Серік Шәпкенов атыраулықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аймақ тұрғындары мен қонақтарын ҚР Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
Ардақты жерлестер!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік нышандар біздің баршамыз үшін, өскелең ұрпақ үшін үлкен адамгершілік мәнге ие, ұлттық бітім-болмысымыз бен халықтың өр рухының символы іспетті.
Бұл қасиетті құндылықтар Тәуелсіздігімізді әлемге паш ете отырып, Ұлы даланы мекендеген халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін бейнелейді.
Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, егемендігіміздің еңселі болуы үшін бұл мерекенің маңызы ерекше және қазақстандықтардың жүрек түкпірінен ерекше орын алған даңқты датаға айналды.
Сүйікті Отанымыздың символикасы дүниенің төрт бұрышына түгел танымал, әркез кеудемізде мақтаныш сезімін ұялатып, патриотизмге тәрбиелейді.
Ел азаматтары еңбек, ғылыми және мәдени-спорттық жоғары нәтижелерге қол жеткізген кезде Көк байрағымыз биікте желбіреп, еліміздің Әнұраны асқақ қалықтайды.
Бүгінгі таңда атыраулықтар мемлекеттік рәміздерді лайықты құрметтеп, ұлы елдің тарихы мен жетістіктеріне қатысы бар екендіктерін мақтан тұтады.
Еліміз өркендеп, мемлекеттігіміздің мызғымас белгілерінің мәртебесі арта берсін!
Игі тілекпен, Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов