ҚЫЗБЕЛДЕН қос азамат жолға шықты

whatsapp image 2021 10 08 at 10.55.40 Жаңалықтар

Сәрсенбі күні Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Қызбел ауылдық округінің орталығы – Саға ауылынан «Atyray`» газетінің бастамасына сәйкес «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жаяу жорығы басталды.

Сол облыстың тұрғындары, бокс және кикбоксинг бапкері Сәттібек Ысмайылов пен жеке кәсіпкер Ерлан Хұсайынов «Бабалардың ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция жорығына аттанды. Мұнда Өтей батырдың ұрпақтары бас қосып, ақсақалдар қос азаматқа баталарын беріп, батыр баба рухына құран бағыштады.

Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Экспедицияға шыққан қос азамат ХVІІІ ғасырдағы шапқыншылық кезінде Кіші жүз еліне көмекке барған Өтей батыр басқарған Орта жүз батырларының жолымен жүріп өтеді. Аталмыш жорықтың қашықтығы Өтей батырдың кіндік қаны тамған жері – Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Саға ауылынан басталып, Ақтөбе облысы арқылы Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылының қасындағы Өтей батырдың қорымына дейін 1200 шақырымды құрайды. Осы аралықты жаяу жүріп өтуді мақсат еткен қос азамат жол бойындағы елді мекендерге соғып, тұрғындармен кездесу өткізуді де жоспарлап отыр.Бабалар рухын қастерлеп оралған азаматтардың бұл ісінің негізгі мақсаты

– Тобыл мен Жайықты жайлаған елдің арасындағы ұрпақтардың рухани байланысын нығайтып, ішкі туризмді дамыту. Қостанай облысындағы бір топ меценаттардың қолдауымен Өтей батыр қорымын туристік аймаққа айналдырып, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстары арасындағы рухани байланысты берік етіп, батыр баба есімін, ел аузында жүрген ерлігін таныта отырып, рухани байлығымызды кемелдендіре түсу. О л а р Қ о с т а н а й о б л ы с ы н ы ң Жанкелдин ауданын көктей өтіп, осы аптаның соңында Ақтөбе облысының шекарасына кіреді. Азық-түлік, киім-кешекпен жеткілікті жабдықталған. Аталмыш шараға «Милх – Новый день» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Блок С.И.) демеушілік көрсетіп, «Ұрпақ» қоғамдық қоры қолдау білдіріп отыр. Ал, ақпараттық жағынан үш облыстан «Қостанай таңы», «Ақтөбе» және «Атырау» қоғамдық-саяси газеттері, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің жергілікті тілшілері қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.Жорық бойына біз қос азаматпен байланыс орнатып, қызықты деректермен бөлісіп, ақпарат беріп отырамыз.

 Айтолқын АЙҚАДАМОВА,

«Қостанай таңы» газетінің тілшісі

арнайы «Atyray» үшін

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Бақыт

    Керемет бастама. Азаматтарға ақ жол тілейміз! Жорық сәтті өтсін.