Суға түсу маусымы: қайғылы 9 жағдай тіркелді

2020 05 26 190819220219126a3557885i Жаңалықтар

Осы жылдың басынан облыстағы су айдындарында 11 адам, ал суға түсу маусымы басталғалы 9 адам қайтыс болған. Олардың үшеуі кәмелет жасқа толмаған. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы майор Бақыт Абланов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жыл басынан бері су айдындарында 11 адам қайтыс болып, 6 адам құтқарылды. Ал 18 жасқа толмаған жасөспірім әлі де іздестірілуде. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 адамға азайған. Алайда, ТЖД мамандары су айдындарында барлық қауіпсіздікті сақтап, балаларға аса мән беруді сұрайды.

— Күні кеше Атырау қаласы Талқайран елді мекенінде 58 жасар ер азамат суға батып кетті. Осындай қайғылы оқиғаның орын алуына адамдардың өз күштерін жете бағаламауы, суға шомылуға рұқсат етілмеген орындарда шомылуы себеп. Әрбір адам суға шомылатын су айдынының қауіпті орындары мен ерекшеліктерін білуі тиіс. Кеше тіркелген жағдай бойынша азамат суға түсуге рұқсат етілмеген жерде шомылған. Міне, осындай жағдайларды болдырмас үшін барынша өз өмірімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді Б.Абланов.

Бүгінде облыста 6 суға түсуге арналған орын бар. Олардың үшеуі Атырау қаласында. Ал суға шомылуға тиым салынған 70 қауіпті учаске бар. Аталған жерлерде 238 тыйым салу белгісі және 25 ақпараттық стенд орнатылған.

Еске сала кетейік, биылғы суға түсу маусымы 15 маусымда басталып, 31 тамыз күні аяқталады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз