Сал ауруынан сауықтырады
Atr.kz/23 шілде, 2019 жыл. Облыстық балалар ауруханасында алғаш рет ботулинистикалық орталық ашылды. Мұнда сал ауруына шалдыққан балалар үшін қажетті ем түрлері көрсетіледі.
Бұған дейін мұндай диагнозы бар балаларды емдету үшін ата-аналары өзге өңірлерге немесе шетелге апаратын. Ендігі уақытта сырқат сәбилер өз аймағымызда емделеді. Облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Гүлнар Мейрамованың айтуынша, сал ауруына шалдыққан балаларға ботулиндік терапия көрсетілгеннен кейін жақсы нәтижелер байқалады.
«Бұл ем түрі дәрігер тағайындауымен 3-6 ай аралығында бір рет жүргізіледі. Мұндай қызметтің облыстық балалар ауруханасында көрсетілуі – сырқат балалар үшін де, атаана үшін де көп көмек» дейді Г.Мейрамова.
Төрт жасар Көркем өткен жылы ботулиндік терапияны алғаш рет басқа қаладан алған. Анасының айтуынша, бұдан кейін оның денсаулығы біраз жақсарған. Олар енді мұндай медициналық қызметтің облыс орталығында көрсетілетініне риза.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ