Қазақстанға визасыз келетін елдер қатары 100-ге дейін жеткізіледі
Биыл елімізге 500 мыңнан 1 млн-ға дейін шетелдік турист келеді деген болжам бар. Сонымен қатар Қазақстанға визасыз кіретін елдердің қатары артпақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлім етті.
«Биыл елімізге 500 мыңнан 1 миллионға дейін шетелден турист келеді деп болжап отырмыз. Бұған дейін пандемияға байланысты шекаралар жабылып, шектеулер қойылған еді. Бүгінгі таңда барлық шектеу алынып тасталды. Қазақстанға келу бойынша 74 елге визасыз режим қайтарылды. Бұл тізімді 100-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Кешеден бастап электронды виза беру қайта жанданды. Қазіргі уақытта Иран, Қытай, Үндістан азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесі пысықталу үстінде», — деді Ержан Еркінбаев елордада ашылған «Qazaqstan Live Fest – 2022» атты халықаралық көрме барысында.
Оның айтуынша, бүгінде ішкі туристердің саны 6,9 млн-ға жетіп, рекордтық көрсеткішке қол жетті.