МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ – ЛАЙЫҚТЫ КАДРЛАР

Енді мемлекеттік қызметке орналасу және сатылап өсу кешенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымдардан бастау арқылы мүмкін болмақ. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «Кәсіби мемлекет: жаңа кадрлық саясат» атты конференцияда бұл бағыттағы міндеттер төңірегінде келелі әңгіме өрбіді.

– Қызметте өсу үшін қандай да бір құзыреттілік, төменгі лауазымдардағы еңбек өтілі, сондай-ақ біліктілікті тұрақты арттыру қажет етіледі. Мемлекеттік қызметке алғаш келгендер үш кезеңдік іріктеуден өтуі тиіс: қажетті құзыреттіліктің болуы және заңнаманы меңгеру деңгейі тестіленеді. Сондай-ақ, үміткерлердің жеке қасиеттері бағаланады – дейді Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Шыңғыс  Әлекешев.

Баяндамашыдан білгеніміздей, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу енді олардың атқаратын жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижесіне сәйкес бекітіледі. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер өз жұмысының нәтижесі бойынша бонустар алады. Еңбек демалысына, зейнетақылық және әлеуметтік қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметшілерді жан-жақты қорғау шараларына, іссапар кезіндегі кепілдіктер мен өтемақыларға қатысты қолданыстағы нормалар сақталады.

«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның қабылдануы мен «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты прокуратура органдарында қызмет атқаруды реттейтін ведомстволық нұсқамалық құжаттар жаңартылуда. Бұл туралы Атырау облысы прокуратурасының соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының басшысы Бағытжан Қалиев баяндады. Оның айтуынша, бұл салаға алғаш келген азаматтар да енді тест сынағын Мемлекеттік қызмет істері министрлігі базасында тапсыратын болады. «Бұл – жаңа заңның басты өзгерісі. Себебі, бұған дейін күштік құрылымдар тестіні құқық қорғау органдарында тапсыратын еді» деді ол.

Заманауи мемлекет қалыптастыру жоспарының алғашқы бөлімі – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Ал, кәсіби мемлекет – шынайылық пен болашақ кепілі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – педагог кадрлар дайындайтын іргелі оқу орны десек, аталмыш білім шаңырағының азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әділбек Тұрдалиев «Студенттік аудиторияда болашақ мемлекеттік қызметшілердің этикалық принциптерін қалыптастыру» төңірегінде ой қозғады. Яғни, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру принципі мемлекеттік қызмет туралы заңнамалардың ашық болуын, мемлекеттік органдардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ашықтық болмайынша, қоғамдық пікірмен санаспайынша, мемлекеттік қызметшілердің шынайы бақылауда болуы мүмкін емес. «Бірде-бір мемлекеттік қызметкер бақылаудан, сыннан тысқары қалуға тиіс емес» деді ол. 

P.S.

Ойларын ортаға салған конференцияның өзге де қатысушылары  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіруге басымдық беріп, оны жан-жақты түсіндіріп өткендігіне айрықша назар аударды.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді  түсірген:  Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз