған автокөлік жолының да маңызы ерекше. Ежелгі «Ұлы Жібек жолы» ретінде тарихымыздан белгілі бұл жолды экономика салаларын дамытудың күре тамыры ретінде қарастыруымыз керек. Себебі, бұл – алпауыт мемлекет Қытайды, Орталық Азия елдерін Ресеймен, әрі қарай Еуропамен жалғастыртуға мүмкіндік ашатын үлкен дәліз. Қазақстан Президентінің бастамасымен қолға алынып жатқан бағдарламалармен таныспыз. Маңызы зор, өміршең бағдарлама. Астрахан — Атырау – Ақтөбе автомобиль жолының күрделі жөнделуімен біз екі жаққа ортақ міндеттерді тезірек шеше аламыз деген ойдамын, — деді губернатор А.Жилкин.
Астрахандық делегацияның соңғы табан тіреген нысаны — «Caspiy Lana Atyrau»ЖШС иелік ететін жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңделетін фабрика болды.
«Caspiy Lana Atyrau» ЖШС атқарушы директоры Назгүл Балапанқызы мен фабрика құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Әлімжан Балжігітов фабриканың жұмыс бағыты мен өндірген өнімдері туралы нақты түсінік берді.
Ішкі нарық қажеттілігін өтейтін өнімдердің сапасы өте жоғары. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи таза, жайлы және жеңіл. Фабрика мал жүнін кәдеге жаратып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартады. Астрахандықтар өнімдерді көзімен көріп, қолымен ұстап, ешқандай қоспасыз таза бұйым екендігіне тәнті болды.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Сурет: Ерлан Алтыбаев.